Жарнамасында – бренд, бірақ тұрғын үйді белгісіз компаниялар салып жатыр

4502

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, құрылыс нарығында жекелеген компаниялар монополия орнатқан.

Жарнамасында – бренд, бірақ тұрғын үйді белгісіз компаниялар салып жатыр Фото: Максим Морозов

Олар өз брендтерін объектілердің жарнамасында пайдаланады. Бірақ іс жүзінде құрылысты жүзеге асырмайды. Ал үлескерлер қаржыландыратын әрбір екінші пәтер көлеңкелі схемамен сатылады. Осыған байланысты үлестік құрылыс туралы заңнамаға жаңа түзетулер әзірлеу жоспарланып отыр.

"Агенттіктің 2021 жылғы тұрғын үй нарығына жүргізген талдауы көрсеткендей, Алматы, СҚО, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында тұрғын үйді өткізу нарығының шоғырлануы орташа. Алматы қаласында бірінші және екінші санатты тұрғын үй нарығын өткізуінің шоғырлануы жоғары, ал үшінші, төртінші санатты – орташа. Нұр-Сұлтан қаласында үлестік құрылыс нарығының шоғырлануы жоғары. Онда BI Group холдингінің бір ғана құрылыс салушысының үлесі 60 пайыздан асады", – дейді Серік Жұманғарин үкімет отырысында жасаған баяндамасында. 

Айтуына қарағанда, жыл сайын тұрғын үй құрылысы көлемінің ұлғаюы 10 пайыздан астам болып отыр. Алайда нарықты дамытудың орнына, нарық ойыншыларының саны артып, жетекші құрылыс салушылардың үстемдік етуі күшеюде. Осының нәтижесінде, кейінгі бес жылда бастапқы тұрғын үй бағаларының жылдық индексінің өсуі 1,3-тен 16,6 пайыз болды. Бастапқы тұрғын үй бағасының өсу серпіні 12 есе ұлғайды. Бұл – құрылыс нарығындағы монополияның нәтижесі.

"Агенттіктің талдау деректеріне сай, 2021 жылы жеке құрылыс ұйымдары салған 7,5 млн шаршы метр тұрғын үйдің 27%-ы өз қаражаты есебінен және 26%-ы заңнамада көзделген рұқсаттарды алғаннан кейін салынған. Тұрғын үйдің қалған 47%-ы брондау, резервтеу және т. б. шарттар бойынша салынған. Осылайша, үлескерлер қаржыландырған әрбір екінші пәтер "сұр" схема бойынша сатылады", – деп атап өтті Жұманғарин.

Компаниялар үлескерлердің қаражатын әкімдіктердің рұқсатынсыз жаппай тарта бастаған. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар тиісті бақылау жүргізе алмай отыр.

"Іс жүзінде белгілі компаниялар өз брендін жарнамаға пайдаланады, ал құрылысты жүзеге асырмайды. Тұрғын үйді салу мен сату процесін құрылыс салушының уәкілетті компаниялары емес, үшінші тұлғалар жүзеге асырады. Осыдан барып сатып алушы гарантиясыз қалады, ал олар монополияға қарсы және салықтық бақылаудан құтылады. Осындай жағдайлардан кейін үй сапасы мен нысандарды тапсыру мерзіміне қатысты жаппай шағым көбейеді", – деп жалғастырды Жұманғарин.

Оның үстіне келісімшартта негізсіз талаптар пайда болған. Оның ішінде құрылыс салушылармен, үлестес басқарушы компаниялармен, байланыс операторларымен, интернет-қызметтермен, кабельдік теледидармен шарттар жасасу, паркингтерді сатып алу бойынша талаптар бар.

"Осылайша, тек құрылыс саласында ғана монополия орнап қоймай, басқа нарықтардағы бәсекелестікті де шектеп жатыр", – деп есептейді агенттік төрағасы.

Сонымен қатар ірі компаниялар арнайы экономикалық аймақтардың аумағынан өндіріс ошағы үшін жер алып, тұрғын үйлер салып тастайтын болған.

Астана арнайы экономикалық аймақ аумағында өнімдер шығарумен 50 инвестициялық жоба, тұрғын үй және әкімшілік кешендер салу бойынша 135 жоба іске асырылады. Оның ішінде 65 тұрғын үй объектісі "BI Group" холдингіне, 9-ы "Базис-А",  7-уі "Nur Astana Kurylys",  6-уы "G-Park"-ке тиесілі. Жер учаскелерін конкурстан тыс алудан басқа, осы компаниялар мүліктік, жер салығын, кедендік баждарды төлеуден босатылған.  Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар инвестициялық жобалар түрінде жер учаскелерін тұрғын үйлер, сауда орталықтарын, фитнес залдар, жанармай құю станциясы салу үшін сатады", – деді Жұманғарин.

Бәсекелестік емес артықшылықтар алудың басқа тәсілі мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік жеке меншік әріптестік болды. "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңда үкімет айқындайтын тұлғалардан бір көзден сатып алуды жүзеге асыру мүмкіндігі көзделген. Осы тәсілмен Түркістан қаласында 566 млрд теңге сомасына конкурс өткізбей 149 объектіні салу қызметтерінің жеткізушілері айқындалған. Оның ішінде 140 млрд теңге сомасы немесе жұмыс көлемінің 25%-ы екі құрылыс салушы "BI Group" және Базис-А-ға бөлінген. Қалған жұмыс көлемі белгісіз өлшемшарттар бойынша 250-ден астам құрылыс ұйымдары арасында бөлінген.

"Жоғарыда айтылғандардың барлығы мемлекет басшысының құрылыс нарығын монополиясыздандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатындағы агенттіктің жұмысы болып табылады, оның қорытындысы бойынша құрылыс салушылар, бенефициарлар, компаниялардың меншік иелері, олардың басқа ұйымдармен үлестестігі, тұрғын үйді өткізу көлемі, бағалар, шығындар, материалдар мен қызметтерді жеткізушілер туралы ақпаратты жария орналастыруға баса назар аудара отырып, тұрғын үйді үлестік салу туралы заңнамаға өзгерістер енгізу бөлігінде тиісті заңнамалық өзгерістер енгізе отырып, кешенді шаралар пакеті әзірленетін болады", – деді Жұманғарин.

Бұдан басқа, үлестік құрылысқа қатысушылар арасындағы жауапкершіліктің аражігін ажырату, бір күндік компанияларды алып тастау және бас компаниялардың жауапкершілігінен кету, сондай-ақ үлескерлердің қаражатын тарту тәртібін және олардың мақсатты пайдаланылуын мемлекеттік бақылауды іске асыру, АЭА аумағындағы қызмет тізбесінен тұрғын және тұрғын емес объектілердің құрылысын алып тастау жоспарланып отыр.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу