Жер қойнауын геологиялық зерттеуге 8 млрд теңге бөлінді

3633

Инвесторларға жайлы жағдай жасалады.

Жер қойнауын геологиялық зерттеуге  8 млрд теңге бөлінді

Қазақстанда жер қойнауын геологиялық зерттеуді алдын ала талдау Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтпаев қалалары мен Ұлытау ауданын кешенді дамыту жоспарын жүзеге асыру және 2020 жылға дейінгі аймақтық даму бағдарламаларын орындау негізінде атқарылады. Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті мен "Қазгеология" ұлттық геологиялық барлау компаниясы" АҚ-ның соңғы 10 айда атқарған жұмысының қорытындысы жарияланған жиында геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Ақбатыр Надырбаев осылай деді.

Оның сөзінше, биыл 78 учаскеде жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмысы жүргізілген. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 8 млрд теңге бөлінген.

"Біз іздеу, барлау және бағалау жұмыстары арқылы жаңа кен орындарын анықтап, минералды ресурстардың болжалды көрсеткішін нақтыладық. Соңғы 10 айда бұрын зерттелген учаскелердегі 1 темір рудасы, 1 нефритоид сондай-ақ 1 көмір кен орны мемлекет балансына берілді. Осы уақытқа дейін кен - 12 млн, мыс - 58 млн, уран - 92 млн, мұнай - 17 млн тоннаға, ал минералды сулар тәулігіне - 35 мың кубқа көбейді", – деді комитет төрағасы.

Ақбатыр Надырбаев биыл 29-шы маусымда қабылданған кодекске сәйкес, "Бірінші келді – бірінші алды" қағидасы енгізілгенін және жер қойнауын пайдалану құқығын беру мерзімі қысқарғанын айтты.

"Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасы қабылданды, геологиялық ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз етілді", – деді ол.

Өз кезегінде "Қазгеология" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қадыржан Қауылдашев "Қазгеологияның" инвестициялық портфелінде геологиялық барлауға 52,5 млрд теңге қарастырылғанын баяндады.

"Елдің минералды-шикізат базасын кеңейту мақсатында "Қазақмыс" корпорациясы және "Қазцинк" компаниясымен барлау жұмыстарын бірлесіп атқаруға көштік", – деді басқарма төрағасының міндетін атқарушы.

Оның сөзінше, еліміздің 8 облысынан сирек кездесетін металдың 18 кен орны табылған.  

"Бұдан бөлек Батыс Қазақстан облысының аумағынан асыл металдар мен литийдің байытылған аймақтарын анықтау бойынша геологиялық барлау жұмысы басталды", – деді Қадыржан Қауылдашев.

Сөз арасында ол компанияның даму стратегиясындағы мақсаттармен бөлісті.

"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының геологиялық дерекқоры мен инфрақұрылымының сапасын жақсарту үшін  ұлттық минералды ресурстардың ұлттық дерек банкін құруды жоспарлап  отырмыз. Осы арқылы геологиялық деректерді біріктіріп, мемлекеттік органдардың қызмет көрсетуінің ашықтығын қамтамасыз етіп, инвесторлардың жер қойнауын пайдалануына жайлы жағдай жасамақшымыз", – деді басқарма төрағасының міндетін атқарушы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу