Жазғы дөңгелекпен жүргендер жазаланады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
11259

1 желтоқсаннан бастап жазғы дөңгелекпен жүруге тыйым салынды.

Жазғы дөңгелекпен жүргендер жазаланады

ҚР ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті жазғы дөңгелегін ауыстырмаған автокөлік иелеріне айыппұл тағайындалатынын еске салды. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590 бабы 5 бөліміне сәйкес, бұл норманы орындамаған жүргізушілер 5 АЕК (1 айлық есептік көрсеткіш = 2269 теңге) айыппұл арқалмақ.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қыс айларында (желтоқсан, қаңтар, ақпан) "М+S", "M&S", "M S" белгілері көрсетілген және үш шыңы бар тау түріндегі (ішінде қар ұшқыны бар) белгі бейнеленген қысқы шинамен жабдықталмаған көлік құралдарының жүруіне тыйым салынған.

Жоғарыда айтылған талап сақталмаған жағдайда шина жарамсыз болып табылады. Жарамды шина бұдырының тереңдігі кем дегенде 4 милиметр болуға тиіс.

Қысқы шиналар, сондай-ақ арнайы бұдырлар барлық типтегі көлік құралдарының дөңгелегіне салынады. Қысқы шиналарға қойылатын талап Кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі" туралы техникалық регламентінде көрсетілген әрі Кеден одағына мүше елдердің барлығында біркелкі қолданылады.

Бұл ретте Кедендік одаққа мүше елдердің жергілікті мемлекеттік басқару органдарының дөңгелектерді пайдалануға тыйым салу мерзімін ұзартуға мүмкіндігі бар.

Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелердің (ҚР Жол қозғалысының ережелеріне қосымша) 14 бөліміне сәйкес, техникалық регламенттерге, тиісті стандарттарға сай келмеген жағдайда көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беруге тыйым салынады.

2015 жылы Кедендік одаққа мүше елдер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дәл осындай шешім қабылдаған болатын. Айта кету керек, бұл жерде міндетті түрде бұдырлы шиналар туралы емес, жалпы қысқы шиналар туралы айтылып отыр.

Сол сияқты бұдыры бар шинамен жазғы уақытта жүруге тыйым салынған. Атап өтерлігі, сырғанауға қарсы бұдырлары бар шиналарды қолданған жағдайда, оны көлік құралының барлық дөңгелегіне орнату керек.

Былтырғы қыста қазақстандықтар "Ш" (Шипы) белгісін жаппай сатып ала бастаған еді. Себебі әлеуметтік желіде мұндай белгі тақпағандарға айыппұл салынатыны туралы ақпарат тараған болатын. ҚР ЖҚЕ Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелердің 9 тармағына сәйкес, егер көлік бұдыры бар шинамен жабдықталса, міндетті түрде "Ш" белгісі орнатылуы керек.  

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться