"Жас Өркен – 2020" бағдарламасының қорытындысы шықты

1972

Жас мамандар "Самұрық-Қазына" компанияларына жұмысқа орналасуда. 

"Жас Өркен – 2020" бағдарламасының қорытындысы шықты

"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ жыл сайын жас мамандарға арналған "Жас Өркен" тағылымдамадан өту бағдарламасын дәстүрлі түрде жүзеге асыруда

"Самұрық-Қазына" корпоративтік университеті директоры Ақмарал Қадырбаеваның айтуынша, "Жас Өркен" бағдарламасының танымалдығы жылдан-жылға артып отыр. Ал тағылымдамадан өткен жас мамандар бүгінгі күні еліміздің әр өңіріндегі "Самұрық-Қазына" компанияларының еңбек ұжымдарында табысты қызмет етіп жатыр.

"Жетпістен астам жас маман ірі компанияларға орналасты. Олар "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ, "Қазпошта" АҚ, "Эйр  Астана", "ҚТЖ" ҰК" АҚ және басқа да ұлттық компаниялардың қызметкерлері қатарын толықтырды. Мысалға түлектеріміз қазір аға қаржы бақылаушысы, қоршаған ортаны қорғау бөлімінің аға қызметкері, роботтандыру маманы тәрізді қызметтер атқаруда. Олардың сапында техникалық мамандар өте көп. Бағдарламаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. 2017 жылы конкурстық іріктеуге 600-ге жуық, ал 2019 жылы 4000-ға жуық түлек қатысты. "Жас Өркен" бағдарламасының өткен жылғы нәтижесі бойынша 16 студент Қордың портфельдік компанияларына жұмысқа орналасты", – деді Ақмарал Қадырбаева.

"Самұрық-Қазына" корпоративтік университеті директоры "Жас өркен" бағдарламасының негізгі мақсаты жоғары оқу орындарының дарынды түлектерін іріктеп алу және оларды дамыта отырып, болашақ топ менеджерлерді әзірлеу екеніне тоқталды.

"Бұл бағдарлама "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының басшыларының жаңа буынын қалыптастыруға арналған. Бағдарламаға қатысушы үміткерлер қабілеті мен әлеуетін бағалауды қамтитын 5 деңгейлі іріктеуден өтеді. Бағдарламаның басты артықшылығы әр тағылымдамадан өтушіге жеке тәлімгер жетекшілік етеді. Іріктеуден өткендер мамандығына және кәсіби бағытына байланысты 4 рет "Самұрық-Қазына" қорының портфельдік компанияларында 5 айдан ауысып тәжірибе жинақтайды. Талапкерлерді конкурстық комиссия іріктейді. Комиссия құрамына Қордың және портфельдік компаниялардың басқарушы директорлары кірді. Сондай-ақ, тәуелсіз сарапшылар да конкурсты бақылауға қатысты", – деп түсіндірді ол.

Биыл байқаудың соңғы турына дейін жеткен 50 үміткердің 30-ы конкурстық комиссияның шешімімен осы бағдарламадан өтуге мүмкіндік алды.

"Байқаудың басталғанын 1 қаңтар күні жарияладық. Құжаттарды қабылдау уақытын пандемияға байланысты 30 сәуірге дейін создық. Биыл да төрт мыңнан астам өтініш келіп түсіп, үміткерлер 5 деңгейлі іріктеуде бақ сынады. Конкурстың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 346 азамат екінші турға өтті. Ал төртінші турға оның 96-сы қатысуға мүмкіндік алды. Тамыз айының 12-13 күні конкурстық комиссияның қатысуымен панельдік онлайн-сұхбат түріндегі финалдық кезеңі өтті. Сұхбатқа келген 50 үміткердің 30-ы конкурстық комиссияның шешімімен "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының кәсіпорындарында жеделдетілген даму бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды", – деді корпоративтік университет директоры.

Ұлттық әл-ауқат қоры маманының айтуынша, тағылымдамадан өтушілерге жалақы төленіп, жол жүру және тұру шығындары өтеледі.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу