Жекеменшік медицина мемлекеттік тапсырысқа зәру

6138

Денсаулық сақтау министрлігі меншік иелеріне медициналық көмек көрсетудің клиникалық тәсілдерін ауыстыруды ұсынды.  

Жекеменшік медицина мемлекеттік тапсырысқа зәру

Қазақстандағы медициналық бизнес мемлекет тарапынан ашықтықты сезіне алмай отыр.  Бұл туралы  парламент мәжілісіндегі "Нұр Отан" фракциясының отырысында "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева мәлімдеді. Оның айтуынша, жекеменшік медициналық ұйымдар мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізуде әділетсіздікпен бетпе-бет келуде. Медициналық бизнестің үлесіне мемлекеттік ұйымдардан қалған тапсырыс қана тиіп жатыр.

"Қазақстандық жеке медициналық құрылымдар қауымдастығы" ЗТБ президенті Гүлнар  Өтепова да медициналық көмек көрсетуге тапсырыс бөлу қағидалары медициналық бизнеске түсініксіз екенін растады.

"Біз медицинаны дамыту үшін өз ақшамызды саламыз, мемлекеттен бір тиын да алмаймыз. Өкінішке қарай, мемлекет те бізді құр қалдырып отыр. Біз несие аламыз, өз ақшамызды саламыз. Мені барлық жекеменшік ұйымдар қолдайды деп ойлаймын, бүгінгі күні алаңдататын негізгі мәселе мынау – бізді МӘМС жүйесіне қаншалықты тартады. Әрине  осыған байланысты қаржылық және операциялық тәуекелдер бар. МӘМС  жүйесін табысты енгізу үшін мемлекет оған жекеменшік бизнесті тартуы керек. Денсаулық сақтау саласында адал бәсекелестік болғанда ғана медицина сапалы деңгейге көтеріледі. Ал бұл түптеп келгенде  өз азаматтарымыздың денсаулығы", – деді Гүлнар Өтепова.

"Сонымен бірге біз тариф белгілеу мәселесін жиі көтереміз. МЖӘ-ге тапсырылатын компаниялар дың саны арту үшін медициналық қызметтердің  тарифтерін өзгерту керек, өкінішке қарай, бүгінгі күні олар бәсекеге қабілетсіз, өз шығынын өтей алмайды, сол себепті инвесторлар үшін тартымсыз.  Оларда амортизациялық шығындар, құны 5 млн теңгеден асатын жабдықтарға жұмсалатын шығындар, күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстарына кететін шығындар, сондай-ақ банктен алынған несие бойынша пайыз ескерілмейді", – деді КҰП төрағасының орынбасары.

Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы ТМККК мен МӘМС аясында медициналық көмек көрсетуде жекеменшік медициналық ұйымдардың ресурстарын барынша көбірек тартуды ұсынды.

"Екіншіден,  біз МӘМС жүйесіне сәйкес деңгейдегі әлеуметтік төлем механизмін қарастыруды ұсынамыз, сондай-ақ егер медициналық мекеме медициналық көмек көрсетудің сапасын жоғарылату үшін қосымша қызмет ұсынса, науқастың қалауымен ерікті медициналық сақтандыруды енгізу керек", – деді Юлия Якупбаева.

Медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен бірыңғай ақпараттық денсаулық сақтау жүйесін біріктіру мәселесі де өткір тұр. "Бүгінгі күні осы жүйе мен ТМККК көрсетуге қатысатын  денсаулық сақтау ұйымдарының түрлі порталдары арасында байланыс жоқ", – деді КҰП төрағасының орынбасары.

Одан бөлек бизнес құрылыс және санитарлық нормаларға өзгеріс енгізуді жеделдету қажеттігін еске салды.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы барлық медициналық ұйымдардың үштен бір бөлігі жекеменшіктің қолында. 2016 жылы жекеменшік сектор нарықтың 33%-ын иеленді (былтырғы жылмен салыстырған биыл өсім 3%-ды құрады). Бірақ кейбір жекелеген өңірлерде үлес керісінше болды.  Мысалға, Алматыда нарықтың  78,8%-ы жекеменшік ұйымдардың үлесіне тиеді, Павлодар облысында – 43,2%. Ал саланың жекелеген сегменттері туралы айтар болсақ, мысалға  еліміздегі тіс емханаларының 70%-ы мемлекеттік емес.

Емделушілер мемлекеттік емес медициналық ұйымдарға көбірек жүгінеді, себебі оларда бюрократия жоқ, көрсетілетін қызмет сапасы жоғары, маман жеткілікті, олар әр клиентті құдайындай сыйлайды. Осыған сәйкес, жекеменшік клиникада емделу мемлекеттік медициналық мекемеге қарағанда қымбатырақ.

Мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіне қатысатын медициналық бизнеске келер болсақ,  бүгінде ол тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің (ТМККК) 29,3%-ын құрайды. Ал республикада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) енгізілгеннен кейін бұл сан 50%-ға жетеді деп жоспарланған.

Бірақ алдымен мемлекеттік емес денсаулық сақтау жүйесі реттелу керек деп баса айтылады денсаулық сақтау министрлігінде. Мекеме басшысының орынбасары Ләззат Ақтаева жекеменшік медицинаның жағымсыз тұстары ретінде медициналық қызмет құнының қымбат болуы мен халыққа қолжетімсіздігін,  үйде көмек көрсету, алдын-алу шараларына назар аудармау сынды кемшіліктерді атап көрсетті.

Осыған орай МӘМС жүйесін енгізу қарсаңында републикада медициналық көмек көрсетудің клиникалық тәсілдері қайта қаралмақ.

Динара Қуатова, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу