Жер кодексі жұмыс тобында қаралып жатыр

6673

Осыдан 5 жыл бұрын жер кодексінің жекелеген баптарының қолданысына мораторий енгізілді. Биыл 31 желтоқсанда мораторий аяқталады. 

Жер кодексі жұмыс тобында қаралып жатыр

Бұл туралы жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сапархан Омаровтың нақтылауынша, мораторий арқылы шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жалдау құқығын беруге, жарғылық капиталында шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке сатуға және жалға беруге, қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған жекеменшік құқығын беруге сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жалдау құқығын мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығаруға тыйым салынды. 

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында түпкілікті саяси шешім қабылдады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жекеменшікке сатылмайды және шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысатын заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға жалға берілмейді деп шешті. Шұғыл түрде тиісті заң жобасы әзірленіп, парламент мәжілісіне арнайы жолдаумен енгізілді. Қазіргі уақытта құжатты жұмыс топтары қарап жатыр", – деді министр. 

Сапархан Омаровтың айтуынша, кейбір мәселелер шешілмеген күйде тұр. 
Бұлар – ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын алып тастай отырып, қазақстандықтарға жекеменшікке беру, сондай-ақ жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттен сатып алмай ұзақмерзімді жалдау құқығын иеліктен шығаруы мәселелері. 

"Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшік құқығы заң бойынша 2003 жылдан бастап берілді. Осының негізінде ауыл шаруашылығы жерін не жекеменшікке сатып алуға не 49 жылға дейін ұзақмерзімді жалға алу ұсынылды. 2015 жылы Жер кодексіне өзгеріс енгізіліп, қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға беру мүмкіндігі алып тасталды. Жаңа өзгеріс ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жекеменшік құқығымен ғана беруді көздеді. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған жер пайдаланушылар мемлекеттен ауыл шаруашылығы жерлерін кадастрлық құнының 50% мөлшеріндегі жеңілдікпен біржолғы төлеммен немесе жердің толық құнын 10 жыл бойы бөліп төлеу шартымен жекеменшікке сатып алуға міндетті болды. Ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау құқығын мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығару мүмкіндігіне келер болсақ, бұл түзету де 2015 жылы енгізілді. Осы түзетуге 2016 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен мораторий енгізіліп, тиісті заң қабылданды", – деді ол.  

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу