Жаз маусымында жеміс-жидек арзандады – Ұлттық банк

1269

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары азық-түлік бағасына қатысты тек осындай ғана "қуанышты" жаңалықпен бөлісті.

Жаз маусымында жеміс-жидек арзандады – Ұлттық банк

Шілдеде Қазақстанда айлық инфляцияның өсу қарқыны баяулағанымен, әлі де болса жоғары деңгейде. Бұл туралы үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтты, деп жазады inbusiness.kz.

БАҒАНЫ БАЯУЛАТУ МҮМКІН БОЛМАДЫ

Баға өсуінің баяулауы жеміс-көкөніс өнімдерінің маусымдық арзандауының әсерінен болды. Ал экономикадағы сұраныс, геосаяси шиеленіс пен нарықтардағы теңгерімсіздіктер әсерінен, Баймағамбетовтің айтуынша, тұтыну бағаларын баяулату мүмкін болмады. Шілдедегі есеп бойынша, жылдық инфляция 14,5%-дан 15%-ға дейін өсті. 

"Бұл ретте инфляцияға азық-түлік бағасының өсуі ең көп үлес қосуда. Мысалы, азық-түлік инфляциясы 19,2%-дан 19,7%-ға дейін, азық-түлікке жатпайтын инфляция 13,2-дан 14,2%-ға дейін жеделдеді", – деп мойындады ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Ұлттық Банк 25 шілдеде базалық мөлшерлемені 14%-дан 14,5%-ға дейін көтерді. Олар бұл әрекет алдағы жылы инфляцияға біртіндеп әсер ететін болады деп сенеді. 

ҰН ӨНДІРІСІ ҚЫСҚАРДЫ

Жалпы елде әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты проблемалар үсті-үстіне қосылып жатыр. Алдымен қант тапшылығы, содан кейін пияз бағасының күрт өсуі болса, енді ұн өндірісі қысқарған.

Ресми статистика деректері бойынша, шілде айында шығарылған өнім көлемі 182,7 мың тоннаны құрады. Бұл кем дегенде 2013 жылдың басынан бергі ең нашар айлық көрсеткіш. Яғни Ресей бидай экспортына тыйым салғаннан бері.

Бағалар да өсуде. 2-9 тамыз аралығында ұн бағасы республика бойынша орта есеппен 1%-ға өсті. Нұр-Сұлтанда (аптасына+5,9%), Ақтөбеде (+4,3%) және Атырауда (+3,4%) әсіресе қымбаттай түскені байқалып отыр.

ДОЛЛАРДЫҢ ЖАҺАНДЫҚ НЫҒАЮЫ ТЕҢГЕГЕ ҚЫСЫМ КӨРСЕТЕДІ

Шілдеде теңгенің долларға қатысты бағамы 1 долларға шаққанда 477,07 теңгеге дейін 1,5%-ға әлсіреді.

"Теңгенің айырбастау бағамына, сондай-ақ дамушы нарықтардың валюталарына жасалған қысым АҚШ Федералды резервтік жүйесінің ақша-кредит саясатының белсенді түрде күшеюіне және доллар бағамының жаһандық нығаюына ықпал етті. Әлемдік экономиканың перспективасына қатысты алаңдаушылық жағдайында мұнай бағасын белгілеу барреліне 100 доллардан төмен түсті", – деді ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Сонымен бірге ішкі факторларды атап өту керек. Демалыс кезеңі мен дивидендтер төлеу үшін жаз айларында шетел валютасына маусымдық сұраныс өсті. 

"Әлемнің жетекші орталық банктерінің мөлшерлемелерді белсенді түрде арттыруына және әлемдік экономиканың перспективаларына қатысты қауіптер дамушы елдер (ЕМ) валюталарының, оның ішінде теңгенің құбылмалылық факторлары болып табылады", – деді Баймағамбетов.

Жасын Қалибек
 

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться