banner

Жанкүйерлерге Еуропа чемпионатының ойындарына кіруге рұқсат берді

1395

Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде Қазақстан құрамасы В тобында көш бастап тұр.

Жанкүйерлерге Еуропа чемпионатының ойындарына кіруге рұқсат берді

Нидерланды үкіметі 26 қаңтардан бастап көрермендерге спорттық іс-шараларға, соның ішінде 2022 жылғы Еуропа чемпионатына қатысуға рұқсат берілетінін мәлімдеді.

Жанкүйерлер топтық кезеңнің соңғы турындағы матчтарды, сонымен қатар ширек финал, жартылай финал және финалдық ойындарды тамашалай алады.

"Бұл керемет жаңалық. Біз әрқашан үкімет шараларды жеңілдетіп, әртүрлі нұсқаларды қарастырады деп үміттендік. Ақырында, көрермендер үшін есік ашылды. Бұл ЕУРО-2022-ні жақыннан сезінуге мүмкіндігі бар жанкүйерлер үшін, сондай-ақ барлық командалар, қызметкерлер және осы оқиға үшін көп еңбек еткен адамдар үшін тамаша жаңалық. Футзал бұдан да көп нәрсеге лайық және мен келушілер саны шектеулі болса да, Еуропаның үздік командаларын көру үшін есігімізді айқара ашқанымызға өте қуаныштымын", – деді турнир директоры Гейс де Йонг.

Айта кетейік, футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңі аясында қазақстан В тобында екі кездесу өткізді. Құрлықтық турнирдің басында Словениямен (4:4) тең ойнап, содан кейін Финляндияны (6:2) жеңген болатын. Пауло Рикардо Кака шәкірттері топтық кезеңдегі үшінші ойынын 28 қаңтарда Италияға қарсы өткізеді. Өкінішке орай Қазақстан құрамасының екі ойыншысы бұл ойында алаңға шыға алмайды.

УЕФА тәртіптік-бақылау комитетінің шешімімен Қазақстан құрамасының ойыншысы Альберт Ақбалықов Словениямен өткен кездесуде қызыл қағаз алғаны үшін екі ойынға шеттетілді. Шабуылшы Финляндиямен өткен ойынға қатысқан жоқ. Енді Италиямен өтетін кездесуде алаңға шыға алмайды.

Шешуші ойында ұлттық құрамаға Шыңғыс Есенаманов та көмектесе алмайды. Ойыншының қайта тапсырған сынағы оң нәтиже көрсетті. Жарыс ережесіне сәйкес, ойыншы бір апта (31 қаңтарға дейін) карантинде болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу