Жеткіліктілік шегін көтеруге балама – БЗТ төлеуден бас тарту ма?

6032

Біржолғы зейнетақы төлемін алуға қажетті "жеткіліктілік шегінің" тосын әрі күрт көтерілуі біраз қазақстандыққа төбесінен жай түскендей әсер етті. Мамандар бұл шешім енді инфляцияға қарқын қосуы мүмкін дейді. 

Жеткіліктілік шегін көтеруге балама – БЗТ төлеуден бас тарту ма?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2022 жылдан бастап, зейнетақы жинақтарының төменгі жеткіліктілік шегі (ТЖШ) өзгеретінін мәлімдеді. Әрине, бір-екі жүз мың теңгеге ғана өзгерсе, жұрт көп шуламас та еді. Бұл жерде өсім бірнеше миллионға жетіп отыр.

Сондықтан әлгі хабар алда баспана жағдайын жақсартуға немесе емделуге БЗТ алуды ойлап жүрген жүздеген мың қазақстандықты есеңгіретіп жіберді. БЖЗҚ-ның осы ақпарат жарияланған ресми сайты таңертең белгілі бір уақытқа істен шығып та қалды. Соның кесірінен зейнетақы есепшотынан көшірме алғысы келген азаматтар ол мүмкіндіктен уақытша айрылды.

Елорда тұрғыны Асқарбек Бекбосын жеткіліктілік шамасынан асып тұрған 1,7 млн қаражатына емделмек болыпты.

"Мемлекеттің шектеу шаралары кесірінен, әрі кезектің үлкен болуы себепті ота қаңтар айының басына қалған. Енді оны пайдалана алмай қалайын деп тұрмын. Себебі ТЖШ 7,5 миллион теңгеге дейін жоғарылап кетіпті. Клиникалар әртүрлі сылтау айтып, МӘМС аясында емдегісі келмейді. Ең болмаса, өз жинағыма емделейін деп едім. Билік оған да мүмкіндік қалдырмай отыр", – деп қапаланады ол.

Сонымен бұған дейін хабарланғандай, зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын пайдалану аясындағы жеткіліктілік шегі

 

 дейін шығандап кетті.

"ЕТЖ өсті, біз де өстік"

БЖЗҚ ел күтпеген өзгеріске ел Президентінің қыркүйектегі бастамасы себеп болғанын алға тартады. "Ең төменгі жеткіліктілік шегі қалай есептеледі?" деп сұрақ қойған қор мамандары оған өзі жауап берді.

"ТЖШ айқындау әдістемесіне сәйкес ТЖШ мөлшері әрбір жас ерекшеліктері үшін есептеледі және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін, яғни индекстелуін ескереді. Бұл ретте жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы (ЕТЖ), ең төменгі зейнетақы (ЕТЗ), ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Сондай-ақ әдістемеге сәйкес ТЖШ анықтау үшін Еңбекминінің ұсынысымен жыл сайынғы негізде қабылданатын көрсеткіштер де пайдаланылады. 2022 жылға әлеуметтік көрсеткіштер мөлшері ұлғайғандықтан ЕТЖ мөлшері 2021 жылы 42 500 теңгеден 2022 жылы 60 000 теңгеге дейін өскендіктен, 2022 жылға ТЖШ мөлшері де көбейтілді", – деп мәлімдеді БЖЗҚ.

Экономист-ғалым Марат Ерғозин қордың бұл түсініктемесінің шынайылығына шүбәланады.

"Қор жеткіліктілік шегінің бұлайша күрт артқанына Мемлекет басшысының 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешімі түрткі болды дегенге келтірді. Шынында, ТЖШ-ға тек ЕТЖ мөлшері ғана әсер етпейді. Заңнамада да, Үкімет қаулысында да болашақ зейнеткердің келешекте алатын ай сайынғы зейнетақы мөлшері ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен болмасын деп жазылған. Бірақ ЕТЖ алда 41%-ға ғана өседі. Ал ТЖШ бірден 1,5 еседен астамға ұлғайтылған. Ел Үкіметі алда жұмыс беруші есебінен жұмыскердің айлық кірісінің 5% мөлшерінде міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын жаппай енгізгелі жатыр. Демек жеткіліктілік шегі керісінше, төмендеуі керек еді", – дейді ол.

Сарапшы бір мәселеге мән бере кетті.

"Ұлттық банк те, БЖЗҚ да, Қаржы министрлігі де қоғамға бәрін қолмен қойғандай, егжей-тегжейлі түсіндіріп бермеген соң бұған әркім әртүрлі себеп іздеуде. Ұлттық банк БЗТ инфляцияны қоздыруда деген байламын айтқан еді. Керісінше, дәл осы қадам инфляция қарқынын жеделдетіп жіберуі мүмкін. Өйткені біріншіден, бұған дейін "зейнетақы қорындағы ақшамды бір алармын" деп асықпай жүрген азаматтар енді "желтоқсанда алып қалайын" деп тұра ұмтылды. Бұл баспана бағасының күрт қымбаттауына соқтыруы ықтимал. Екіншіден, бірқатар әріптестерім, сарапшылар және былайғы жұрт "билік жеткіліктілік шегінде теңгенің алдағы девальвациясын да ескеріп отыр" деген жорамал айтуда. Салдарынан, жұрт доллар сатып алуға жүгірді. Бұл теңгенің одан ары құнсыздануына, ізінше инфляцияның ұлғаюына соқтыруы әбден мүмкін", – деді М. Ерғозин.

Ол бір "жағымды жайт" барын атап өтті.

"Кейбір сарапшы мен ақпарат құралдары біржолғы зейнетақы төлемдерін төлеуді тоқтатуды табанды түрде ұсынып жатыр. Ел басшылығына бұл мәселеде қысым жасалуда. Ендеше Тоқаев тоқтатпағанда, ел зейнетақы жинағын ерте пайдалану мүмкіндігінен де айырылып қалуы мүмкін еді. Ал енді 2022 жылға жеткіліктілік шегінің арттырылуы БЗТ төлеу келесі жылы да жалғасады деген ойға жетелейді. Оның үстіне БЗТ-дан бас тартуды Президентіміз Қ. Тоқаевтың құптамағаны аңғарылады. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің таяудағы VI жиынында зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілгенін оң бағалады. Демек БЗТ-ның инфляцияға үлесін едәуір азайту үшін жеткіліктілік шегін көтеруге қатысты компромистік шешім қабылданғанға ұқсайды", – деді экономист.

Жұрт жинағын осы айда алуға ұмтылады

Айта кету керек, осының алдында бірқатар ақпарат құралдары мен ТENGENOMIKA секілді телеграм-каналдар бір-біріне ұқсас сараптама басты. Ондағы ортақ түйін: БЖЗҚ-дан БЗТ түрінде аударылған 1,6 триллион теңге артық жинақтар жанама түрде, яғни баспанаға, тауарлар мен қызметтерге шектен тыс сұраныс тудыру арқылы инфляцияға қосымша қысым жасап отыр-мыс. Экономист Олжас Құдайбергенов бұл байламның қате екенін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

"Бүгінде мемлекеттік басқару жүйесіндегілер бағалар өсімінің байыбына баруға тырысуда. Ұлттық банк басшылығы бағалардың өсуіне Президенттің ең табысты бастамасының бірін айыптаудан басқа ештеңе таппапты. Бірақ шынында олай емес. Тұтынушылық инфляция әртүрлі себептерге байланысты артуда. Шетелден импортталатын тауар қымбаттауда, былтыр девальвация нәтижесінде өсуге тиіс бағаның кейінге шегерілуі, монополистер тарифтерінің өсуі, әртүрлі тауарлардың маусымаралық жасанды тапшылығы. Зейнетақы ақшалары өз ерекшелігіне қарай әрі кеткенде тек баспана бағасына және резервке ғана ықпал ете алады", – деді О. Құдайбергенов.

Ол 2021 жылғы қарашаға дейін шамамен 1,6 триллион зейнетақы қаражаты жұмсалғанын, оның 250 миллиарды банктердегі ипотеканы жабуға кеткенін, тағы 130 миллиарды жаңа заемдар алуға бағытталғанын, сонда тек 1 трлн теңгедей сомаға баспана сатып алынғанын алға тартты. Бірақ ол қаражаттың бәрі тұрғын үй нарығына түскен жоқ. Өйткені көптеген әбжіл, пысық адамдар таныстарымен, жұбайының туыстарымен келісіп, БЗТ-ға баспананы тек қағаз жүзінде алды. Сөйтіп БЖЗҚ-дағы жинағын қолма-қол ақшаға айналдырып, банктердегі депозитіне салып қойғаны жасырын емес.

Яғни БЗТ триллионы нарықты қыздырды деуге келмейді.

"Қарапайым тілмен айтқанда, оның бөлшек тауар айналымына ықпалы жоқ. Ал тұрғын үй құрылысына шамамен 300 миллиард теңге ғана қосымша құйылды. Бұл ақшаның басым көпшілігі ақпан-сәуір аралығында игеріліп кетті. Содан кейін БЗТ-ның құрылыс саласына әсері өшіп қалды. Елдегі баға болса, содан кейін де шарықтады. Бұған шетелден әкелінетін, өзімізде өндірілетін құрылыс материалдарының қымбаттауы әсер етті. Ұлттық банк бұл факторды не қасақана байқамайды немесе айқын нәрсені түсінбейді", – деген тоқтамға келді Олжас Құдайбергенов.

Назар аударатын мәселе, Президенттің ізгі бастамасын тоқтатуды мақсат тұтқан күштер азаматтарды БЖЗҚ жинақтарын ерте пайдалану мүмкіндігінен айыру туралы мәселе көтере бастағалы бері БЗТ-сын тезірек алып қалуға тырысқандар саны күрт өскен. Мәселен, осы мәселе алғаш көтерілгенде, қараша айының басында қазақстандықтар қордағы шамамен 1,6 триллион теңгесін пайдаланған еді.

Арада бір ай ғана өткенде, 3 желтоқсандағы жағдай бойынша бұл сома 2 триллион 45,8 миллиард теңгеге жеткен. Енді жеткіліктілік шегі күрт көтеріліп, дүрлігіс туғызғандықтан, бұл сома тіптен артуы мүмкін. Ал экономика мен нарық заңы бойынша аз ғана уақыт ішінде нарыққа түскен ақша массасы экономиканы қыздыруы, инфляцияны жеделдетуі, ұлттық валютаның құнсыздануына соқтыруы мүмкін.

Әлеуметтік желіде пікір білдірген қазақстандықтар БЖЗҚ-ның әртүрлі сылтау айтып, азаматтардың төл жинағын бермеуге тырысатын шығар деп қауіп білдіруде. Негізсіз емес сияқты, себебі кейінгі кезде бас тарту саны көбейген. Қордың өз мәліметі бойынша, 3 желтоқсандағы дерекке сәйкес, 95 879 адамның өтінішінде сұралған 287,9 миллиард теңге қаржыны БЖЗҚ тұрғын үй жағдайларын жақсартуға беруден бас тартқан. Салыстыру үшін айтсақ, тамыз айында тек 55,5 мың адамның 199 млрд теңге жинағы кері қайтарып алынған еді.

Қынжылтатыны сол, билік 15 634 адамға жеткіліктілік шегінен асқан 9,1 млрд теңге жинағын емделуіне жұмсауына рұқсат етпей қойыпты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу