Жасанды интеллект өмірдің ақиқатына айналды – Мемлекет басшысы

821

Елордада Digital Bridge 2023 – халықаралық IT-форумы басталды. 

Жасанды интеллект өмірдің ақиқатына айналды – Мемлекет басшысы Фото: akorda.kz

Кейінгі бес жылда бұл форум IT индустриясының соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаңға айналды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 форумының пленарлық отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Биыл Digital Bridge форумына 20 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар. Әдеттегідей Форумға қызығушылық жоғары. Бұл Қазақстанның Еуразия кеңістігінде жетекші әрі маңызды цифрлық және қаржылық технология хабы екенін тағы да нақтылай түседі", - деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі шараның тақырыбы өте өзекті екенін баса айтты. Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды, деп жалғастырды ол.

"Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне парапар. Аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады", - деді Тоқаев.

Президент қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет екенін жеткізді.

"Жасанды интеллектіні қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау керек. Бұл – халықаралық озық тәжірибе. Мұндай қадам елімізді технологиялық тұрғыда дамытудың орнықты бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын экономикамыздың мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секілді маңызды салаларына енгізуге мән беруіміз қажет деп санаймын", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Оның сөзінше, жасанды интеллект қалаларды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы әрі толыққанды ақылды қалаға (smart city) айналдыру процесін айтарлықтай дәрежеде оңтайландыра алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың маңызын, Қазақстан елеулі нәтижеге қол жеткізгенін айтты. Соның жарқын мысалы ретінде "Отбасының цифрлық картасы" іске қосылғанын атап өтті.

"Мұндай өнімді "Бәйтерек" холдингі базасында бизнес үшін де енгізу керек. Менің тапсырмам бойынша бұл бағытта ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары басталып кетті", - деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу