Жасанды интеллекттен бас тартсаңыз, мемлекет алдында ақталуға тура келеді

1227

Бұл ретте Қазақстанның өзі бизнеске мұндай технологияларын толыққанды ұсына алмай отыр.

Жасанды интеллекттен бас тартсаңыз, мемлекет алдында ақталуға тура келеді Фото: ЖИ

2027 жылдан бастап кәсіпкерлер жасанды зердені не мақсатта пайдаланғаны туралы ғана емес, сонымен қатар одан не себепті бас тартқаны жайында да мемлекетке есеп беруге міндетті болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бірақ ұлттық ЖИ-платформаның есептеу ресурстарына еркін қолжетімділік жоқ: ол тек мақұлданған өтінімдер бойынша және ұйымдардың аз шоғыр санаттарына ғана берілетін болады, деп жазды inbusiness.kz.

1-ЖИ формасы бизнестен "түсініктеме" талап етеді

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда "Кәсіпорындарда жасанды интеллектті пайдалану туралы есеп" атты жаңа тұрпатты, жыл сайынғы статистикалық "1-ЖИ нысаны" пайда болады. Оны Ұлттық статистика бюросының басшысы 2026 жылғы 24 тамыздағы №25 бұйрығымен бекітті.

Бұл құжат Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2020 жылғы 5 ақпандағы "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және байланыс статистикасы бойынша жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың статистикалық нысандары мен оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" №19 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

Компаниялар алғашқы есепті 2027 жыл үшін – 2028 жылдың 25 ақпанына (қоса алғанда) дейін тапсыруға тиіс. Құжаттың өзі қомақты: 118 бет пен 12 қосымшадан тұрады.

Бұл нысан штаты 100 адамнан асатын заңды тұлғалар, филиалдар, өкілдіктер және басқа да оқшауланған бөлімшелер үшін міндетті болып табылады. Есептілік Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ОКЭД) бойынша 01–03, 05–09, 10–33, 35, 36–39, 49–52, 84.11, 84.12, 84.13, 84.21, 84.30 кодтары бар ұйымдардан жаппай әдіспен жиналатын болады.

Бұл тізімге ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, энергетика, сумен жабдықтау, қалдықтармен жұмыс істеу, көлік, қоймалау, мемлекеттік басқару органдары және басқалар кіреді.

Нысандағы қойылатын басты сұрақ: "Сіздің кәсіпорныңыз өз қызметінде ЖИ жүйелерін қолдана ма?". Бұған "Жоқ" деген қысқа жауап компанияны кейінгі сұрақтардан босатпайды.

Өйткені кәсіпорын не себепті жасанды зердеден теріс айналғанын мемлекетке түсіндіруге тиіс: "Сіздің кәсіпорныңызда ЖИ жүйелері пайдаланылмайтын негізгі себептерді көрсетіңіз". Жауап ретінде келесі дайын нұсқалардың бірін таңдауға болады:

ЖИ пайдалану нұсқалары туралы ақпараттың болмауы;

Сапалы деректердің болмауы;

Нарықта ЖИ-дің дайын жүйелерінің болмауы;

Әкімшілік кедергілер;

Есептеу қуаттарының болмауы;

ЖИ-дің қауіпсіздігі туралы түсініктің болмауы;

ЖИ-ді қолдау және дамыту үшін қаржыландандырудың болмауы;

ЖИ саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі.

Мұның ешқайсысы сай келмесе, басқа, өз себептеріңізді жазуыңыз керек. Дайын 2 жауаптан көбін таңдауға болмайды. Сонымен қатар, компания алдағы 2, 5 және 10 жылға арналған жоспарларын көрсетуі немесе ЖИ-ді мүлдем енгізбейтінін ашық мәлімдеуі шарт.

Ал, ЖИ қолданатын кәсіпорындардан талап етілетін есептілік әлдеқайда үлкен. Олар қолданатын технологиялары мен ЖИ моделдерін көрсетуі қажет:

Машиналық оқыту (Machine Learning);

Терең оқыту (Deep Learning);

Табиғи тілді өңдеу (NLP);

Компьютерлік көру (Computer Vision);

Агенттік жүйелер және роботтар (AI Agents & Robotics);

Шешім қабылдауды қолдау жүйелері (Decision Support Systems) немесе басқалары.

Сондай-ақ компания ЖИ-ді дамытудың төл стратегиясын бекіткені, жауапты қызметкерлерді жалдағаны, инфрақұрылым мен деректермен жұмыс істеу жағдайлары, бұлтты технологияларды пайдалануы, мамандарының біліктілігі мен оларды оқытуы туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынуға тиіс.

Бұған қоса, ЖИ жүйелерінің киберқауіпсіздігі мен этикалық қағидаттарды сақтау жеке бөлімдерге шығарылған.

Қаржылық блок та бар. Кәсіпорындар ЖИ-дің өзіндегі өнімділікке, шығындарға, операциялардың орындалу мерзіміне, кірістерге және басқарушылық шешімдердің қалай әсер еткенін бағалап, статорганға есеп беруге тиіс керек.

Нысан жыл сайын Ұлттық статистика бюросының Респондент кабинеті арқылы 25 ақпанды қоса алғанға дейін тапсырылуы шарт.

Осы статистикалық есептілікті тапсыру мерзімін бұзғаны немесе дұрыс емес деректерді ұсынғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 497-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Жеке тұлғаларға – 10 АЕК, лауазымды тұлғаларға, коммерциялық емес ұйымдарға және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 14 АЕК, орта бизнеске – 20 АЕК, ірі бизнес субъектілеріне – 120 АЕК (жарты миллион теңгеден астам) айыппұл салынады.

Мемлекеттік ЖИ қуаттарына әркім қол жеткізе алмайды

Осылайша, шенеуніктер бизнестен жасанды суперзердені енгізу туралы тұрақты түрде есеп беруге міндеттеп отыр. Алайда нақты ЖИ әзірлемелерін жасау үшін отандық суперкомпьютерлердің қуаттарын әрбір кәсіпорынның пайдалануына бергісі келмейді.

Ұлттық ЖИ платформасы операторының есептеу ресурстарына қолжетімділік беру қағидалары вице-премьер–Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 27 тамыздағы №517/НҚ жаңа бұйрығымен бекітілді. Қағидалар 2026 жылғы 15 қыркүйекте күшіне енді.

Құжат тек өтініш берушілердің шектеулі санаттарына ғана қолжетімділікті көздейді, бұған – мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік ұйымдар, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары, сондай-ақ "Астана Хаб" қатысушылары жатады.

Отандық есептеу ресурстары ЖИ моделдерін әзірлеуге, оқытуға, тестілеуге және тәжірибелік пайдалануға, үлкен деректерді өңдеуге, әлеуметтік-экономикалық процестерді болжауға және отандық ЖИ шешімдерін жасауға арналған.

Алайда бұл қуаттар әлгі санаттардың өзіне автоматты түрде берілмейді. Оған кіретін компания өтінім беруге, құрылтай құжаттары мен техникалық құжаттамасын ұсынуға, жобасының сипаттасын қоса тіркеуге, талап етілетін GPU санын, жедел жад пен сақтау орнының көлемін көрсетуге тиіс.

Ары қарай оператор өтінімді және ресурстарды ұсынудың техникалық мүмкіндігін тексереді. Талаптарға сәйкес келмеген жағдайда бас тарту туралы ұйғарым 5 жұмыс күні ішінде жіберіледі. Шешім қабылдауға 15 жұмыс күні беріледі. Оң шешім қабылданғаннан кейін қолжетімділік тағы 10 жұмыс күні ішінде беріледі. Салдарынан бюрократиялық әуре-сарсаң бір айға созылуы мүмкін.

Сонымен қатар, бұл қолжетімділік тегін болмайды. Қаржыландыру өтініш берушінің мәртебесіне байланысты. Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар ресурстарды бюджет есебінен алады. Ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары үшін қолдау шаралары да қарастырылған, сондай-ақ жеке қаражатын салады. Өзгелер өзі сатып алады.

Мұның бәрі кәсіпкерлерді отандық суперкомпьютерлерден және дата-орталықтардан түңілтуі мүмкін. Отандық бизнеске өз модельдерін жасау үшін есептеу қуаттарын алу қаншалықты қиын болса, оның дайын шешімдерге тәуелділігі соншалықты арта түседі.

Жаңа қағидалар, әрине, қазақстандық компанияларға ұлттық инфрақұрылымды пайдалануға тікелей тыйым салмайды. Бірақ ынталы компания белгіленген талаптарға толық сай екенін дәлелдеп, ұзақ қарау рәсімінен өтуге тиіс.

Салдарынан, ит тұмсығы батпас қалың бюрократия, жоғары талаптар мен қаптаған шектеулер кәсіпорындарды дайын шетелдік сервисті сатып алуға итермелейді.

Бұл үшін дайын нарық қазірдің өзінде бар. Қазақстандық бизнес өз моделін әзірлеудің орнына GPT-6 Astra (OpenAI), Gemini 3.1 Pro (Google), Claude Opus 4.6 (Anthropic) және Qwen (Alibaba Group) сияқты жаһандық, ең жаңа, әрі серпінді моделдерді пайдалана алады.

Елімізде жаңа қағида бойынша ЖИ-сервистері арқылы ресурстарды тұтыну токендермен – деректерді өңдеу көлемінің бірліктерімен есептеледі. Оператор қуаттардың пайдаланылуын үнемі бақылап отырады және бөлінген ресурстар, олардың көлемдері мен өтініш берушілер туралы мәліметтерді құзыретті органдарға беріп тұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу