Жоба парниктік газдар шығарындыларын азайтып ғана қоймай, жергілікті фермерлердің табысын арттыруға да бағытталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Наурызда компания БАҚ өкілдеріне Гуджарат штатындағы Бхукхал ауылында орналасқан биогаз қондырғысын таныстырып өтті. Мұнда сиыр тезегі шамамен бір ай бойы арнайы резервуарларда ашытылады, сосын алынған газ тазартылып, жақын маңдағы жанармай құю станциясына жеткізіледі. Өңдеу нәтижесінде алынған қалдық органикалық тыңайтқыш ретінде сатылмақ.
Қондырғының қуаты тәулігіне 100 тоннаға дейін тезек өңдеуге жетеді. Бұл шамамен 1,5 тонна биогаз өндіруге мүмкіндік беріп, күніне 850-ге жуық автокөлікті отынмен қамтамасыз етеді деп болжанған.
Компания жергілікті фермерлерден тезекті килограмына бір рупийден сатып алады. Сонда әрбір шаруашылық жылына орта есеппен 72 мың рупий (шамамен 775 доллар) табыс таппақ.
Биогаз сығылған табиғи газбен (CNG) жүретін автокөліктерге отын ретінде пайдаланылады. Мұндай көліктер бензинмен жүретіндерге қарағанда көмірқышқыл газын аз бөледі және Үндістан автонарығының шамамен 20 пайызын құрайды. Сонымен қатар, тезекті өңдеу табиғи жағдайда ыдырау кезінде бөлінетін метан шығарындыларын да азайтады.
Үндістанда ірі қара мал саны шамамен 300 млн басқа жетеді. Индуизмде сиыр қасиетті жануар саналғандықтан, елде мол шикізат көзі және қоры бар.