"Жер астында 1333 жыл жатқан ескерткішті" тапқан ғалымдардың қоғамға айтары бар

4003

Халықаралық түркі академиясы мен Моңғолия ғылым академиясы археология институтының бірлескен археологиялық экспедициясы жұмысында көне кешен мен жазу табылды.

"Жер астында 1333 жыл жатқан ескерткішті" тапқан ғалымдардың қоғамға айтары бар

Олжа – Моңғолияның Номғон алқабында. Ғалымдар, табылған жазу негізінде, бұл ескерткіш Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген тұжырымға келгенін айтады. Құтлық Ескерткіш жер астында 1333 жыл жатты делінеді. Бұл туралы экспедиция мүшелері 31 тамызда орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz

"Жазуын мәңгі тастарға қашап кеткен"

"Құрметті журналистер, үлкен бітік тас табылып отыр. Елтеріс Құтлық қаған деген жазуы бар. Бұл, біріншіден, көне түрік бітік жазуының сөздік қорын байытып отыр. Екіншіден, біздің жазу мәдениетіміз Күлтегіннен де арыда пайда болғанын дәлелдейді. Яғни 682 жылы жазылса, одан бұрын-ақ жазу мәдениетіміз болған", – деді Халықаралық түркі академиясының ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан.

Табылған олжаның (ескерткіштің жоғарғы бөлігі табылған, төменгі жартысы іздестіріліп жатыр – авт.) екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бітік жазуы қашалған. Ал үшінші қырында ескі соғды жазуы қашалған. Әзірше ескерткіш мәтінінен "Тәңір", "түрк", "Құтлық", "түмен" секілді бірқатар сөздер анық оқылды.

"Жазу – өркениеттің белгісі. Ата-бабаларымыз өзінің жазуы болған санаулы ұлттар қатарында. Жазуын мәңгі тастарға қашап кеткен", – дейді Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

"Онда "тәңірдің ұлымын" деген жазу бар. Бұл философиялық зерттеуді қажет етеді. Мысалы, қытай, жапон, кәрісте тәңірдің ұлы деген ұғым бар. Ал бұл қайдан шықты? Құтлық қаған өзін тәңірдің ұлымын деп атап отыр", – дейді Дархан Қыдырәлі табылған ескерткіш дүниетаным тұрғысынан да пайда әкелетініне сенім білдіріп.

Кешен туралы немесе арыстан мен тасбақа нені білдіреді?

"Бұл кешен ежелгі түркі мәдениетінің іргелі нысаны екені анық. Бірлескен экспедиция үшін араға ғасыр салып табылған зор олжа. Осы ретте айта кетерлік бір жайт, Құтлық қаған деген жазуы бар һәм түрк сөзі алғаш айтылатын бұл кешенді табу кездейсоқ жүзеге асқан жоқ. Мұның алдында Халықаралық Түркі академиясы Шивээт-улан ғұрыптық кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 2016 жылы аталған өңірге арнайы экспедиция ұйымдастырды. Құтлық қағанның тұсында салынған салтанатты кешеннен таңбалар, түрлі артефактілер табылумен қатар, олардың мерзімі анықталды. Кешен 2018 жылы Түркі академиясы тарапынан қоршалып, қамқорлыққа алынды", – дейді Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі аланы (күшігі – авт.) бар арыстан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізбектеле қойылған. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі "таутеке" таңбасы анықталды.

Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшіс Энхтөр Алтангэрэлийнптың айтуына қарағанда, арыстан "кешенді қорғап тұрады" деген түсінікпен бейнеленген.

Сонымен қатар көне кешен орнынан барықтың (табыну орны) болғанын айқындайтын қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жолына төселген кірпіштердің қалдықтары қазылып алынды.

Айта кету керек, осы барықтың алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен оның тасбақа бейнесіндегі тас тұғыры табылған.

"Тасбақа төзімділік, беріктіктің символы болған", – дейді Энхтөр Алтангэрэлийнп.

"Жалпы алғанда, Номғон ғұрыптық кешені барлық белгілері жағынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрыптық кешендеріне ұқсас. Номғон жазба ескерткішінің жоғарғы тұсында төмен қараған денесі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бейнеленген. Дәл осындай қағандық атрибутикалардың – айдаһар денелі, бөрі басты сюжеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және басқа бірқатар ескерткіштердің жоғарғы тұсында қашалғаны белгілі", – дейді Энхтөр Алтангэрэлийнп.

"Жаңалықты қоғам неге селқос қабылдады?"

Бұл жаңалық (кешеннің табылуы – авт.) осыдан бір апта бұрын әлеуметтік желіде айтыла бастад. Журналистер мен ғалымдар "қоғам үлкен жаңалықты лайықты талқылап жатқан жоқ" деген пікір айтады.

"Сүйінші сұраған сәттен бастап Түркия, Әзірбайжан сынды бауырлас елдерде серпіліс туғызды. Сол күні Түркияның сыртқы істер министрі арнайы мәлімдеме жасады. Өкінішке қарай, бізде тақырып онша талқыланған жоқ. Мұны әлі қорыта алмай жатқан секілдіміз немесе әріптестерім (журналистерді меңзейді – автор. Дархан Қыдырәлі – "Егемен Қазақстан" газеті АҚ-ның басқарма төрағасы) кейбір ұсақ тақырыптарға кетіп қалып жатқан секілді. (...) Меніңше, дүмпуі әлі үлкен болады. Ғалымдар үн қосады деп ойлаймын", – дейді Дархан Қыдырәлі.

Кешен ашылғаны 20 тамызда белгілі болды. Ғалымдар тарапынан әлі баға берілген жоқ.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу