"Ордабасы" клубының 19 жастағы жартылай қорғаушысы Жасұлан Әмір Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша ең үздік жас футболшы атанды. Сонымен қатар ол "Жыл серпілісі" номинациясын да жеңіп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Спортшы алған қос марапатының суретін әлеуметтік желідегі парақшасына салып, қуанышын көпшілікпен бөлісті.
Сонымен қатар жеке марапаттардың басым бөлігі биыл ел чемпионы атанған "Ордабасы" клубының өкілдеріне бұйырды. Команданың бас бапкері Андрей Мартин маусымның үздік жаттықтырушысы деп танылды. Ал норвегиялық шабуылшы Бьорн Йонсен үздік футболшы әрі үздік шабуылшы атанды. Ол жазда командаға қосылып, 17 кездесуде 14 гол соғып, чемпионаттың сұрмергендер тізімінде көш бастады.
"Ордабасы" қақпашысы Бекхан Шайзада үздік қақпашы атанса, "Қайрат" ойыншысы Александр Мартынович үздік қорғаушы, "Астана" жартылай қорғаушысы Иван Башич үздік жартылай қорғаушы номинациясын иеленді.
Биыл маусым қорытындысы бойынша шымкенттік "Ордабасы" 68 ұпаймен чемпион атанды. 65 ұпай жинаған алматылық "Қайрат" екінші орын алса, елордалық "Астана" 54 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.