Жеңістің 75 жылдығына тағайындалған сыйлық көлемі жарияланды

5974

Қазақстан өңірлері Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдық мерейтойына шығыстарын арттырмауға ұйғарды.  

Жеңістің 75 жылдығына тағайындалған сыйлық көлемі жарияланды

Өңірлер арасында алғашқы болып, Алматы қаласы осыған қатысты өзінің әлеуметтік төлемдерін жария етті. Еліміздің басты ірі мегаполисі ретінде бұл қала жеңістің әр мерейтойында ардагерлерге және басқа да тұлғаларға төленетін біржолғы төлем көлемін ұдайы ұлғайтып отыратын.

Мәселен, 2005 жылы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 60 жылдығында еліміздегі барлық ардагерлерге және соғыс мүгедектеріне бірдей – 30 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек берілген. Бұған 1 млрд 16,1 млн теңге бюджет қаражаты шығындалыпты. 

Ал 2015 жылғы Жеңістің 70 жылдығында ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне әр өңір әртүрлі сыйлық жасады. Ең үлкен соманы Алматы мен Астана қалалары берді. Бұларда аталған санаттағы және соларға теңестірілген азаматтардың есепшоттарына 150 мың теңгеден аударылған. Өзге өңірлерде 120–150 мың теңге аралығында ұсынылды. 

Биылғы жылы "дөңгелек" дата болған жоқ, дегенмен,  Алматыда 267 ҰОС қатысушыларына және мүгедектеріне 250 мың теңгеден бір реттік төлем төленді.  

2019 жылғы 9 мамырда ардагерлерге жалпы көлемі 66 млн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. 
Бұдан бөлек, жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша соларға теңестірілген тұлғаларға, Ауған соғысында жарақат алғандарға да 50 мың теңгеден төлемдер төленді. 

Қазір VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының "Ұлы Отан соғысы жеңісінің 75 жылдығына орай мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы әлеуметтік көмек көрсету туралы" шешімі жарияланды.  
Құжатта Ұлы жеңістің келесі жылғы ірі мерейтойына орай Алматы қаласында тұрақты тіркелген және тұрақты тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір жолғы әлеуметтік көмек көрсетілмек.
Оған сәйкес, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 2020 жылы 250 мың теңгеден берілетін болды.

Мәртебеcі 1995 жылғы 28 сәуірдегі "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" заңымен белгіленген, жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдарға 100 мың теңгеден бөлінеді деп жоспарлануда.

Сол сұрапыл майданда қайтыс болған және хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің қайтадан некеге тұрмаған жесірлеріне де осынша көлемде біржолғы көмек ұсынылуға тиіс. 

Ауғанстандағы соғыс кезеңінде жаралану, контузия алу, зақымдану немесе ауруға шалдығу салдарынан қаза тапқан, қайтыс болған, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметкерлердің ата-аналары және қайта күйеуге шықпаған әйелдеріне немесе үйленбеген күйеулеріне 100 мың теңгеден төленеді.
Көзі тірі ауған ардагерлеріне біржолғы төлем қарастырылмаған.

Алматылықтардың тағы бір санаты – ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз жауынгерлік қызметі үшін бұрынғы Кеңес одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған тұлғалар, сондай-ақ 1941 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 9 мамыры аралығында кем дегенде 6 ай еңбек еткен, бірақ орден-медальдармен марапатталмаған, аталған санат бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алатын тұлғалар 50 мың теңгеден алады деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу