Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жолы

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13476

Елімізге жарты жылда шет мемлекеттен 144 млн доллардың киімі әкелінді.

Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жолы

Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі тұралап тұр. Импортқа тәуелділік өз нарығымызды өзімізге игертер емес. Салдарынан біздің сөрелерде Қытай мен Түркиядан, Ресей мен Қырғызстаннан келген тауар салтанат құруда. Ал біз шикізатқа малынып отырсақ та, жеңіл өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесін көбейте алмай келеміз.

ҚР жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың мәлімдеуінше, ел азаматтары киіп жүрген киімнің 70% сырттан келген.

"Бүгінгі таңда Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласында 2 млрд АҚШ доллары заңсыз айналып жатыр. Біздің тігіншілер ішкі қажеттіліктің 8%-ын ғана өтеп отыр", – деді қауымдастық президенті.

Оның сөзінше, көрші Қырғызстан жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша бізден оқ бойы озық тұр. Мұнда жеңіл өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 30%-ға жуықтаған. Бүгінгі таңда қырғыздар бір жылда шамамен 190 млн доллардың өнімін өндіреді.

"Айыр қалпақ киетін көршілеріміз шағын және орта кәсіпкерлікті салық төлеуден босатқан. Сондықтан мұндағылардың барлығы бизнеске бет бұрған. Есесіне ұлттық экономика түлеп, жеңіл өнеркәсіптің тамырына қан жүгірген", – деді Любовь Худова.

Қауымдастық президентінің айтуынша, біз қолда бар шикізатты ұқсата алмай отырмыз.

"Қазақстанға барлығы сырттан тасымалданады. Елімізде терінің 15% ғана игеріледі, ал жүн мүлде тапшы. Өйткені Ресей мен Қытайдан келген алыпсатарлар жүннің барлығын шетел асырып жатыр. Бұған еліміздегі жүн өңдеу орталықтарының санаулы болуы және жүнге сұраныстың жоқтығы бірден бір себеп болуда. Ауылдағы ағайын жүннің барлығын отқа жағады немесе қоқысқа тастайды. Бізде жүн шикізат ретінде бағаланбайды", – деді Любовь Худова.

Былтыр жеңіл өнеркәсіп саласында тері өңдеу ісі тығырыққа тірелген. Тері өнімін өндіру 13%-ға, ал дайын киім шығару 0,8%-ға қысқарған. Бұған қоса белсенді өндірушілердің 27%-ы тоқырауға ұшыраған.

Қауымдастық президенті жеңіл өнеркәсіптің екінші тынысын ашу үшін кәсіпкерлерге салынатын салықты азайтып, субсидияны көбейту қажет деп есептейді.

"Кез келген елдің экономикалық қауіпсіздігі мықты болу үшін жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30%-ды құрауы керек. Әзірше бұл көрсеткіш бізге қол жетпес арман болып тұр.

Озық технологияға иек артқан Жапония, Корея мемлекеттерінің өзі жеңіл өнеркәсіптен қол үзген емес. Бұл елдерде жеңіл өнеркәсіп саласының өнімі ішкі нарықтың 80% -ын қамтиды. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласын ілгерілету үшін өзімізде өндірілетін тауардың бағасын сырттан келетін тауардың бағасымен теңестіру қажет. Мұның сыртында жеңіл өнеркәсіп саласы арқылы нан тауып жүрген жандар қосымша құн және кіріс салығынан босатылса нұр үстіне нұр болады. Үкімет жеңіл өнеркәсіппен айналысқысы келетін адамдарға Қытайдағы секілді 2%-бен несие берсе, құба-құп", – деді Любовь Худова.

Өткен жылы жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 27%-ы қызметін тоқтатуға мәжбүр болған. Соққының ауыры һәм қаттысы тоқыма өнеркәсібіне тиген.

"Шикізаттың қымбаттауы, сұраныстың қысқаруы жеңіл өнеркәсіп саласына кері әсерін тигізді. Өнім өндіру көрсеткіші 1%-ға қысқарып, тоқыма өндірісі нарықтағы 12 ойыншысын жоғалтты. Киім өндіретін отандық 8 кәсіпорын жабылды", – деді Любовь Худова.

Оның сөзінше, әр жаңа оқу жылы сайын Қазақстан құны 37,5 млрд теңгені құрайтын мектеп формасын сатып алады. Бұл формалардың 7% ғана отандық өнім болып табылады.

"Бізге импорттың ықпалы зор болып тұр. Отандық өнім сырттан келетін тауарға жұтылып кетіп жатыр", – деді жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті.

Любовь Худованың айтуынша, соңғы алты айда Қазақстанға шет мемлекеттен 144 млн доллардың киімі әкелінген.

"Бүгінге дейін елімізге 144 млн доллардың тауары енді. Импорт арқылы 108 млн доллардың аяқ киімі кіргізілді. Нарығымыздың 80%-ын Түркия, Қытай, Италия, Бангладеш мемлекеттерінің тауары басты. Түркиядан келген тауар 37,2 млн, Қытайдан келген тауар 33 млн, Бангладештен келген тауар 22 млн, ал Италия брэнді 10,8 млн долларды құрады", – деді ол.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу