ЖЭО-ның үштен бірінің жұмыс істегеніне жарты ғасырдан асты - Президент

1349

Ел бойынша ЖЭО-ның орташа тозуы 66%-ға жетті, ал кейбір қалаларда 80%-дық деңгейден де асып түсті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ЖЭО-ның үштен бірінің жұмыс істегеніне жарты ғасырдан асты - Президент Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз тұрғындарына келтірілген залалды өтеу шығындарына және республикадағы ЖЭО-ның тозу деңгейіне тоқталды. 

"Екібастұз тұрғындарына келтірілген залалды өтеу шығындары меншік иесі мен республикалық бюджет арасында бөлінуі тиіс. Үкімет соңғы жылдары меншік иелері тарапынан жөндеу көрмеген инфрақұрылымның әрбір нысанын кешенді түрде қарастырып, шешім шығаруы тиіс. Мұндай жұмысты жергілікті деңгейде өңірлердің әкімдері жүргізуі керек. Ел бойынша ЖЭО-ның орташа тозуы 66%-ға жетті, ал кейбір қалаларда 80%-дық деңгейден де асып түсті. ЖЭО-ның үштен бірінің жұмыс істегеніне жарты ғасырдан асты. Шығыс Қазақстан облысының Риддер және Шемонаиха қалаларында жылумен жабдықтау желілері толығымен тозған.  Мен Үкіметке бірнеше мәрте энергия объектілерін уақтылы жаңғыртуды бақылауға алуды тапсырған едім. Әкімдіктер де бәрін Үкіметке итере сала алмайды", - деді Президент. 

Бұдан бөлек оның айтуынша, электростанциялардың ағымдағы жөндеу жұмыстары 76%-ға, ал жаңа қуаттылықты енгізу бойынша жоспар бар-жоғы 46%-ы орындалған   (956 МВт-тың 442,4 МВты ғана). 

"Самұрық-Қазына" қоры сол Екібастұздың өзіндегі  ГРЭС-1 және  ГРЭС-2 секілді маңызды жобаларды кешіктіруде. 2022 жылғы екінші тоқсанның қорытындысына сәйкес, олар бойынша қаражаттың игерілмеуі  40% бен 93%-ды құрап отыр. Алматы экологиясын жақсарту бойынша жобаларды жүзеге асыру да созылып келеді. Ал, мегаполистегі жұмыс істеп тұрған ЖЭО-2 және  ЖЭО-3 орталықтарын жаңғырту бір жылға кейінге шегерілді", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы комиссия кешенді шаралар әзірледі. 

"Соған сәйкес бақылау-қадағалау тетігін күшейтіп, меншік иелерінің жауапкершілігін және жалпы саланың тиімділігін арттыру қажет. Комиссия дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анықтады. Оларды шұғыл жаңғырту қажет. Алдын ала есеп бойынша оған шамамен 90 миллиард теңге керек. Бұл қаражат, әрине, энергетикалық кәсіпорындардың тарифтік сметасында ескерілгені жөн", - деп атап өтті ол.

Президент мемлекеттік меншіктегі энергия нысандары бюджет есебінен жөнделуі керектігіне тоқталды.

"Ал жеке нысандарды "Тариф – инвестиция орнына" бағдарламасы шеңберінде өз есебінен жаңғырту қажет. Үкімет бұл міндетті жедел түрде шешуге міндетті. ЖЭО-дан бөлек жылу желілері де апатты жағдайда қалып отыр. Бүгінгі таңда бір жарым мың шақырымнан астам жылу желілері шұғыл ауыстыруды және жөндеуді қажет етеді. Олардың орташа тозуы 75%-дан асады, ал Арқалық, Риддер және Шемонаиха қалаларында желілер толығымен тозған. Үкімет бұл мәселені 3 жыл ішінде шешуі қажет. Комиссияның баяндамасына сәйкес, бұл 528 миллиард теңге деген сөз. Бұл қаражатты бюджеттік кредиттеу мен тарифтік саясат арқылы анықтау қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы жағдай бойынша Президентке есеп берді. Оның айтуынша, барлық көпқабатты тұрғын үйлер суық және ыстық сумен қамтамасыз етілген.

"Бүгінгі таңертеңдегі жағдай бойынша жылумен жабдықтау жұмыстарының теңгерімсіздігіне байланысты жеке сектор тұрғындарынан жекелеген мекен-жайлар бойынша жылу және сумен жабдықтау бойынша шағымдар келіп түсуде. Жылу желілерінің учаскелерінде жылу желілерінің қызметкерлерімен бірге өнеркәсіп мекемелерінің 200-ден астам қызметкері жұмыс істеп жатыр. Барлық көпқабатты тұрғын үйлер суық және ыстық сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, ең көп зардап шеккен 70 үйдің тұрғындарына жылу үшін 2 ай ақы есептелінбейді. ТЖ режимінің 12 күнінде қаланың барлық тұтынушыларына электр энергиясы үшін төлем есептелмейді. "Екібастұз жылу энергиясы" компаниясы өз есебінен зардап шеккен пәтерлерге жөндеу жүргізеді", - деді Роман Скляр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу