Талдықорғандық "Жетісу" футбол клубы Қайрат Нұрдәулетовтің команданың жаңа бас бапкері болып тағайындалғанын ресми түрде жариялады.
"Қайрат Нұрдәулетов – "Жетісу" футбол клубының бас бапкері! Тәжірибелі маман команда тізгінін қайта қолға алды. Алда жаңа мақсаттар мен үлкен міндеттер", – делінген клубтың ресми мәлімдемесінде.
43 жастағы маман бұған дейін "Жетісу" клубында 2023-2024 жылдары жұмыс істеген.
Одан кейін павлодарлық "Ертіс" командасын басқарды. Ал, өткен маусымда Қазақстан Премьер-лигасында (ҚПЛ) көкшетаулық "Оқжетпестің" бас бапкері қызметін атқарды.
Қайрат Нұрдәулетов 2012-2013 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны болды, сондай-ақ Қазақстанның үш дүркін чемпионы (2002, 2003, 2014) және Қазақстан кубогының үш дүркін иегері (2007, 2010, 2012).
Өткен маусымда "Жетісу" командасы Самат Смақовтың жетекшілігімен 21 ұпай жинап, турнир кестесінде 12-орынға тұрақтаған еді.