Жер қойнауы бойынша барлық келісімшарт талаптарын жариялау керек - депутат

Саладағы барлық негізгі операциялар сонау 90-шы жылдары жасалған.  

Жер қойнауы бойынша барлық келісімшарт талаптарын жариялау керек - депутат Фото: nalogikz.kz

Мәжілісмен Ерлан Смайыловтың айтуынша, қазақстандықтардың сенімі мемлекеттік биліктің халық алдындағы ашықтығы, тиімділігі қағидаттарына негізделген, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Осыған байланысты мемлекет жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың талаптары мен шарттарын ашық жариялауы керек деп есептейміз. Қазақстан азаматтары негізгі бенефициар ретінде бұл келісімшарттардың қазақстандықтардың мүдделеріне сай келе ме, жоқ па, анық білуі керек. Жер қойнауын пайдаланатын екінші тарап -– әсіресе батыстық демократиялық елдер, бұған қалыптасқан тәжірибе ретінде түсіністікпен қарайды және олар елімізді одан әрі демократияландыру бағытын қолдайды", – деді депутат.

Мәжілісменнің сөзінше, бүгінгі таңда ел Үкіметі өндіруші салалардағы ашық менеджмент пен есеп беруге бағытталған халықаралық стандарт – Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасын енгізуде. Қазақстан ӨСАБ-ға 2007 жылы қосылғанымен, жалпы талаптар 2021 жылдың 1 қаңтарында жасалды. Құжатқа сәйкес, берілген немесе өзгертілген барлық келісімшарттар мен лицензиялар туралы ақпарат ашық көрсетілуі керек.

"Расында, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өз сайтында жер қойнауын пайдалануға арналған жаңа құжаттарды жариялайды, ал 2023 жылдан бастап Энергетика министрлігі де осындай қадамға баруды жоспарлап отыр. Жұмыс жүріп жатқан сияқты. Есеп 2021 жылдан бастап беріледі. Бірақ бұл қазақстандықтардың талаптарына сәйкес келе ме?", - деп сұрады депутат.

Бұл ретте ол ел экономикасының негізін жер қойнауын пайдалану саласы құрайтынын атап өтті. Оның ішінде мұнай, металдар, уран мен көмір өндіру және экспорттау салалары бар.

"Бұл салалардағы барлық негізгі келісімшарттар сонау 90-шы жылдары жасалған. Сондықтан 1991 жылдың 25 қазанынан – тәуелсіздігімізді алған күннен бастап жасалған талаптарды жария ету қажет. Үкімет құжаттардың толық ашықтығын қамтамасыз етуі керек. Атап айтқанда, келісімшарттар жасау және лицензия алу, өндіру және өңдеу, тасымалдау және сату, алынған кіріс, пайда мен шығындарды бөлу, салық салу және бюджетке төленетін төлемдер, барлық кезеңдерде баға белгілеу. Яғни, толық аудит жүргізу қажет. Мұның бәрін ұлттық мүдде тұрғысынан бағалау керек", – деп түйіндеді Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу