"Жеңімпаздар. Батырларға тағзым" – Ұлы Отан соғысы батырларын еске алуға арналған жоба

2511

Жоба мен акция Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өтеді.

"Жеңімпаздар. Батырларға тағзым" – Ұлы Отан соғысы батырларын еске алуға арналған жоба

Биыл 9 мамырда Tengrinews.kz порталында Ұлы Отан соғысының қазақстандық ардагерлерін еске алуға арналған "Жеңімпаздар. Батырларға тағзым" атты онлайн-акция өтеді. Онлайн-акция "Жеңімпаздар" жобасы аясында оқырмандарымыз анкетасын жіберген батырлармен таныстырады. 

"Жеңімпаздар" – 2014 жылғы 9 мамырдан бастап Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері туралы 3,5 мыңнан аса оқиға жарияланған жоба. Қазақстан мен өзге елдердің оқырмандары жарты ғасырдан аса уақыт бұрын майданға аттанған аталары, әжелері, достары туралы ақпарат жібере алады.

Қазақстандық ҰОС ардагерлер қоры Tengrinews.kz негізін қалаушы және Alash Media Group холдингінің басшысы Батыр Қазыбаевтың бастамасымен жүзеге асқан.

"Жоба аталарын еске алатын, құрметтейтін адамдардың көмегімен дүниеге келді, әрі осы арқылы қазақстандық ардагерлер туралы тағы бір қорды қалыптастырғымыз келеді. Жоба мұрағат болады деп үміттенбейміз. Бұл – Tengrinews және Tengrinews оқырмандарының күшімен жиналатын қарапайым картотека. Кез келген адам ата-бабалары, отбасындағы батырлар туралы ақпарат жариялай алады. Соғыспен байланысты әр отбасы ұмытпауы керек. Ұлы Отан соғыспен байланысты естеліктерді сақтамасақ, қалпына келтірмесек, болашағымыздың бір бөлігін жоғалтамыз. Бұл – жобаның басты мақсаты", – деген еді Батыр Қазыбаев.

Жоба оқырмандарды Қазақстанның белгісіз әрі танымал емес батырларымен таныстырады, әрі ардагерлердің туыстарына соғыстан кейін жоғалған жақындарын табуға көмектеседі.

Аға лейтенант Ахметқазы Болатов. Ол 1941 жылы Алматы қаласынан майданға аттанған атақты 100-арнайы атқыштар бригадасында болған. Оның құрамында Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова да болған. Ахметқазы Болатов 1943 жылы 15 қазанда Невель түбіндегі сұрапыл шайқасқа қатысқан.

"Мәншүктің атыс позициясын жақсы білдік және оның оқ-дәрілері таусылғаннан кейін басқа пулеметте тұрғанын есте қалыпты. Ол позициясы жау оғымен жабылғанша, неміс жаяу әскеріне пулеметтен оқ жаудырды", – деді соғыс ардагері.

Кейін оған жерлеу үшін Мәншүк Мәметованың денесін табу тапсырылыпты.

"Бірнеше рет жараланғандардың өлімі мен олардың қиналғанын көрдім. Өзім 3 рет жараландым. Бірақ биіктіктің басында батыр пулеметшінің атыс позициясын іздеп, Тұраш екеуміздің Мәншүктен қалғанын жинап, онымен бірге Невельге барғанымыз әлі есімде... Салтанатты жерлеу рәсімі өтті. Салют тоқтатылды, Қазақстанның батыр қызымен мәңгіге қоштастық. Бұл 1944 жылғы тамыз еді", – деді Ахметқазы Болатов.

Ардагер Василий Гладышевтың қызы туралы оқиғаға да тоқталсақ. Ол "Жеңімпаздар" жобасының арқасында өзіне қымбат адамның өмірі туралы біліп, Павлодардан жаңа туыстар тапқан.

2018 жылы жоба аясында әйел Tengrinews.kz сайтына ардагер әкесі туралы ақпарат жариялайды. Бұл мәліметке Василий Гладышевтың немересі жауап берген.

"Бір жыл бұрын үндеу жарияланғанын көрдім, бірақ бұл арманым – әкемнің тағдыры туралы білуіме септігін тигізеді деп ойламадым. Міне, менің 70 жылдық мерейтойым болып жатқанда жауап келді. Мені әкемнің немересі тапты. Сіздерге өзімнің, ағамның, балаларымның және немерелерімнің, барлық туысымның атынан бей-жай қарамағандарыңыз, игі істеріңіз үшін алғыс айтамын. Үлкен жұмыс істедіңіздер. Бұл біздің ұрпақтарымыз үшін маңызды", – деді Ұлы Отан соғысы ардагерінің қызы.

Тағы бір оқиға Ұлы Отан соғысына қатысқан, белгілі қазақстандық жазушы және журналист Валентин Филатовқа қатысты. 

Биыл қаңтарда оның туысы Елена Жукова интернеттен ол туралы ақпарат іздеп, "Жеңімпаздар" жобасынан ағасының анкетасын тапқан.

"Осылайша, Валентин Филатов туралы бетке кірдім. Ол туралы ақпаратты сайтқа оның шөбере қыздары жібергенін білдім. Сондағы есімдерді тағы да іздеп, Павлодар гимназияларының бірінде өткен балалар конкурсы туралы басқа сайтты таптым. Олар онда аталарының өмірін сипаттаған. Сіздердің мақалаларыңыз болмаса, оларды табу мүмкіндігі өте аз еді. Осындай "көпір" болғандарыңыз үшін көп рақмет", – деді Елена Жукова.

Жоба аясында қазақстандық ҰОС ардагерлерінің ұрпақтарына видеоүндеулер түсірілді. Жоба кейіпкерлері соғысқа қатысқандар өте жас болса да, барлық қасіретті көргенін еске алады. Ардагерлер жастардың кішіпейіл және адал болуын тілейді. Қазір олардың кейбірі арамызда жоқ. Олар өскелең ұрпақтың спортпен айналысқанын, рухани жағынан күшті болып тәрбиеленгенін қалайды. Ардагерлердің ең басты тілегі – елімізде ешқашан соғыстың болмауы.

"Жеңімпаздарды" Қазақстан Қорғаныс министрлігі "Интернет-басылымдағы үздік жарияланым" номинациясы бойынша марапаттады. Байқау Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілді. 

"Бұл жұмыстар ерекше болған соң таңдалды әрі қазіргі заманға сай болды. Себебі әскери тақырыптағы материалдармен ешкімді таңғалдыра алмайсың, бірақ бұл жарияланымдар мен сюжеттер шынында да қызық болды", – деп жазылған Қорғаныс министрлігінің хатында.

"Жеңімпаздар" жобасына арналған ардагерлердің ерліктері туралы оқиғаларды +7-70-09-05-1945 WhatsApp арнайы нөміріне жіберуге болады. Сюжетті жіберген кезде ардагердің аты-жөні, туған күні, туған жылы және туған жері, атағы, әскердегі тегі сияқты толық мәліметтерін көрсету керек, сонымен қатар бірнеше сурет тіркеу қажет. Батырлардың жақындары сайтта анкета толтыра алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу