Жетісу облысы еліміздің бас экономисінің үмітін ақтамады

4995

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 13 маусымда, ақпарат құралдарына брифингінде Жетісу облысының 2022 жылғы өз табысы 58 млрд теңгені құрайды деп мәлімдеген. Енді облыс табысы одан әлдеқайда аз екені белгілі болды.  

Жетісу облысы еліміздің бас экономисінің үмітін ақтамады

Сонымен Президенттің жарлығымен жаңадан құрылған үш облыстың ішінде ресми сайтын ашып, бюджетін нақтылауда Нұрлан Ұранхаевтың командасы озып тұр. Алғашқы болып Абай облысының төл, ресми сайтын ашты. Қынжылтатыны сол, адамзаттың кемеңгері Абайдың, ғұлама Шәкәрімнің, беткеұстар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің – туған жері саналатын бұл өңірдің ресми интернет-ресурсының мемлекеттік тілдегі нұсқасы ақсап тұр. Мысалы, аймақ басшысы Нұрлан Телманұлы мемлекеттік тілде өзін "Аким области Абай" деп таныстырып қойыпты. Басқа да жат сөздер өріп жүр. Ал қалған екі облыстың сайты да жоқ. Мысалы, Бейбіт Исабаев басқаратын Жетісу облысының әкімдігі Марат Сұлтанғазиев басшылық ететін Алматы облысының ресми сайтын пайдаланып отыр.

Өзінің жеке облыстық бюджетін де бірінші болып, Абай облысы жариялады. Қазір Жетісу облысы өз бюджетін қоғамдық талқыға шығарды. Жалпы Алматы облысынан бөлінген жаңа өңірдің көрсеткіштері тым қарапайым көрінеді.

Жетісу облыстық мәслихатының дерегінше, 2022 жылы облыстық бюджет жобасының кірістері Қуантыров күткендей, 58 млрд емес, одан әлдеқайда төмен – 35 млрд 246,4 млн теңге ғана болады деп жоспарланған.

Оның ішінде салықтық түсiмдері – 34 млрд 290,5 млн теңге, салықтық емес түсiмдері – 926,8 млн теңге, негiзгi капиталды сатудан түсетін түсiмдері – 29,1 млн теңге. Орталықтан ешқандай трансферттер алмайтын көрінеді.

Облыстың биылғы жалпы шығындары – 35 млрд 246,4 млн теңге деп көрсетілген. Таза бюджеттік кредиті – 0 теңге, бюджет тапшылығы – 0 теңге, қарызы – 0 теңге. Осылайша, жаңа облыс "көрпесіне қарай көсіледі", тапқанын ғана жұмсайды.

Салыстыру үшін айтсақ, "Алматы облысының 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджетіне" сәйкес, Алматы облысының 2022 жылғы төл кірістері 976 млрд 370,2 млн теңгені құрады. Ал шығындары одан да көп: шығысы 2022 жылы 986 млрд 978,2 млн теңге болды.

Бірақ сарапшылардың айтуынша, проблемалық, дотацияға тым тәуелді аумақтар негізінен Жетісу облысына кеткендіктен, алда Алматы облысының табысы шығысынан асып түсуі мүмкін. Мұны Ұлттық экономика министрлігі де жоққа шығармады. Ол сондай-ақ Жетісу облысының әлеуетін өзге екі жаңа өңірге қарағанда нашарлау бағалады.

"Біздің алдын ала есептемелеріміз бойынша, қайта құрылымданып отырған Алматы облысы болашақта республикалық бюджеттің шағын бір донорына айналуы мүмкін. Ал жаңадан қалыптастырылып жатқан облыстарда өнеркәсіптік өндірістің көлемі артады деп күтілуде. Нақтылай кетсек, Абай облысында – 1 триллион теңгеге дейін, Ұлытау облысында – 855 миллиард теңгеге дейін, ал Жетісу облысында – 275 млрд теңгеге дейін", – деді экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Яғни мұнда да Абай облысының шоқтығы биік болып тұр. Дегенмен Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) көрсеткіші бойынша бұл өңір озықтар емес, орташалар қатарында. 2022 жылы ЖӨӨ жөнінен жаңа өңірлер арасында Ұлытау алдына қара салмайды. Әл-ауқаты әр тұрғынына шаққанда 5,5 млн теңгеден келеді. Абай облысында бұл 3,1 млн теңге, ал Жетісу облысында – 1,6 млн теңге көлемінде болады деп болжанып отыр.

Бұған дейін хабарланғандай, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының әкімдіктерін жасақтау үшін кем дегенде 12 млрд теңге ел қаржысы шығындалмақ. Онсыз да әкімшілік орталығы болған Талдықорғанды иемденіп қалған, яғни "астанасын" өзгертпейтін Жетісу облысы да шығын талап етіп отыр: оның әкімдігі 16 әкімшілік нысанға 3,5 млрд теңге сұраған. Жезқазғанды орталық еткен Ұлытау облысы – 17 объектіні жөндеп, жабдықтауға – 7,6 млрд теңге, ал Абай облысы – 10 объектіге әзірше 839 млн теңге сұратқан.

Бірақ бұл шығындардың басы ғана екен.

"Әрине, тағы қосымша қаражаттар бөлу қажет болады. Керек кезде қаражат жергілікті бюджеттерден де, республикалық бюджеттерден де алынады. Бұл үшін қажетті тетіктер мен ресурстар бар. 12 миллиард теңге – тек бірінші кезеңге ғана арналған. Яғни көшуге, орналасуға, әкімдіктердің және облыстық басқармалардың жұмысын ұйымдастыруға жұмсалады. Жаңа облыстарда мемлекеттік органдар құрылғаннан кейін бюджет пен коммуналдық меншік ажыратылады", – деген еді Экономика министрі Ә.Қуантыров.

Бүгінде екіншісі түгіл, бірінші кезең толыққанды аяқталған жоқ. Үш облыста көптеген басқарма басшылары, қызметкерлер "міндетін атқарушы" мәртебесінде жүр.

Жетісу облысына оралсақ, аймақ басшысы Бейбіт Исабаев 2,5 айдан бері өз "иелігін" аралап, қолына не түскенін біліп, танып жүр. Мысалы, қазіргі кезде жүзеге асады деп жоспарланған жобалардың жалпы сомасы 500 миллиард теңге тұрады. 28 инвестор анықталған, 18 жер учаскесі бөлінген. Олардың арасында негізінен аграрлық Жетісу өңірі үшін жаңа индустрия саналатын жобалар бар. Мысалы, таяуда іске қосылған "Elite baby production" компаниясының кәсіпорны балаларға арналған жөргек (подгузник) және басқа да гигиеналық өнімдер шығаруға кірісіпті. Ал жобасына 4,7 млрд теңге құйылған "SSA Feed Mills" ЖШС зауыты жылына 60 мың тонна құрама жем шығарады.

Жалпы Қазақстанның қантқа деген қажеттілігін дәл осы Жетісу облысы өтеуге тиіс еді. Өйткені сала алыптары – Ақсу, Көксу қант зауыттары, қант қызылшасы егістіктерінің көбі сонда орналасқан. Өңір бұл миссияны еңсере алмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қантқа қатысты көп сын айтты, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа сөгіс жариялады. Смайылов Үкіметіне өңірлермен бірлесіп, шұғыл түрде Қант саласын дамыту жөніндегі жеке салалық жобаны әзірлеуді жүктеді.

Әйтпесе, қыста ашықпау үшін халық жеміс, көкөніске банкілерді толтырып, қаптаған тосап дайындайтын науқан келіп жетті, қазақстандықтар содан қантқа таласып, бірін-бірі жеп қоя жаздауда.

Президенттің мәліметінше, Қазақстандағы 7 қант зауытының тек 4-уі жұмыс істеп тұр. Бірақ олардың өзі 31%-ға ғана жүктелген. АШМ басшысы Мемлекет басшысына қант қызылшасынан алынатын қант көлемі 2026 жылға қарай 6 есеге – қазіргі 7-ден 43%-ға дейін артады деген есеп берді. Бұл ретте соңғы 4 жылда қант қызылшасы егістігінің көлемі үштен бірге азайып кетіпті.  

Осыдан кейін сарапшылар Жетісу жаққа аңтарыла қараған.

Жетісу облысы әкімдігінің хабарлауынша, Панфилов ауданындағы Жаркент крахмал-сірне зауыты қантқа деген мұқтаждықтың бір бөлігін жүгері шәрбатымен өтеуді ұсыныпты. Өйткені бұл дақылдың құрамында 75%-ке дейін қант бар көрінеді.

"Сондықтан өнімді табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады. Жаркент крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етуде. Жылына 75 мың тонна жүгері шәрбатын дайындайды. Алдағы уақытта қуаттылықты екі есе ұлғайтқалы отыр. Өңірге жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бейбіт Исабаев осы бағыттағы жоба-жоспарлармен танысты. Мәселен, елімізде қант тұтыну көлемі 550 мың тонна болса, соның жартысы – өндірістік сұраныс. Бұл қажеттіліктің негізгі бөлігін Жаркент крахмал-сірне зауыты өтеуге қауқарлы. Ол үшін жаңа желі ашып, кәсіпорынды кеңейту көзделіп отыр", – деп сүйінші хабарын жеткізді әкімдік.

Қазір зауыт жылына 120 мың тонна жүгеріні 97%-ға дейін өңдеп, 28 түрлі өнім шығарады. Кәсіпорынды кеңейту аясында 200 мың тоннаға дейін жүгері қабылдау жоспарда бар.

Бұдан не нәтиже шығатыны белгісіз. Өйткені халық шәрбатқа емес, қантқа таласып жатыр ғой. Сондықтан Исабаев командасына қант қызылшасы егістігін арттыру мәселесіне бәрібір бас қатыруға тура келеді. Бұған дейін осы түйткілдің түйінін тарқату Талдықорғандағы тақты біраз жайлаған Амандық Баталов пен Қанат Бозымбаевтың қолынан келмегенге ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу