Жастар әлеуметтік желінің "ұлттық модераторы" рөлін атқаруы мүмкін

1383

Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған баланың құқығын қорғау туралы заңға қатысты депутат Ерлан Саиров әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Жастар әлеуметтік желінің "ұлттық модераторы" рөлін атқаруы мүмкін

Заң жобасында кибербуллинге қарсы тұру мәселесі де қарастырылғанына назар аударған депутат кибербуллинг балаларға ғана емес, ересектерге де қатысты екенін атап өтті. 

"Қаншама өкінішті, жазатайым жағдай көз алдымызда болып жатыр", – деді Ерлан Саиров.

Оның дерегінше, өткен жылы балалар мен жасөспірімдер арасында 143 суицид және 193 өз-өзіне қол жұмсауға талпыну фактісі тіркелген. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 105 суицид жасалып, 105 суицидке талпыну әрекетінің алды алынған.

"Кибербуллингпен күресу әлеуметтік желіні реттеумен тікелей байланысты.
Елімізде 2021 жылы желіде кибербуллингке қатысты 140 мың заң бұзу
фактісі тіркелген. Ақпарат министрлігі желі платформаларына 1 700 хат жазған. Соның 20-30%-ы ғана қанағаттандырылған, яғни алып тасталған", – деді депутат. 

Ерлан Саиров осы саланы реттеудің халықаралық тәжірибесін мысал ретінде алға тартты. 

"2017 жылы Германияның Бундестагы "Әлеуметтік желі жөнінде" заң қабылдады. Бұл заң бойынша 2 млн қолданушысы бар әлеуметтік желі платформалары Германияда азаматтық істер мен айыппұлмен айналысатын өкілді тағайындауы керек. Әлеуметтік желі платформасы түскен арыз-шағымдарды 24 сағаттың ішінде қарап, контентті тексеріп, адамды балағаттау, жек көру экстремистік бағыттағы жазба болса шағым түскеннен кейін бір жетінің ішінде алып тастауы керек. Заңды бұзғаны үшін 50 млн еуро айыппұл қарастырылған. Францияның Ұлттық жиналысы да осындай заң қабылдаған. Бұл заң бойынша онлайн-платформа Франция территориясында заңды өкілін тағайындауға тиіс. Онлайн-платформа арыз-шағым жасаудың электронды түрін енгізуі керек. Заңды орындамағаны үшін 112 500 еуро айыппұл қарастырылған", – деді депутат.

Ол өз жазбасында Оңтүстік Корея, Сингапур, Ресей, Түркия, Еуроодақ елдері осы мәселеге қатысы заңдарын күшейтіп жатқанын жариялады. 

Жаңа Зелландияда, АҚШ-тың 44 штатында кибербуллинге қылмыстық қатаң жауапкершілік қарастырылған. Бүгінде әлеуметтік платформаларды реттеудің халықаралық тәжірибесі осындай", – деді Ерлан Саиров.

Депутат елімізде кибербуллинг мәселесі "күйіп" тұрғанын еске салды. 

"Ауғанстанға байланысты діни экстремизм мәселесінің өзекті екенін ескерсек, осы проблемамен айналысатын мемлекеттік өкілетті органның болғаны дұрыс. Мемлекет бүгінде экономика, әлеуметтік қорғау, қаржы салаларын күнделікті реттеп отырады. Оған біздің көзіміз үйреніп кеткен. Сондықтан назар аудармаймыз. Ал әлеуметтік платформалармен қарым-қатынас мәселесіне келетін болсақ, бұл жөнінде әлі талқылау болатыны сөзсіз. Менің ойымша, әлеуметтік платформалардың біздің еліміздегі өкілеттілігі виртуалды түрде де болуы ықтимал. Яғни сол платформалардың штаб-пәтерінде қазақ, орыс тілін еркін меңгерген біздің жастар әлеуметтік желінің "ұлттық модераторы" рөлін атқарып, мемлекеттік өкілетті органмен әлеуметтік платформа арасында дәнекер болса да артық-кемі болмауы ықтимал", – деді Ерлан Саиров.

Оның айтуынша, еркіндік пен басбұзарлықты, тәуелсіздік зорлық-зомбылықты шатастыруға болмайды. 

"Демократия дегеніміз – норма, процедура, этика және мораль! Адамның ар-ұжданын сыйлайтын, заңның ала жібін аттамайтын, мәдениеті жоғары, парасаты биік азаматтарға бұл өзгерістерден қорқатын, үркетін ештеңе жоқ. Керісінше, бұл өзгерістер сондай азаматтарды басбұзар, экстремисттерден қорғайтын норма және процедура", – деді Ерлан Саиров.

Қанат Махамбет


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу