Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жекелеген партиялардың осы жүйеден бас тарту жөніндегі ұсыныстарына түсініктеме бере отырып айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бір партия өңірлік деңгейде мажоритарлық принципті мүлде алып тастау мәселесін көтерді. Бұл біз үшін күтпеген жайт болды. Біз: "Жоқ, мажоритарлық деңгей сол қалпында қалады" деп жауап бердік, – деді ол.
Оның айтуынша, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары бұрынғыдай бір мандатты округтер бойынша сайлана береді.
– Олар жергілікті халықпен тікелей жұмыс істеп, нақты мәселелерді шешеді. Сондықтан сайлаушылар өз депутаттарын тікелей таңдау мүмкіндігіне ие болуы керек, – деді Мемлекеттік кеңесші.
 
                                         
                                         
                                         
                                         
                                         
                                        