Жеке үйді "Сарыарқа" құбырына қосудың 5 қадамы

16002

Нұр-Сұлтанға газ келгелі бір ай, бірақ бірде-бір үй құбырға қосылған жоқ. 

Жеке үйді "Сарыарқа" құбырына қосудың 5 қадамы

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, 2019 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстанда "Сарыарқа" магистралді газ құбыры ресми түрде іске қосылды. Ары қарай жергілікті әкімдіктер әр көше мен үйге "көгілдір отын" құбырын кіргізуге кірісуі керек болатын. Бірақ қалың жауған қармен бірге қарша бораған сын астында қалған астана әкімдігі бүгінде негізінен қаланы аршып, аста-төк қарды аулақ әкетуге бас қатыруда.

Ал темір жол жақтан алып құбырмен газ келіп тұр. "Сарыарқа" жобасы туралы қаншама жыр қылған елорда әкімдігі болса тым-тырыс. Алаңдаған халық осы отынды алу үшін кімге бару керегін білмейді.

"Әкім Нұр-Сұлтандағы тұрғын үй алаптарын, жеке үйлерді табиғи газға қосып берем деп еді. Сөйтіп, ауа тазарады деген. Енді онысы қайда? Нұр-Сұлтандағы жеке үй иелері өз баспанасын магистралді газ құбырына қосу үшін не істеуі керек? Айтатын адам бар ма?", – дейді қала тұрғыны Дмитрий Красножон.

Үйіне құбырмен газ кіруі үшін тұрғындар қандай нақты іс-әрекеттер жасауы қажеттігін энергетика министрі Нұрлан Ноғаев түсіндіріп берді.

Оның сөзіне сенсек, бұл оңай шаруа емес екен.

"Расында, 27 желтоқсан күні "Сарыарқа" магистралді газ құбырының "Қызылорда–Нұр-Сұлтан" бағыты бойынша құрылысы аяқталып, қолданысқа енгізілді. Енді магистралді құбырға елдімекендер мен қалаларды қосу үшін жергілікті атқарушы органдар газ таратушы желі салады. Соның аясында әр көшеге, әр үйге дейін құбырлар жеткізіледі. Міне, осыдан кейін әр үйдің ішіне газ енгізу басталады", – деді энергетика министрі.

Сонымен, оның түсіндіруінше, баспанасын газдандыру үшін жеке үй қожайыны мынадай іс-қимыл алгоритмін жүзеге асыруы қажет.

1.Техникалық шарт құжатын алуға тиіс. Айта кету керек, "Газ және газбен жабдықтау туралы" Заңына сәйкес, магистралдық газ құбырына, сондай-ақ газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғыға қосуға арналған техникалық шартты сол нысанды пайдаланушы, газ таратушы ұйым береді. Бұл ретте биыл "ЕлордаГазСервис" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылуда.

2. Техникалық шарт негізінде тұрғын үйді газдандыру жобасы әзірленеді.

3. Келісілген жобаға сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі.

4. Аяқталған газдандыру нысанын қабылдау, тіркету рәсімдері жүзеге асырылады.

5. Газ таратушы желіні пайдаланатын кәсіпорын маманы келіп, сырттағы құбырға ойып кіру (врезка) және үйге "көгілдір отын" жіберу жұмыстарын жүргізеді.

Нұрлан Ноғаев жобалау да, құрылыс-монтаждау жұмыстары да қазіргі уақытта бәсекелестік ортаға берілгенін еске салды. Демек, қызметтерінің бағаларын әрқайсысы өзі анықтайды.

Ал елорда әкімінің орынбасары Ермек Қизатов бас қала тұрғындарына құбырға қосылу үшін ақы төлеу қажет еместігін айтады.

"Біз құбырды үйдің ішіне кіргізіп, оған есептеуіш қойып, пломбасын орнатып береміз. Қалғанын, яғни өз үй ішінде бөлмелерге құбырлар тартумен үй иесі өзі айналысуға тиіс", – деді әкім орынбасары. 

Осының алдында энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жөребеков бас қаланың газ қабылдауға қалай дайындалып жатқанын айтқан болатын. Оның мәліметінше, газ таратушы желілер құрылысы Нұр-Сұлтанда үш кезеңмен жүреді және тек 2025 жылы аяқталады.

Қала әкімдігі әзірге 9 іске қосу кешенінен тұратын І кезеңнің жобалау-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Алғашқы 6 кешенді қамтитын 2019 жылғы құрылысы республикалық бюджетке 2,2 млрд теңгеге түсті. Мұрат Жөребеков барлық 9 кешен бойынша мердігер компания анықталғанын және құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын мәлім етті.

Бұдан бөлек, алып мұржаларынан түтіні будақтаған ЖЭО-1 және ЖЭО-3 орталықтарын "көгілдір отынға" көшіру үшін газ реттеуші бекет іргетасын дайындау жұмыстары тәмамдалды. Енді құрал-жабдықтары мен құбырлары жеткізілуде.

ІІ кезеңнің құрылысы мәселесі осы 2020 жылы шешілуге тиіс.

Елордадан өзге, Қарағанды, Теміртау, Жезқазғанға және шамамен 2,7 миллион тұрғыны бар 171 елдімекенге газ барды. Бірақ ешқайсысында жеке үйлер қосыла қоймаған.

Ендеше биылғы жылыту маусымында "Сарыарқадан" көмек болмайтынға ұқсайды. Мәселен, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов елордалық жылу-электр стансалары алып құбырға тек 2020 жылдың жазында қосыла бастайтынын хабарлады. Бұл жұмыс келесі жылу маусымына қарай аяқталады деп белгіленген. 

Жобаның І кезеңі елорда орталығына кірмейді. Ең алдымен, ЖЭО-1, ЖЭО-2, Көктал-1 мен Көктал-2, Железнодорожный кенті, Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алабы жаққа газ берілмек. Бірінші кезек аяқталған соң, қала айналасындағы 13,5 мыңдай үй газға қол жеткізе алады. Егер,әрине, әлгі бес қадамнан өте алса.

ІІ кезең аясында "Сарыарқа" тағы да қала сыртын айналсоқтайды. Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village, Family Village тұрғын үй және коттедждер қалашығы тұрғындарын қуанышқа бөлеуге тиіс.

ІІ кезеңде ғана қала орталығына кіреді, мысалы, бас қаладағы ең биік туға қарама-қарсы орналасқан Шұбар ауданы қосылады. Сондай-ақ Үркер-Ильинка, Өндіріс тұрғын үй алаптары да газдандырылады.

Нұр-Сұлтанда тұрғындар мен кәсіпорындар үшін газ бағасы қанша теңге тұратыны белгісіз. Бірақ қала әкімдігі "шарықтамаған, қолжетімді тариф болады" деп сендірді. Әйткенмен, көмірмен жылытуға қарағанда қымбатырақ екенін де жасырмады. 

Жанат Ардақ