banner

"Жезқазған мысы өзімізге сапасыз кабель болып оралып жатыр"

7916

Электр желілерін 100 пайыз отандық өніммен қамту жоспарланып отыр. 

"Жезқазған мысы өзімізге сапасыз кабель болып оралып жатыр"

Тұрғын үйлерде өрт оқиғаларының жиілеуіне электр сымдарының сапасыздығы де әсер етіп жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осындай пкір білдірді, – деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Сенаттың Үкімет сағатында депутат Сергей Ершов "Қазақмыс" компаниясының мүддесін қорғап, кәсіпорын Қазақстан нарығына өз өнімін өткізе алмай отыр деген уәж айтты. Бұл уәжін ол өнеркәсіптік саясаттың Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне бағыттаған болатын. 

"Қазақстан темір жолы" жолдарын электрмен жабдықтап жатыр. Оған қажет негізгі материалдың бірі – мыс троллей. Мен көп жылдар бойы "Қазақмыста" жұмыс істеген адаммын. Ол жерде жылына 50 мың тонна мыс сымын шығаратын кәсіпорын бар. Троллейге керегі де осы сым. Мен "Қазақмыста" істеп жүргенде осы сымды "Қазақстан темір жолына" өткізу үшін жыл әуреленіп, жол сала алмай қойғанбыз. Түсінбейтініміз, "Қазақмыс" Қазақстан аумағында ештеңе сатып отырған жоқ. Сатқысы келмегендіктен емес, сата алмағандықтан осылай болып тұр", – деді депутат.

Бейбіт Атамқұлов "Қазақмыстың" мысын өзімізде өңдеп, дайын тауар етіп шығаруға кедергі болып тұрған факторларды тізіп берді. 

"Расымен де, "Қазақстан темір жолы" компаниясының 5 жылға арналған үлкен жоспары қолға алынып жатыр. Достық-Ақтөбе-Мойынты бағытындағы теміржолды электрмен сүйемелдеу көзделіп отыр. Аса ұзақ қашықтық деуге болады. Қазалы мен Арыстың арасын да электрлі теміржолмен жалғау қарастырылған. Жаңа  учаскелер де бар. "Самұрық-Қазына" теміржол саласымен байланысты 50-ден астам жобаны іске асырып жатыр. Өкінішке қарай, министрлік теміжол саясатын реттегенімен, оперативтік басқару "Самұрық-Қазынаның" қолында. Қазір біз оффтейк-келісімшарттар арқылы жергілікті мазмұнның үлесін арттыруға күш салып жатырмыз",– деген министр электрмен жабдықтау саласындағы заңнаманың босаңдауы салдарынан фейк-кәсіпорындар көбейіп кеткенін еске салды.

"Бізде қазір кабель өнімін сапалы шығаратын 14 кәсіпорын бар. Сапалық стандарты бойынша еуропалық өнімдерден кем түспейді. Тіпті Қытай өнімдерінен әлдеқайда сапалы. Қазір тұрғын үйлердегі өрттерден жиі зардап шегіп жүрміз. Мұндағы мәселе осы бағытты тым либералдандырып жібергенімізден шығар. Соның әсерінен үйлерге анағұрлым арзан кабельдер тарта бастадық. Кабель арзан болуы оның қимасының қалыңдығына байланысты. Тіпті ішіндегі сымның өзін аралас металдан жасайтындар бар. Қазір мынадай жағдай қалыптасқан. Біздің Жезқазғанның экспортқа кеткен сапалы мысы, өзімізге стандартқа сай емес сапасыз кабель болып оралып жатыр. Қазақстанда кабель өндірушілердің бәрін қолдап отырмыз. Бірақ фейк-кәсіпорындар көбейіп кетті. Индустриялық сертификат алу үшін ғана ашылғандары бар. Сырттан қарасаңыз, қазақстандық өнім жасап жатқан сияқты. Ал, шын мәнінде, сатып алған дайын өнімге марка жапсырып қана отыр. Біз кезінде бақылау өкілетінің бәрінен айрылып қалғанбыз. Тіпті тексере де алмаймыз. Тексеретін құрылым да жоқ құзырымызда. Бірақ нормативтік-құқықтық база арқылы, реттеу тетіктері мен нормалар енгізу арқылы, өнеркәсіптік саясат арқылы тәртіпті қалпына келтіргіміз келеді", – деді вдеомство басшысы.

Бейбіт Атамқұлов Атырауда салынып жатқан полипропилен зауытына үлкен үміт артып отырғандарын тағы да қайталады.

"Біз неге өз мысымызды өзіміздің кабель өндірісіне лайықтап өңдей алмаймыз? Алдымызға ішкі сұранысты 100 пайыз қазақстандық кабельмен қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз. Қазір ол 35 пайыз ғана. Алюминий кабельдер де тек қазақстандық өнім болуы керек. Атырауда полипропилен зауытының жобасы жүріп жатыр. Бірегей өндіріс ошағы болады. Биыл полипропилен шығара бастаймыз. Сол зауыттың айналасында тұтас кластер құрылады. Кабельдің қабын содан алсақ, өндіріс 100 пайыз отандық мазмұнға ие болады", – деп сендірді министр.

Ол, сондай-ақ, ішкі өндірістің шикізат базасын нығайту үшін мыс концентратын экспорттауға шектеу қою керек деген ой айтты.

"Біз мыс концентрантын сыртқа шығаруды шектеу мәселесін көтеріп жүрміз. Оның бәрі өзімізде қайта өңделуі керек. Сонда ғана қосылған құн салығы жоғары тауар шығара бастаймыз", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Есжан Ботақара
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу