Жасанды жаңбыр: Маңғыстауды "қуаңшылықтан құтқаратын" жобаның жұмысы басталды

2627

"Central Asian Center of Climate Change Technologies" компаниясы баспасөз мәслихатын өткізіп, Маңғыстау облысының Қарақия, Маңғыстау аудандарындағы төрт елдімекенінде (Құрық, Жетібай, Шетпе және Саян ауылдарында) жасанды жаңбыр жаудыратын құрылғы орнатқанын мәлімдеді.  

Жасанды жаңбыр: Маңғыстауды "қуаңшылықтан құтқаратын" жобаның жұмысы басталды

"Эко Маңғыстау" ұйымының экологтары бұл жобаның арқасында қуаңшылықтан мыңдаған мал қырылған аймақта жағдай оңалуы мүмкін екенін хабарлаған болатын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Біздің мақсат – облыстың жауын-шашын мөлшерін бұрынғысынан 30 пайыздан артық деңгейге көтеру. Демек, облыста бұрындары жылына 150-160 милиметр жауын жауса, біз оны, келісімшарт бойынша, 210 милиметрге көтереміз деп отырмыз. Бұл – минимал жоспарымыз. Әйтпесе, 2016 жылы облыста 300 милиметрге дейін жауын жауған екен, біз сол шамаға жеткізуге әрекет етіп көрмекпіз. Үш құрылғыны 29 қыркүйекте, бір құрылғыны 3 қазанда орнаттық. Әсері санаулы күндерде біліне бастауға тиіс. Келесі жылы шөп жақсы шығуы үшін жерде ылғал қоры жеткілікті болуы керек, осы мақсатта жұмыс істейміз", – деді компания өкілі Алтай Айнабек.

Жобаны жүзеге асырушы компания Біріккен Араб Әмірліктерінің Орталық Азия елдеріндегі филиалы болып есептеледі. Құрылғы Clear Sky Manager деп аталады.

"Ол атмосфераға теріс иондар жіберу арқылы ылғал жинайды, нәтиесінде жауын жауады. Бұл Арабия, Австралия, Жаңа Зеландия, Иран, Ресей сынды көптеген мемлекетте сынақтан өткен", - деді Алтай Айнабек.

Айта кету керек, жоба "Грант Қазақстан" қоры, Маңғыстау облысы әкімдігі және аталмыш компания арасында үшжақты келісім аясында жүзеге асырылып жатыр.

"Жобаның бір жылдық құны бес миллион еуро. Оның 1,2 миллион еуросын "Грант Қазақстан" қоры демеушілік ретінде берді. Түсіндіріп айтсақ, ол қорға жеке азаматтар қаражат жинаған болатын. Ал біз өз компаниямыз тарапынан Қазақстандағы бірінші жоба болғандықтан 3,8 миллион еуро инвестиция салдық. Бізге сынақтан өтуге 13 ай мерзім берілді. Сынақтан сәтті өтсе, жұмысымызды жалғастырамыз", - деді компания өкілі.

Қазір әкімшілік тарапынан арнайы комиссия құрылып, жобаны бақылап отырғаны хабарланды. Оның құрамында төтенше жағдайлар департаменті, "Қазгидромет" компаниясы және экология департаментінің өкілдері бары айтылды.

Біз бұл жобаның экологияға қандай (оң немесе теріс) әсері болатынын бақылаушы экологтардан білуге тырысқанбыз, алайда әкімдік өкілдері нақты нәтиже көріне бастағанда ғана ресми пікір білдіретінін айтты.

"Белігіл мөлшерге жеткенде "жасанды жолмен жаңбыр жауа бастады" деп мәлімдеме жасаймыз. Әзірге нақты ештеңе айтпаймыз", - деді жоба жетекшісі Алтай Айнабектің өзі де.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу