Жазықсыз сотталудан қауіптенген экс-полицей Ақорданың алдына келді (Видео)

1977

Бұрынғы полиция қызметкері өзіне тағылған айыппен келіспейді.  

Жазықсыз сотталудан қауіптенген экс-полицей Ақорданың алдына келді (Видео)

Елордада жазықсыз сотталудан қауіптенген бұрынғы полиция қызметкері, подполковник Мұрат Накешев Ақорданың алдына келіп, тергеудің әділ жүргізілуін талап етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

2019 жылғы тамызда ол Нұр-Сұлтан қаласы ПД полиция полкі командирінің техникалық бөлімі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған. Ол патрульдік полиция көліктерін жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге жауап берген, яғни полицейлерге бензин алу үшін арнайы талон беріп отырған.

Кейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2019 жылғы қарашадан 2020 жылғы наурыз аралығында туысы Дархан Кумпейсовтің көмегімен жанар-жағармай талондарын ұрлады деп айып тағылған.

"Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында 2,5 ай, ал үйқамақта 8 ай отырдым. Алдымен Қылмыстық кодекстің 366-бабы ("Пара беру") бойынша іс қозғалды. Кейін оны аталған кодекстің 189-бабына ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") ауыстырылды. Мен жанармай құю станцияларына талондарды төмен бағамен сатып, 1 млн 472 теңге ұрлаппын-мыс", - деді Мұрат Накешев.

Оның айтуынша, ол айына 200 мың теңге ұрлап, оның жартысын департаменттегі басшыларға пара ретінде берді деген күдікке ілінген.

Экс-полицей өзінің үстіне шағымды қалалық полиция басқармасында бұрын жұмыс істеген әйел жазғанын айтады.

"Әсия Кенжебаева Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне барып, менің үстімнен "жанар-жағармай талондарын ұрлап жатыр" деп арыз жазған. Ол патрульдік полиция бөлімінде бұрын еңбек еткен", - деді подполковник.

Осыдан соң Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті тергеу жүргізген. Іс бір жыл тергелген.

Материал сотқа жеткенде прокурорлар жиі ауыса бастаған.

"Осы іс бойынша 7 прокурор ауысты. Тіпті, алғаш рет сотқа қатысып отырған прокурор судьядан мені 6 жылға бас бостандығымнан айыруды сұрады. Ол мені бірінші рет көріп тұр, шыдай алмай прокурорға "Неге мені өмірбақи бас бостандығымнан айыруды сұрамайсыз?" деп айттым" - деді Мұрат Накешев.

 

Ол сот процесінде айыптаушы тарап нақты дәлелдер келтіре алмағанын, пара кімге берілгенін анықталмағанын атап өтті.

"2021 жылғы 23 тамызда соттың шешімімен ақталып шықтым. Іс бір жыл тергеліп, 5 томнан тұрды, 1 томда 180 бет болды. Алматы ауданының №2 аудандық сотының судьясы істің материалын қарап шығып, барлық куәгерді тыңдап, ақтау үкімін шығарды...

Сондай-ақ істе Дархан Кумпейсовті туысым екені айтылған. Ол туысым емес, жай танысым", - деді подполковник.

Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің елорда бойынша басқармасы аудандық соттың шешімімен келіспеген. Осыған байланысты Мұрат Накешев жазықсыз сотталудан қауіптенетінін айтып қалды. Сондықтан Ақорданың алдына келіпті.

"Апеляциялық сотта іс объективті қаралса екен. Маған тек әділдік керек. Кінәм болса, жазаны өтеуге дайынмын. Бірақ жазығым болмаса, мені тергеудің не қажеті бар? 4 балам бар, оның үшеуі кәмелет жасына толмаған, кенже балам 2,5 жаста. Мен сотталсам, оларды кім асырайды?", - деп түйіндеді сөзін экс-полицей.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу