Жастайынан "жұмыс істесе" де, 20 жаста 6 млн теңге жинай алмайды

704

Зейнетақы қорындағы жеткілікті шектердің күрт көтерілуі қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Жастайынан "жұмыс істесе" де, 20 жаста 6 млн теңге жинай алмайды Фото: canva

Бірі бұл шешімді азаматтардың болашақ зейнетақысын қорғауға бағытталған қадам деп бағаласа, енді бірі бұл өзгерісті орынсыз деп есептейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жақында елімізде 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегі жарияланды. Жыл басында болған алғашқы өсім 10 пайыздық жыл сайынғы индексацияға сүйенсе, қазіргі өзгеріс есептеу әдістемесінің өзгеруімен байланысты жасалып отыр. Егер осыған дейін артылған зейнетақы ақшасының бір бөлігін пайдалану үшін 20 жастағы қазақстандықтың шотында кемі 3 720 000 теңге болуы керек болса, енді бұл көрсеткіш 6,67 млн теңгеге жеткен. Зейнетақы қоры ең төменгі жеткілікті шек мөлшері салымшының жасына қарай 79% және одан жоғары өскенін алға тартты. 30 жастағыларда 9,75 млн теңге (5,12 млн теңге бұрын) , ал 40 жастағылар үшін 13,37 млн теңгені (бұрын 6,72 млн теңге) құрайды.

Экономист Сапарбай Жобаев БЖЗҚ жеткілікті шектерінің қазіргі мөлшерге дейін өсуін дұрыс деп отыр.

"Өте дұрыс шешім. Зейнетақы қоры бұл сақтандыру қоры. Оның ақшасын тек қана сақтандыру оқиғасы болған кезде ғана алу керек, яғни, зейнетке шыққан кезде ғана алынуы керек еді. Үкімет 2021 жылы дұрыс емес шешім қабылдаған. Кезінде экономистер мен қаржыгерлер "зейнетақы қорына тимеу керек, бұл біздің еліміздің инвестициялық әлеуеті" деп айтқан болатын", – деді ол.

Спикерден жаңа жеткілікті шектер халықтың қай тобына көбірек әсер ететінін сұрадық.

"Енді жастар оны ойланбаса да болады. Мәселен, 20 жасар балаға 6 млн теңге болып белгіленіпті. Ол енді бір олигархтың баласы болмаса, ешкім бұл сомаға жеткізе алмайды. Ал енді 35-40 жасқа барған кезде биліктегілердің ақшасы көбейе бастайды ғой, бай адамдардың одан да байып кетуіне сәл шектеу қойды. Зейнетке жақын адамдар үшін, әрине, аздап қиыншылық болады. Сондықтан бұл шешім байлардың одан сайын байып кетуін шектеді, ал енді жастарға, қарапайым адамдарға мұның ешқандай әсері жоқ", – деп түсіндірді сарапшы.

Қоғамда "жеткілікті шектер тым өсіп кетті, баламды қазірден бастап жұмысқа берейін" деген әзіл шыны аралас пікірлер айтылып жүр. Әлеуметтік желіде осы мазмұнда түсірілген бейнежазбаларды да кездестіруге болады.

"Бұл жай айтылған сөздер. Егер шақалағынан жұмысқа берсең де, бәрібір 20 жасқа дейін 6 млн теңге жинай алмайсың", – деді сала маманы Сапарбай Жобаев.

БЖЗҚ түсіндіруінше,  егер салымшы 20 жаста болса, оның зейнетке шығуына әлі 40 жылға жуық уақыт бар. Осы кезеңде оның жинақтары инвестицияланып, инвестициялық кіріс әкелуі және болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуі тиіс.

Күні кеше Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы жинақтарының басты мақсаты халықты зейнетке шыққаннан кейін тұрақты табыспен қамтамасыз ету екенін атап өтті.

"Адам еңбек қызметін аяқтаған кезде оның басқа табыс көзі болмауы мүмкін. Сол себепті зейнетақы жүйесі азаматтарды зейнет кезеңінде қаржы тұрғысынан қамтамасыз ету мақсатында құрылған", – деді ол Мәжіліс кулуарында.

Айтуынша, зейнетақы жүйесін депозит ретінде қарастырмаған жөн. Ұлттық банк басшысы 2021 жылы халыққа зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік берілгенін де тілге тиек етті. Бұл шешім пандемиядан кейін азаматтардың әл-ауқатын көтеру үшін қабылданғаны айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу