Жерде жаңа жыл мезгілі пайда болды

2217

Бірақ ол қыс, көктем, жаз бен күз арасында ауысып, "көшіп" жүретін көрінеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жерде жаңа жыл мезгілі пайда болды Фото: canva

Зерттеулер көрсеткендей, Жер ғаламшарында жаңа жыл мезгілдері пайда болуда. Бұған адамзат өзінің былықты қызметімен климат пен табиғатты өзгертуі арқылы ықпал еткен. Бұл туралы livescience журналы жазды.

Жаңа зерттеу еңбегінде Жер планетасының өз тарихында бұрын-соңды болмаған жаңа, "адами жыл маусымдарының" пайда болуы кесапатына жолыққаны баяндалады.

"Адами" делінетіні, жаңа маусымдарының (сезон) туындауына адамзаттың Жердің табиғи ырғағын бұзуы себепкер болыпты, деп нақтылайды Associated Press.

"Жыл маусымдары – бұл жылды қыс, көктем, жаз және күз деп, жай ғана бөліктерге бөліп тастау деген сөз емес. Бұл – біздің табиғатпен өзара әрекеттесуіміздің тәсілі. Тарихтың бастауында адамдар жыл мезгілдерін – табиғат ырғағымен, мәдени дәстүрлермен және ауыл шаруашылығы циклдарымен үйлесетін орнықты және болжалды кезеңдер ретінде қабылдаған. Бірақ содан бері бізге үйреншікті болған маусымдар өзгеруде. Адамзаттың қызметінің кері әсерінен климаттық циклдерді болжау, ара-жігін ажырату барған сайын күрделі бола түседі", – деп ескертті ғалымдар.

Жаңа зерттеу авторларының тұжырымауынша, жаңа, толығымен "антропогенді сезондар", яғни, адамдар "өз қолымен жасап жатқан" жыл мезгілдері пайда болуда.

Жаңа маусымдардың мысалдары

Біріншісі – "Тұмша маусымы" ("Сезон смога", түтіннен, тұманнан және шаң-тозаңнан тұратын аэрозоль). Әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Америкада, сондай-ақ басқа құрлықтарда көктемде немесе күзге қарай жерді өзге өсімдіктерден және арамшөптен адалау, орнына егін салу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер алқаптарды және жапсарлас орманды жаппай өртейді.

Мұның соңы кең ауқымды дала және орман өрттерінің туындауына соқтырады. Дәл осы кезеңде аспанды қою қара түтін басады.

Екіншісі – "Қоқыс маусымы". Бұл маусым теңізбен және мұхитпен шектесетін елдерде бой көрсетеді. Мәселен, Балиде қараша мен наурыз аралығында теңіз ағыстары тонна-тонна пластикалық қалдықтарды жағалауға шығарып тастаумен болады.

Басқаша айтқанда, адамның теңізге тастаған былығын өзіне қайтарып береді. Бұл маусымда біраз ел жағалаудағы елді мекендерді қоқыстан тазартуға жұмылуға мәжбүр.

Зерттеушілер осымен бір уақытта дәстүрлі маусымдар "жойыла" бастағанына назар аудартып, дабыл қақты. Шамалыдан соң күзді қыстан, қысты көктемнен айыру қиындауы мүмкін. Мұндай түбегейлі өзгерістер экожүйелер мен өсімдік-дақылдар үшін күйретуші салдарларға соқтыруда.

Сонымен қатар ғалымдар солтүстікте "теңіз құстарының ұя салу маусымы" сияқты ғылыми маусымдар да жойылып бара жатқанына қапаланды.

Тағы бір селт еткізерлік жаңалық: болашақта жаһан жұртшылығы қысқы Олимпиададан айрылып қалуы мүмкін.

"Ғаламшардың біраз өңірінде қыс, яғни, қар жауу маусымы тарих қойнауына кете бастады. Бұл қысқы спорт түрлеріне қауіп төндіреді. Жасанды қар пайдалануға мәжбүрленіп жатқан тау-шаңғы курорттарының саны барған сайын артуда", – делінген зерттеуде.

Табиғаттың жаңа ырғағы

Ғалымдар кейбір өзгерістерді "синкопияланған маусымдар" деп атауға болатынын жеткізді. Мысалы, әуелей жөнелген әуен бастапқыда баршаға үйреншікті, әркім білетін музыка сияқтыланады. Бірақ шамалыдан соң адам оның ырғағы басқаша, бұрмаланған екенін түсінеді, тіксінеді. Бұған – экстремалды ыстық жаз, шектен тыс жұмсақ қыс, аномальды табиғи құбылыстар және басқасы жатады.

Зерттеушілер тағы бір терминді қолданды: "аритмиялы маусымдар". Бұл жүрек аритмиясы ұғымынан алынған және үйреншікті уақыт циклдарының бұзылуын сипаттайды. Мысалы, ерте туған көктем, ұзап кеткен жаз, тым қысқа қыс сияқтылар.

Мұндай іркілістер мен серпілістер табиғаттағы синхрондылықты бұзуда: жануарлар, өсімдіктер, адамдар да әдеттегі ырғағынан көз жазып қалады. Айталық, адамдардың күндіз ұйқысы келеді, мең-зең болады, түнде ұйқысыздық басып, стреске ұшырайды.

Бұған адамдардың өзі айыпты: мәселен, солтүстік Тайландта алып бөгет-дамбаның тұрғызылуы алдымен балықтардың жолына тосқауыл қойып, су жануарларының миграциясын бұзған. Ізінше топырақтың тыңаю циклына нұқсан келген.

Ақырында соның кесірінен Тайландың бұл бөлігінде климат толық өзгеріп, әлдеқайда құрғақ маусымдар көбейген. Әдеттегі жаңбырлардың орнын болжап білуге болмайтын, ұзақ төкпе нөсерлер басқан.

"Біз бұл өзгерістерге лайықты үн қатуымыз керек. Бірақ ісіміз тиімді болмаса, проблеманы одан әрі ушықтырып алуымыз мүмкін. Ең бастысы, шаралар адамдарға жаңа маусымдарға бейімделуге септескені жөн", – дейді зерттеушілер.

Оңтүстік-Шығыс Азия өңірі "тұмша маусымы" проблемасының байыбына баруы арқасында қою түтінді тұтатын сүзгі-фильтрлер орната бастады. Сондай-ақ ауа райы болжамын жетілдіріп, қоғамдық денсаулық сақтаудың қосымша шараларын қабылдады.

Алайда проблеманың бастау-қайнарын, ошағын, яғни, дала мен орманды жаппай өртеуді жоймай, бұл шаралардың бәрі жартыкеш болады әрі жай ғана жыртықты уақытша жамағанмен бірдей.

Бұдан бөлек, шенеуніктер тегеурінді тетіктерді түзу орнына "жаңа маусымдарды" елдегі проблемалардың сылтауы ретінде және жауапкершіліктен жалтару үшін пайдалануы мүмкін.

Сондықтан ғалымдар экологиялық дағдарыс тұйығынан шығу үшін мемлекеттерді осы процестерді адал мойындауға және оның тиімді шешімін қоғаммен, ғылыми қоғамдастықпен бірге іздеуге шақырды.

"Жыл мезгілдері – жылдың жай ғана бөліктері емес, бұл біздің Жермен байланысымыз! Жердің жаңа ырғақтарына бейімделе алсақ қана біз барынша орнықты болашақты құрамыз. Бұл жолда біз байырғы ата-бабаларының асыл рухани мұрасын сақтап, табиғаттан кіндігін үзбеген тұрғылықты халықтардың құнды білімін пайдалануға тиіспіз. Олар Ай фазаларымен, Күн қозғалысымен, жұлдыздармен, жаңбырмен және басқасымен байланысты, табиғи циклдарға негізделген ескі "уақыт өлшеу тәсілдеріне" ие. Осы халықтар бізге орнықты, әділ шешімдер табуға көмектеседі, жөн сілтейді", – деп үміт білдірді зерттеушілер.

Айтқандай, биылғы тамызда әлем түнекке кіреді: ғасырдағы ең ұзақ күн тұтылуы болады деп күтілуде.
 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу