Түркістан облысы Жетісай ауданының Асықата кентінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатовтың қатысуымен "ASYQATA" спорт кешені салтанатты түрде ашылды.
Құттықтау сөз сөйлеген Нұралхан Көшеров өңірде спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, пайдалануға берілген жаңа спорт кешені жас ұрпақты спортқа баулуда үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.
Қазақстан үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов та жиналған қауымды құттықтады:
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға және өңірлерде заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Осындай жобалардың жүзеге асырылуы ұлт денсаулығын нығайтуға және елдің спорттық резервін қалыптастыруға ықпал етеді. Қазақстан үстел теннисі федерациясы бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, өңірлерде теннис орталықтарын салу жобаларын іске асыруда. Бүгінде заманауи үстел теннисі орталықтары Астана мен Алматыда (екі орталық), Шымкентте, Қарағандыда, Павлодарда, Ақтөбеде, Таразда, Өскеменде, Талдықорғанда, Петропавлда және Қызылордада жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ спорт мектептері жанынан спорт залдары мен үстел теннисі бөлімшелері ашылып, бұл спорт түрінің баршаға қолжетімді болуына мүмкіндік беруде.
Біз Асықата кентінде спорт кешенін ашуды кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Себебі Жетісай ауданы – Қазақстандағы халқы ең тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Сонымен қатар мұнда білікті бапкерлер құрамы бар. Олар үстел теннисінен ел кубогының иегерлерін, Қазақстан чемпионаттарының жүлдегерлерін, жастар біріншіліктерінің және халықаралық турнирлердің жүлдегерлерін тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарында Абдулла Мамай, Рамазан Назир, Назым Серікбай, Орынбасар Есімхан, Назерке Болатбек бар", — деді Елсияр Қанағатов.
"ASYQATA" спорт кешенінде екі зал бар. Бірінші залдың аумағы 540 шаршы метрді құрайды, мұнда 9 кәсіби үстелмен жабдықталған үстел теннисі залы, арнайы еден жабыны мен төрешілік құрал-жабдықтар орнатылған. Бұл залда облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік бар.
Екінші зал бокстан және күрес түрлерінен жаттығулар өткізуге арналған. Оның жалпы аумағы 560 шаршы метр және заманауи спорттық жабдықтармен қамтылған.
Сондай-ақ кешенде 30 орындық қонақүй, асхана, медициналық кабинет, жаттықтырушылар мен киім ауыстыратын бөлмелер, екі сауна және ашық мини-футбол алаңы бар.
Жалпы құны 1 млрд 200 млн теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысына инвестор ретінде Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин төрағалық ететін "Sport Asset Management" қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетті.