"Жастар жер жыртып, дән еккісі, егін орып, бидай бастырғысы келмейді"

3997

Ауыл шаруашылығы саласы кадр тапшылығын сезініп отыр.

"Жастар жер жыртып, дән еккісі, егін орып, бидай бастырғысы келмейді"

Кезінде қазақтан шыққан тұңғыш тракторшы қыз, бір емес, бірнеше орденнің иегері, Қазақстанның еңбек ері – Кәмшат Дөненбаевамен мақтанған ел бүгінде механизатор таппай қиналып отыр.

Көктемгі егіс науқаны мен күзгі жиын-терім кезінде ауыл шаруашылығы саласында "ұлы сүргін" басталады. Жерге дән сеуіп, қамбаға астық құяр кезде сауын айтылып, жан-жақтан механизатор шақырыла бастайды. Алайда сонау жылдардағы мәртебелі мамандық иелері табылмай, діңкені құртады. Себебі бүгінгі буын механизатор болуға ұмтылмайды, тіпті мұндай ой олардың миына кіріп те шықпайды.

Мәжіліс депутаты Владислав Косаревтің сөзінше, қазіргі механизаторлардың басым бөлігі зейнет жасындағы адамдар.

"Агро-өндірістік техникумдардағы мемлекеттік гранттар бос қалып жатыр. Өйткені жастар жер жыртып, дән еккісі, егін орып, бидай бастырғысы келмейді", – дейді депутат.

Оның сөзінше, әрбір оқу орны механизаторларды жүздеп шығарған жылдарда да кадр тапшылығы болған. Осыған қарамастан механизатор мәртебелі мамандық саналған.

"Кеңес кезіндегі сегізінші бесжылдықта Қазақстанда 182 кәсіби-техникалық білім беретін училище болды. Осы оқу орындары мыңдаған механизатор-тракторист, тракторист-машинист, комбайнер, комбайнер-механик және көлік жүргізушілерін даярлады. 1970 жылдары совхоздар мен колхоздардың егіс алқаптарында 288 мыңнан астам механизатор еңбек етті. Дегенмен Қостанай, Целиноград, Көкшетау, Павлодар облыстарында механизаторлардың тапшылығы сезілді. Мамандардың жетіспеушілігі бауырлас елдерден келген механизаторлардың есебінен жабылды. Мысалы 1968 жылы Қазақстанға сырттан 16 мың комбайнер келді", – деді халық қалаулысы.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасы бойынша оқушыларға механизатор мамандығын тегін меңгеру мүмкіндігі ұсынылып жатса да, кадр тапшылығы шешілмей тұр.

"Механизаторлардың жетіспеушілігін қысқарту үшін Қазақстанда 1970 жылдары өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдардың арасынан механизатор даярлау ісі қолға алынды. Нәтижесінде біздің елден бұрын басқа салада еңбек еткен жұмысшылардың арасынан 11 мың комбайнер шықты.

Бұдан бөлек жоғары оқу орындары мен кәсіби-техникалық училищелерден 10 мың студент механизатор дипломын алып шықты. Қазіргі уақытқа оралатын болсақ, кадр тапшылығының бірнеше себебі бар. Біріншіден, бүгінгі таңда кеңшар мен ұжымшар жоқ. Сондықтан механизаторларға деген сұраныс бұрынғыдай емес. Оның үстіне техника өте қуатты. Мысалы бұрынғы 6 механизатордың жұмысын қазір жалғыз механизатор атқара алады.

Екіншіден, механизатор маусымдық жұмыс. Көктемгі, күзгі науқаннан кейін оларға ешкім жалақы төлемейді. Жыл он екі ай жалақы төлемейтін мамандыққа кім барғысы келеді? Мұның сыртында механизаторлардың еңбекақысын бірнеше ай сарылып жүріп алатыны тағы бар. Үшіншіден, қазір механизаторлар дұрыс даярланбайды, олардың кәсіби білімдері заман талабына сай емес. Қолданысқа шетелдік заманауи техника еніп жатқанда де болашақ механизаторларға 1986-1987 жылдары шыққан ДТ-75, Т-40 тракторлары мен "Енисей" комбайндарын оқыту кімге қажет?" – деді депутат.

Оның сөзінше, жастарды механизаторлыққа бет бұрмай отыр деп жазғыруға болмайды. Бұл жерде кінәні жұмысын дұрыс атқара алмай отырған салалық министрліктен іздеу керек.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу