Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жаңа Ата заң жобасындағы жерге қатысты норманы түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қоғамда қауіпті жалған ақпарат әдейі таратылып жатқандықтан айтуға мәжбүрмін. Әлеуметтік желілерде жаңа Конституция жобасы шетелдіктерге жер сатуға жол ашады деген негізсіз пікір тарап жүр. Сондай-ақ, Конституция жобасы Президентке немесе болашақ Құрылтайға жерді өз қалауы бойынша басқару құқығын береді деген жаңсақ ойлар кездеседі. Бұл – жалған, саналы түрде жүргізіліп жатқан дезинформация. Конституция жобасында жерді сатуға рұқсат беретін бірде-бір норма жоқ. Керісінше, қолданыстағы Конституцияның 6-бабы еш өзгеріссіз жаңа Конституцияның 8-бабының негізіне алынған", – деді депутат.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, "жер жаппай сатылатыны" туралы әңгімелер – құқықтық сауаттың жоқтығы немесе әдейі жасалған манипуляцияның көрінісі.
"Сондықтан тағы да ерекше қайталап айтамын. Жаңа Конституция жобасы жерді шетелдіктерге сатуға ешқандай мүмкіндік бермейді. Жер бұрын да ұлттық байлық болған, қазір де, болашақта да солай болып қала береді", – деді мәжілісмен.
Айта кету керек, бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Конституция жобасы талқыланғанын жазғанбыз.