Жас мамандар жалдамалы пәтер алу конкурсынан тыс қалып жатыр

4642

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сынды еліміздің ірі мегаполистерінде жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алу талабына өзгеріс енгізу қажет. Мәжіліс депутаты Ғани Ташқараев осындай бастама көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жас мамандар жалдамалы пәтер алу конкурсынан тыс қалып жатыр

Ғани Ташқараев Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында тұрғын үйге мұқтаж жас мамандар жалдамалы пәтер алу конкурсынан тыс қалып жатқанын, бұған жалақы мөлшеріне қойылатын талаптың тым жоғары екені себеп болып отырғанын  айтты. 

"Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы №318 бұйрығына сәйкес, өтініш берушінің ай сайынғы табысының кемінде 40 айлық есептік көрсеткішін растайтын соңғы 6 айдағы табысы туралы анықтама көрсету талап етіледі. Бағдарламаның басында тиісті қаражат көлемі 101 мың теңгені құраса, 2021 жылдан бастап 116 600 теңге болып отыр", – деді депутат. 

Ғани Ташқараев жалдамалы пәтерден үмітті жас мамандардың қаржылық мүмкіндігі шектеулі екенін алға тартып, жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алу талабындағы 40 айлық есептік көрсеткішті 25 айлық есептік көрсеткішке төмендетуді ұсынды. 

"Бұл мегаполистерде еңбегі өте қажет жас отбасылар мен жас мамандарға үлкен көмек болады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 20-29 жас аралығындағы азаматтардың саны 2 537 252 адамға жетті. Қалада  1 510 892 жас адам тұрады. Көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Бағдарлама жүзеге асырылып жатқан қалалар бойынша халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы ақшалай табысын салыстыратын болсақ, 2021 жылдың 1 тоқсанында Шымкент қаласында – 76 982, Алматы қаласында – 166 554, Нұр-Сұлтан қаласында 179 722 теңге болды. Жас мамандарға табысына қарай тосқауыл қоюды орынсыз деп санаймыз және жалға берілетін тұрғын үй конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін табыс көлемін азайтуды ұсынамыз", – деді Ғани Ташқараев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу