Жетісуда Голландияның картобы өседі

Қажет Андас Қажет Андас
3889

Картоптың "Санте" және "Агрия" деген сұрыптары Жетісу жерін жатырқаған жоқ.  

Жетісуда Голландияның картобы өседі

Бүгінгі таңда картопқа деген қажеттілік Астанада - 68 мың, Алматыда - 123 мың, Алматы облысында - 438 мың тоннаға жетіп отыр. Бұл жетісулық картоп өсірушілерге табыс табуға беріліп отырған жақсы мүмкіндік.

"Биыл Кеген, Райымбек аудандарында 100 гектарға картоптың ерекше сұрпы себілді, 21 бірлік техника алынып, 2 сервистік дайындау орталығы құрылды.  2020 жылға қарай егіс алаңы 4,5 мың гектарды құрайды, өнімділігі жоғары картоп сұрыбының 135 мың тонна тұқымдық материалы алынды.

Жалпы алдағы уақытта облыста картоп жинауды 800 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. Бұл тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етумен қатар, іске қосылатын "Фарм фритц" картоп өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз етеді", – деген еді облыс әкімі Амандық Баталов депутаттарға берген есебінде.

Алматы облысында картопты мол өсіретін екі өңір бар. Бірі Жоңғар Алатауына жақын орналасқан Қоғалы, енді бірі Хантәңірінің етегіндегі Райымбек ауданы. Кезінде Қазақстанды ғана емес, одақты картоппен қамтамасыз етіп, даңқы шыққан қос өңір тәуелсіздік жылдары жүрісінен жаңылып қалды. Өзгені емес, өздерін картоппен қамтамасыз ете алмайтын дәрменсіз күйге дейін  түсті. Десе де кейінгі жылдары Райымбек ауданының тұрғындары қатарға қайта қосылды.

Жыл басында өңірлік коммуникация қызметінде журналистермен кездескен Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров: "Биылдан бастап ауданда картоп өндіруді қолдауға ерекше көңіл бөлеміз. "Жетісу" ӘК" ҰК арқылы 850 млн теңге қаржы бөлініп, Голландиядан сұрпы ерекше картоп тұқымын алу туралы келісім жасалды. Оны 200 гектарға егіп, 600 тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз. Осы арқылы тұқым шаруашылығын жандандырып, келесі жылы егіс көлемін 2 мың гектарға ұлғайтпақпыз", – деген болатын.

Әкім бұл міндетті бизнес өкілдерінің көмегімен шешуге болатынын түсінді. Сөйтіп аудандағы шаруа қожалықтарына барынша қолдау көрсетіп, бірлесіп жұмыс істей бастады. Нәтижесінде табыс еселене түсті.

Картоп өсірудің жанданатынына аудандағы ағайын сенім танытқаннан кейін облыс әкімі облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлгізіп, Жетісуға Голландиядан 290 тонна таза элиталық картоп тұқымы жеткізілді. Осылайша картоп өсіруге ынталы жұрт мол өнім беретін шетелдің "Санте" және "Агрия" тұқымына қарық болды да қалды.      
"Сырты тегіс, сары түсті шетелдік картоптың тұқымы жер, топырақ таңдамайды. Осының арқасында ауданның топырағы құнарлы алқаптары берекеге толды. Аталған екі тұқымның 238 950 келісі Текестегі картоп өсірумен айналысатын "Өркен", "Ерік", "Ретай", "Ақжол", "Самғат" сияқты қожалықтардың егіс алқаптарына егілді", – деді "Өркен" шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Нүсіпқожаев.         

Оның қожалығы 72 гектарға егілген элиталық тұқымнан гектарына 300-350 центнерден өнім алды. Пайдаға шаш етектен батқан шаруа қожалығы  келер жылы егіс көлемін 10 есе ұлғайтып, 720 гектарға картоп егуді жоспарлап отыр. 

Биыл Райымбек ауданы өз алдына шаңырақ көтерді. Жұрт қызығатын туристік жерлер Кеген ауданының еншісінде қалды да, Райымбек ауданы бар мүмкіндік пен қаржыны ауыл және мал шаруашылығын дамытуға құйды.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу