Жеңілдікпен берілетін несиеге ұзынсонар кезек түзілді

2737

Елдің солтүстігінде егіс науқаны аяқталуға жақын, жұрт енді жиын-терім жұмыстарына ақша алу үшін кезекке тұра бастады.

Жеңілдікпен берілетін несиеге ұзынсонар кезек түзілді

Қостанай облысында егіс науқаны қиындықпен өтті: су тасқынынан кейін жаңбыр жауып, егін егуге кедергі келтірді. Бұл диқандардың көктемгі дала жұмыстарына жұмсаған шығынын көбейтіп, дән егу мерзімін ұзаққа созып жіберді. Шаруалар маусым айы туса да топырақ әлі сорғыған жоқ деп алаңдап отыр. Кейбір алқаптарға техника әзер кіреді. Ол жерлер бекітілген мерзімнен (5 маусым) кейінірек егуге болатын дәнді дақылдарға деп қалдырылды. Бидайды өткен демалыста тынбай егіп, әзер дегенде бекітілген мерзімінде сеуіп үлгерді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының пікрінше, Жітіқара, Қарабалық және Денисов аудандарында жағдай күрделі болған, мұнда егін егудің қызған шағында жауын-шашын айлық нормадан екі есе көп жауған. Облыстың қалған аудандарындағы жағдайды су тасқыны ушықтырды: бірнеше алқапты басып, көлге айналды. Алайда өңір өңір жауын-шашынның кесірінен болған жағдайды қауіп көріп отырған жоқ. Барлық қиындыққа қарамастан, жоспарланған 4,2 млн гектар жердің 85%-ына дән себілді.

Егістік жұмыстарына несие алу шарттарының өзгеруі де ауылшаруашылық кәсіпорындардың жұмысын қиындатты. Биыл  "Азық-түлік корпорациясы" жаппай мерзімдік астық сатып алған жоқ (бұрындары болашақ өнімге несие берілетін, ал жыл соңында несиенің өтемі тауарлық астықпен жабылатын еді). Бұл жолы мемлекет бөлген 60 млрд теңге түгелімен "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ға (АНК) жіберілді. Яғни, бүгінгі күні егістік жұмыстарына жеңілдікпен несие беретін жалғыз оператор сол.  Десе де өңірлердегі шаруаларға ыңғайлы болу үшін қаражат несиелік серіктестіктер мен екінші деңгейлі банктер арқылы да беріледі. Борышкерге берілетін пайыздық мөлшерлеме – жылына 6%, қайтару мерзімі – 2017 жылдың 1 желтоқсанына дейін және бұл жолы астықпен емес, ақшамен қайтарылуға тиіс.

Бүгінде мерзімдік жаппай сатып алудың тоқтатылғанына байланысты Қостанай облысында көктемгі дала жұмыстарына несие алуға түскен өтініштер саны айтарлықтай азайып отыр. Былтыр Қостанай облысында шамамен 700 шаруашылық "Азық-түлік корпорациясы" арқылы және 145 шаруашылық "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ (АНК) арқылы қарыз алған болатын. Жалпы 2016 жылы егістік және жиын-терім жұмыстарына Қостанай облысының диқандары 6,5 млрд теңге несие алды. Биылғы жылдың 1 маусымына дейін АНК арқылы өңірден 258 шаруашылық 8,2 млрд теңге сомасында қарыз алды. Әрине бұл соңғы көрсеткіш емес: жалпы 10,5 млрд теңге несие алуға 384 өтініш түсті. Оның бір бөлігі қаралып жатыр. Оған қоса корпорация жиын-терім жұмыстарына ақша алуға өтініштердің түсуін күтіп отыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, биылғы жылдың алғашқы төрт айында шаруалар шамамен 8 млрд теңгеге жуық субсидия алды, қарыз алушылар санының қысқаруына осы жайт себеп болуы мүмкін. Оның 5 млрд теңгеге жуығы – инвестициялық субсидия. Бұл қаражатқа 2016 жылы техниканың бір бөлігі сатып алынып,  біраз жоба қаржыландырылды. Сол себепті диқандарға егістік жұмыстары үшін несие алу қажетсіз болуы ықтимал. Алайда субсидияланған шаруашылықтардың нешеуі жеңілдікпен несие алуға өтініш бергені айқындалған нақты ақпарат жоқ.

АНК-ның ресми мәліметіне сүйенсек, 1 маусымға дейін Қостанай облысының 258 шаруашылығы егістік жұмыстарына несие алды. Берілген қарыз сомасы – 8,2 млрд теңге. АНК-ның жалғыз өзі облыс бойынша 5,2 млрд теңгеге 43 өтінішті мақұлдады. Бұл кәсіпорындардың басым бөлігі – жылда егістік жұмыстарына  жүз млн теңгеге дейін несие алатын корпорацияның бұрынғы серіктестері. Бірақ диқандардың біразы қарызды несиелік серіктестіктер арқылы  алды – 2,5 млрд теңгеге 210 өтініш мақұлданған. Республика деңгейінде де өтініштердің негізгі бөлігі дәл осы несиелік серіктестіктер арқылы жабылып жатыр. Бұл – тікелей АНК арқылы қаражат ала алмайтын шағын шаруашылықтар, жалпы оларға ірі сома қажет те емес.

Аграрлық несие корпорациясының мамандары атап өткендей, әдетте, шағын шаруа қожалықтары кепілге қоятын мүлік таба алмай қиналады. Сондықтан несиелік серіктестіктер егістік науқанына қаражат іздеу жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетеді. Қостанай облысының әр ауданында осындай бір бірлестіктен жұмыс істейді. Ал Қарабалық ауданында екі бірдей бірлестік жұмыс істейді. Жалпы, бұған дейін ӘКК (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы) кепілдігімен қаражат берген "Азық-түлік корпорациясы" сияқты серіктестік те шаруаға жеңілдікпен несие алуға кепілдік береді.

Ауыл шаруашылығы мамандарының пікірінше, шаруалардың бұрынғы жылдары алған қарыздары биылғы жылы несие алуға кедергісін тигізіп отыр. Мәселе ӘКК-нің кепілдігімен "Азық-түлік корпорациясының" жаппай сатып алу мехнизмі жайлы болып отыр. Осының салдарынан "Тобыл" ӘКК шаруалардың мерзімі өткен несиелерін өтеуге мәжбүр болды және енді Наурызым, Ұзынкөл, Жітіқара аудандарының шаруа қожалықтарынан ақша күтіп отыр. Олар "Тобылға" жалпы сомасы 170 млн теңге қарыз. Бұлар – соңғы төрт жылдағы қиындықтардың салдарынан (құрғақшылық, қардың ерте түсуі және жиын-терім кезіндегі жауын-шашын) орын алған қаржылық мәселелерін шеше алмаған шағын шаруа қожалықтары.

"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ мамандарының айтуынша, жалпы Қазақстан бойынша биыл 67,7 млрд теңге несие алу үшін 2390 өтініш түскен. Оның ішінде елдің оңтүстік өңірлерінен өтініш көптеп түсті, алайда олар сұраған қаражат сомасы салыстырмалы түрде алғанда шағын. Елдің солтүстігінде (СҚО, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарында), керісінше, саны мыңға да жетпейтін шаруа қожалықтары жалпы бөлінген қаражаттың басым бөлігін – 55,2 млрд теңгені алуға үмітті. Қостанай облысының өзі ғана 10,5 млрд теңге сұрап отыр.  2 маусымдағы мәліметке сәйкес, ҚР бойынша 57,5 млрд теңгеге 2196 өтініш мақұлданды. Айта кету керек, мемлекет көктемгі дала жұмыстарына бар болғаны 60 млрд теңге бөлген болатын. Бұл сомадан асқан қаражат АНК қорларынан бөлінеді немесе нарықтан тартылады.

Әйгерім Сүлейменова, Татьяна Шестакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу