Жемқорларға жемсау болған схемаға ғарыштан жойқын соққы берілмек

3209

Қазақстанда қазба байлықты заңсыз өндірудің 2 339 дерегі әшкереленді. Алда ғарыштық түсірілімдер инспектордың бақылауы қорытындысымен тең мәртебеге ие болса, мұндай заңсыз өндіріс деректері толық жойылмағанымен, саны еселеп азаймақ.

Жемқорларға жемсау болған схемаға ғарыштан жойқын соққы берілмек

Жерді қашықтан зондтаушы тұңғыш қазақстандық спутник – "KazEOSat-1" француздың Куру ғарыш айлағынан 2014 жылғы 30 сәуірде ұшырылғаны мәлім. Содан бері сырғып сегіз жыл өтті. Біздің билік енді оянып жатыр. Сол кезде ғарышқа жауапты барлық шенеунік бірауыздан хор айтып, мұның тарихи оқиға екенін, соның арқасында Қазақстан экономиканың барлық саласында ғарыштық түсірілімдердің игілігін көре бастайтынын жарыса жариялады.

Алайда шенеуніктер көп мақтаған ғарыштық түсірілімдердің әлі күнге дейін "заңдастырылмағаны" белгілі болды. Былтырғы 1 қыркүйектегі жолдауында Президент Қ.Тоқаев олқылыққа назар аударта келе "Жем-шөп дақылдарын өсіру алаңын кеңейту және ауыспалы егістің сақталуын бақылауды күшейту, ғарыштық мониторингтеу мен жерді қашықтықтан зондтау мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін арттыру да маңызды" деп міндет қойды. Содан бері қаңтар оқиғалары болды, Үкімет ауысып кетті. Мойны жар бермеді ме, әлде әдейі солай жасады ма, шенділер президенттік тапсырманы жүзеге асыруды созбалаңға салып, орындауға қазір ғана кірісті. 

Бұл жердегі басты мақсат – ғарыштық түсірілімдерді жерді пайдалану келісімшарттарын бұзуға негіз ретінде заңдастыру. Әйтпесе, бұған дейін ғарыштық мониторинг нәтижелері әрі кетсе, тек пайдаланылмай жатқан жерлерді табуға ғана қолданылатын.

Бұдан бұрын Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында өзіне қоғам белсенділері жүгініп, пайдаланылмай жатқан және ұтымсыз пайдаланылатын жерлерді алып қою үшін ғарыштық мониторингке көшуді ұсынғанын мәлімдеді. Осыған орай Мемлекет басшысы бұл істе тартыншақтап, тіпті саботаж жасап келген Үкіметке осы өзгерістің берік заңнамалық тұғырын жасауға батыл қадам жасауды тапсырды.

Президент жемқорларға жемсау болып келген схеманы – "тексерілетін адамдар мен тексеретін инспекторлардың өзара байланысын барынша азайтып", оның орнына "ғарыштық түсірілімдерді жерді пайдалану шартын бұзу үшін негіз ретінде пайдалану мүмкіндігін пысықтауды" жүктеді.

Бұл реформа тек ауыл шаруашылығы жерлеріне ғана емес, қазақ жерінің асты-үстіндегі асыл байлығын алып жатқан өндірушілерге де қатысты. Қ.Тоқаев 2022 жылғы 21 қаңтарда, отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінің қорытындысында құзырлы органдарға пайдалы қазбаларды ұтымды пайдалану тұрғысынан барлық кен орындарына ревизия жүргізуді тапсырды. Бұл жұмыс жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, пайдаланылмайтын кен орындары анықталып, тізімі жасалады. 

Цифрлық даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті табиғи ресурстарды пайдалануды мемлекеттік бақылаудың тиімділігі төмен екенін жасырмады. Ведомствоның түсіндіруінше, бұған бірнеше фактор ықпал етіп отыр. Бірінші себеп – Қазақстанның географиялық жағдайы: жер кең-байтақ, халық тығыз орналаспаған, елдімекендер бір-бірінен алыс жатыр, табиғатты, табиғи ресурстарды пайдаланатын субъектілерге апаратын жол жоқ, не нашар. Екіншіден, бақылау жүргізетін меморгандардың ресурстары тым шектеулі: қызметкерлер штаты шағын, көлік тапшы, ЖЖМ жетіспейді. Үшіншіден, Қазақстанда цифрландыруды енгізу мен объективті бақылау жүйелерін пайдалану деңгейі төмен. Төртіншіден, мембақылау саласын сыбайлас жемқорлық басқан.

Аэроғарыш комитеті мембақылаудың техникалық және заңнамалық құралдарына қатысты олқылықтар жерді, суды, табиғи ресурстарды пайдалану салаларында бұзушылықтардың өсуіне соқтырғанына назар аудартты.

"Мысалы, жерді пайдалану саласында қоғамды алаңдатып отырған резонансты, өзекті проблемалардың бірі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді анықтау. Бұған дейін жерді пайдалану мен қорғаудың профилактикалық бақылауын жер инспекторлары Тексеру жоспарларына сәйкес тек іріктеп қана жүзеге асыратын. Мұндай тәртіп жерді пайдаланудың заңдылығына лайықты бақылауды қамтамасыз етпеді. Салдарынан пайдаланылмайтын жер учаскелерінің саны қаптап кетті. Бұл әлеуметтік шиеленіске, сондай-ақ жекелеген учаскелерде құнарлы қабаттың тозуына әкелді", – деп түсіндірді комитет.

Президенттің тапсырмасынан кейін талаптар өзгеруде. 2022 жылғы 3 қаңтарда Жер кодексіне қосылған "Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібі" атты жаңа 145-1-бабы күшіне енді. Ол Жерді қашықтықтан зондтау деректерін мембақылауда пайдалану ісін регламенттейді.

Бірақ Қ.Тоқаев айтқан басты қадам жасалған жоқ. Оны жасау үшін "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғарыш қызметі, экология, жер қойнауын пайдалану, орман, су және жер қоры саласында өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы әзірленіп отыр. Ол "ғарыштық мониторинг" ұғымын, сондай-ақ оны қолдану түрлері мен тәсілдерін нақтылау үшін "Ғарыш қызметі туралы" заңына және басқа да заңдарға тиісті өзгерістер енгізбек.

"Бүгінде қолданыстағы заңнамада ғарыштық мониторинг мәліметтері меморгандар профилактикалық бақылау кезінде пайдалана алатын ақпарат көздерінің бірі ретінде айқындалмаған. Мысалы, мемлекеттік орман алқаптарын ғарыштық мониторингтеу кезінде заңсыз ағаш кесу деректері анықталады. Содан уәкілетті органға жолданған тиісті ақпарат көп жағдайда елеусіз қалдырылады немесе аталған ғарыштық мониторинг деректері расталмады деген жауап келеді. Алайда Жерді қашықтықтан зондтау деректерін өңдейтін инженерлер орман шаруашылығы өкілдерімен бірлесіп, аталған ауданға сапарлағанда барлық анықталған бұзушылықтар расталады", – деп мәлім етті Аэероғарыш комитеті. 

Жер қойнауын пайдалану саласында да ұқсас жағдай қалыптасты. Мысалы, ғарыштан бақылау аясында 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысының бір емес, бірден 3 ауданында қатты пайдалы қазбаларды өндіру кезінде бұзушылықтардың болып жатқаны әшкереленеді. 2021 жылы өңірде жалпыға қолжетімді пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруге қатысты мониторинг жүргізілді. Комитеттің мәліметінше, осы уақытқа дейін сол бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданбаған.

Өйткені ғарыштық суреттер шара қабылдауға заңды негіз саналмайды. Жаңа заң осы кемшілікті түзетуге тиіс. Соның арқасында инспекторларға қазақтың ұлан-ғайыр даласын кезіп жүру қажет болмайды. Жер пайдаланушы субъектілерге профилактикалық тексерумен бармай-ақ, барлығын ғарыш сеңгірінен көз тігіп, шешуге мүмкіндік алады.

Бұл өзгерістер мемлекеттен не басқа тұлғалардан қосымша шығындарды талап етпейді екен. Себебі негізгі салалар бойынша ғарыштық мониторинг жүргізу шығыстары қолданыстағы "Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінен алынатын ғарыш түсірімдерін ұсыну жөніндегі қызметтер" кіші бағдаламасы аясында қарастырылыпты.

Аэроғарыш комитетінің сендіруінше, осы заң күшіне енген жағдайда, табиғи ресурстарды заңсыз өндіру саны қазіргі 2 339 учаскеден талаптар күшіне енгеніне бір жыл өткенде – 2 100 учаскеге, 2 жылда – 1 800-ге, 3 жылда – 1 600-ге, 4 жылда – 1 450-ге, ал 5 жылда – 1000-ға дейін кемиді.

Қазіргі кезде 1,1 миллион гектар егістіктер пайдаланылмай жатыр деп есептеледі, ал жаңа тетік оны 5 жылда 100 мың гектарға дейін төмендетуге қауқарлы көрінеді.  

Бұдан бөлек, 7 328 учаскеде рұқсат етілмеген заңсыз қалдық полигондары әшкереленген. Бұл көрсеткіш 2 500-ге дейін төмендетілмек. Қазіргі кезде 50 учаскеде заңсыз ағаш кесу полигондары табылған. Алдағы 5 жылда ондай алаңдар саны 5-тен аспайды деп жоспарланған.

Әрине, мамандар қазақстандық жерсеріктердің түсірілімдерінің сапасы төмендеу екенін айтып жүр. Бұл шенеуніктердің жерді адал еміп, кәсібін табысты дөңгелентіп отырған ауыл бизнесменін егістік не жайылымынан айыруына жол ашпай ма? Сарапшылардың түсіндіруінше, мұндай жөнсіздікке жол бермеу үшін заңдық нормативтік-құқықтық актілер мен стандарттарды сапалы пысықтау қажет. Қолданылатын бастапқы деректерге және түпкі нәтижелердің дұрыстығына қойылатын талаптар дәл соларда сипатталуға тиіс. Яғни мұның бәрін техникалық тұрғыдан шешуге болады. Тек ниет болса, болғаны.

Жанат Ардақ