Жас теннисшілеріміз Тегерандағы турнирдің ¼ финалына шықты

627

Елімізде жастар мен жасөспірімдер арасында теннис спорты қарқынды дамуда.

Жас теннисшілеріміз Тегерандағы турнирдің ¼ финалына шықты

Үш қазақстандық теннисші Иран астанасы Тегеранда 18 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан ITF Juniors J100 TEHRAN турнирінің ширек финалына шықты. Беделді жарыста Әмір Омарханов (299 ITF Juniors), Заңғар Нұрланұлы (692 ITF Juniors) және Даниал Рахматуллаев (435 ITF Juniors) табысты өнер көрсетіп жатыр.

Екінші айналымда Әмір Омарханов швециялық Альфонсо Ридстремді 4:6, 7:5, 6:2 есебімен тізе бүктірсе, Заңғар Нұрланұлы үндістандық Хитеш Чуханды қапы қалдырды – 6:4, 3:6, 6:4. Ал, Даниал Рахматуллаев ирандық Амирали Гавамды жолдан тайдырды – 6:3, 6:0. Жұптық сында Омарханов болгариялық Иван Найденовпен бірге жартылай финалда тағы бір қазақстандық Жақас Қозыбақ – ресейлік Дмитрий Буртцевпен шеберлік байқасады. Жеңген жұп финалға шығады.

Жас теннисшілеріміз Иран астанасындағы турнирде бақ сынап жатса, ал ересектер арасында еліміздің ең мықты деген теннисшілері Уимблдон турниріне дайындықты бастап кетті. Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Елена Рыбакина Уимблдон турнирінде үшінші ракетка болып тіркелді. Дүниежүзілік рейтингіде де үшінші сатыда тұрған қазақстандық теннисші өткен жылғы чемпиондық атағын қорғайды.

Ал Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Александр Бублик Уимблдонда алғаш рет таңдаулылар қатарында бақ сынайды. Жуырда Галледегі ірі жарыста тамаша өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған ол жарысқа 24-ракетка болып қосылмақшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу