Ең алдымен, 15 қарашада "Таң самал елінде" қоғамды дүр сілкіндірген бірінші жанжал бұрқ етті. Мемлекеттік емтиханда салық есебі мамандығы бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен 34 жастағы Хан Вон Сок алаяқтық жасағанын ашық мойындады. Бірақ бұл жай "шпаргалка" пайдалану емес еді: тұтас схеманы жолға қойған.
Талапкер құйтақандай жасырын камераға емтихан тапсырмаларын білдіртпей түсірген. ЖИ сол суреттерді өңдеп, дұрыс жауаптарды дайындаған. Даяр нұсқаны ол нейрожеліден смартфон мен жасырын электронды құрылғылар арқылы ала алған, деп жазды inbusiness.kz.
"Мен салық есебі бойынша емтиханда көшірдім. Жоғары нәтижем адал еңбегімнің арқасында келген жоқ!", – деп ашық мәлімдеді Хан Вон Сок өз адвокаты арқылы таратқан бейнежазбасында.
Бұл мойындау Кореядағы әрбір мектеп түлегінің болашағын айқындайтын басты сынақ – "Сунын" (CSAT) ұлттық емтиханына небәрі 4 күн қалғанда жарияланды. Бұл тест нәтижесі әр талапкердің университетке түсуіне ғана емес, оның болашақ мансабына, жоғары жалақысына және қоғамдағы орнына тікелей әсер етеді.
Билік пен қоғамды алаңдатқан жайт: жаңа айла-шарғы кез келген адам пайдалана алатындай оңай көрінеді. Бұрын емтиханда адал емес жолмен жоғары балл жинау үшін біреулер аудитория сыртынан сауатты жауап жолдайтын білімді сыбайлас іздейтін. Ал, енді кішкентай камера, байланыс құралы мен жасанды интеллект барлық жұмысты үн-түнсіз, көп шығынсыз атқара алады.
"LEET бомбардирдің" өлімі Оңтүстік Кореяны есеңгіретті
Бұл оқиғаның ең қайғылы тұсы – Сеул ұлттық университетінің (SNU) стоматология факультетінде оқыған 32 жастағы Ли Джин Удың қазасы болды. Таңертең оның жоғалғаны туралы хабар түскен бойда полиция студентті іздеуге кірісіпті.
Оңтүстік Кореяның ақпарат құралдары оны "LEET 만점자", яғни, LEET емтиханынан ең жоғары балл жинаған шәкірт деп атады. Корей тілінен бұл тіркесті "LEET бомбардир" деп те аударып жүр. Бірақ мұның футболға еш қатысы жоқ. Ли Джин У заңгерлікке түсу емтиханы (LEET) енгізілген 2008 жылдан бері онда тұңғыш рет ең жоғары нәтижеге қол жеткізген адам ретінде танылды.
Оның тосыннан білім жолындағы биік белестерді бірінен соң бірін бағындыра бастауы бүкіл елді таң-тамаша қалдырды. Бұған дейін, 2013 жылы Лидің мектеп бітіру емтихандарынан алған бағалары орташа деңгейден төмен болған екен. Бірақ арада он жыл өткенде оның үлгерімі күрт жақсарды.
2024 жылы ол беделді Корей университетінің саясаттану факультетіне оқуға түсті. Кейін Шанхай ұлттық университетіне ауысып алды. 2026 жылы CSAT емтиханынан ең жоғары баға алды. Одан соң заңгерлікке түсуге арналған LEET сынағында абсолютті рекорд орнатты.
Хан Вон Соктың бухгалтерлерге арналған емтихандағы алаяқтығына қатысты жанжал өршіген кезде интернет пайдаланушылар Ли Джин Удың да жетістіктеріне күмәнмен қарай бастады.
Оның ғаламторда жарияланған жауап парағына үңілген жұрт бір оғаш жайтқа назар аударды: сызылып тасталған 5 жауабының нұсқасы көршілес сұрақтардың дұрыс жауаптарымен дәл сәйкес келген. Осыдан кейін желі қолданушылары емтихан нәтижелері қолдан түзетілген болуы мүмкін деген күдік білдіріп, студенттің бұған дейінгі CSAT нәтижелерін қайта қарауды талап етті.
Алайда Ли өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарды. Ол 2013 және 2018 жылдары тапсырған сынақтарда төмен нәтиже көрсеткенін жасырмады. Ал, кейінгі жетістіктерінің толассыз легін "ой-санасының қайта жүктелуімен" түсіндірді.
Студент өзінің өмірі ел ішінде үш апта бойы жаяу саяхаттағаннан кейін түбегейлі өзгергенін әңгімеледі. Сол сапар кезінде смартфонын жоғалтып алып, интернеттен мүлдем ажырап қалыпты. Дәл осы кезеңде миы жаңаша жұмыс істей бастаған, тылсым күй кешіп, терең ойлануға, бір нәрсеге бар назарын шоғырландыруға үйренген.
Өзіне қатысты күдіктерді сейілту үшін Ли студияда, тікелей эфирде корей тілі бойынша ағымдағы түсу емтиханын тапсырып, бүкіл елдің алдында өз білім-қабілетін дәлелдеуге уәде берді. Бұл эфирді 400 мыңнан астам адам асыға күтті. Алайда 19 қараша күні таңертең студент эфирге шықпады.
Сол күні түстен кейін оның мүрдесі Сеулдің шығысындағы Кандон ауданындағы қонақүй бөлмесінен табылды. Дәрігерлер оның жүрегі тоқтар қалғанын анықтады. Қасында хаты қалған. Yonhap агенттігінің хабарлауынша, хатта ол тәні де, психикасы да қатты қажығанына шағымданған.
Келесі күні сот-медициналық сарапшылар мәйітті тексеріп, зорлық-зомбылық белгілерін таппады. Осы оқиғалардан кейін Оңтүстік Корея Үкіметі мемлекеттік емтихандарда жасанды интеллектіні пайдалануға, алаяқтық жасауға қатысты күдіктердің бәрін тексеру үшін арнайы тергеу тобын құруға кірісті.
Емтихан нағыз арнайы операцияға айналды
Сонымен, 19 қарашада Оңтүстік Корея бойынша 550 мыңнан астам жас азамат негізгі мемлекеттік емтихан – CSAT тапсырды. Сынақ шамамен 1 300 емтихан орталығында өтті.
Бұған дейінгі жанжалдардан кейін билік емтиханның қауіпсіздігін күшейтуге бар күшін салды. Бүкіл жүйе шұғыл түрде қайта қаралып, бұрын-соңды болмаған тексеру шаралары қабылданды.
Жаңа үлгідегі шпаргалкалар мен жасырын құрылғыларды анықтау үшін қосымша 8 400 бақылаушы жұмылдырылды. Олар әрбір талапкердің көзілдірігінің жақтауына үңіліп, мұқият тексерді. Сағаттарынан, киімінің жағалары мен жеңдерінен жасырын камера іздеді. Камера болуы мүмкін деп киім түймелеріне арнайы жапсырмалар жапсырды.
Тіпті талапкерлерге өзімен бірге қаламы мен қарындашын, өшіргішін де алып кіруіне тыйым салынды. Барлық қажетті құралды емтихан орталығының өзі берді.
Билік қолданған ең тосын тәсіл – жер сілкінісі кезінде ғана қосылатын шұғыл ескерту жүйесін (сирена) пайдалануы болды. Үкіметтің пәрменімен елдегі ұялы телефондар тегіс, бір мезетте 10 секунд бойы қатты дабылдады. Ұйымдастырушылар осы арқылы емтихан аудиторияларында жасырылған немесе талапкерлер жасырын алып өткен смартфондарды, электронды құрылғыларды тапты.
Сонымен қатар емтихан өтетін аумақтарда қоғамдық интернет желісі уақытша бұғатталып, дәліздерде қалдырылған сөмкелер жіті тексерілді. Күдік тудырған кез келген радиосигнал бақылауға алынды.
Бұл шаралар нәтижесіз болған жоқ. Техникалық құрылғыларды пайдалануға қатысты 111 заңбұзушылық тіркелді. Ереже бұзғандардан ақылды көзілдіріктер, сымсыз құлаққаппен жұптастырылған шағын камералар және ұялы телефондар табылды. Бір қызығы, жасырылған құрылғылардың жартысы әлгі дабыл арқасында әшкереленген.
"Тоқылдақтарға" 372,5 мың доллар сыйақы: биліктің тосын шешімі
23 қарашада Оңтүстік Корея билігі тағы бір күтпеген шешімін жариялады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес және азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия колледж бен университеттерге түсу емтихандарында болған заңбұзушылықтар туралы хабарлаған адамдарға 100 миллионнан 500 миллион вонға дейін сыйақы берілетінін мәлімдеді. Бұл шамамен 372,5 мың доллардай қаражат.
Сыйақының нақты мөлшері анықталған заңбұзушылардың санына байланысты. Неғұрлым көп адамның қитұрқы әрекеті әшкереленсе, хабар берушіге төленетін сыйақы да соғұрлым жоғары болады.
Бұдан бөлек, емтиханда алаяқтық жасаған адам да өз кінәсін ерікті түрде мойындап, сыбайластары туралы ақпарат берсе, жазасы жеңілдетілуі мүмкін. Сонымен бірге ол басқа заңбұзушыларды әшкерелегені үшін берілетін сыйақыдан да қағылмайды.
Шағым-домалақ арыздарды қабылдау науқаны 2027 жылғы 19 қаңтарға дейін жалғасады. Ақпаратты анонимді, құпия түрде, соның ішінде адвокат арқылы жеткізуге де мүмкіндік қарастырылған.
Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мён емтихандағы алаяқтықты коррупциямен теңестірді: оны "мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлықпен айналысуымен бірдей дәрежедегі ауыр қылмыс" деп атады, деп жазды Chosun.
Жасанды интеллект министрді отставкаға кетірді
22 қарашада Оңтүстік Кореяның білім министрі Чхве Ге Джин отставкаға кетті. Президент оның отставкасын дереу қабыл алды: шамамен бір сағаттың ішінде мақұлдап, тиісті жарлыққа қол қойды.
Министрдің қызметінен кетуіне оның ведомствосының емтихандағы жаңа алаяқтық тәсілдеріне мүлдем дайын болмауы себеп болды. Соның кесірінен емтихан ережелері дәл сынақ басталар алдында асығыс өзгертілді.
Мемқызметшілер арасынан қосымша тексерушілер тағайындалып, олар асығыс дайындықтан өтті. Тіпті мектеп оқушыларының күнделікті пайдаланатын қарапайым оқу құралдарына да күтпеген жерден тыйым салынып, онсыз да уайымдаған талапкерлерді стреске душар етті.
Алайда министрдің жағдайын қатты қиындатқаны – Парламенттегі тыңдау кезінде айтқан сөзі. Депутаттар одан: "Жасанды интеллект жазған жұмысты адамның өз қолымен жазған жұмысынан ажырата аласыз ба?" деп сұрады.
Сонда білім министрі Чхве Ге Джин абдырап қалды: "Мен жас адам емеспін. Біздің кезімізде ондай болған жоқ. Егде жасыма байланысты мұны ажырата алмаймын деп ойлаймын", – деп жауап берді.
Бұл сөз әп-сәтте бүкіл елге тарап, халықты аң-таң етті. Экс-министр түлектердің өміріндегі ең маңызды сынақтың әділ өтуіне жауапты тұлғалардың жаңа технология алдында қаншалықты дәрменсіз екенін көрсететін символға айналды.
Жалпы, Оңтүстік Кореяда университетке түсу тек резюме-түйіндемеге тағы бір жол қосу емес. Бұл – адамның болашақ өмірін айқындайтын маңызды белес. Университетте оқуы оның беделді мансапқа жетуіне, жоғары жалақы алатын жұмысқа орналасуына және қоғамдағы әлеуметтік орнын жақсартуына тікелей ықпал етеді.
Миллиондаған талапкердің басты арманы – елдегі ең беделді 3 ЖОО-ның біріне түсу. Бұлар ортақ атаумен "SKY" деп аталады. Бұл – Сеул ұлттық университеті, Корей университеті және Ёнсе университеті.
Осы оқу орындарына түсу үшін жасөспірімдер жылдар бойы қосымша білім беретін жекеменшік кешкі мектептерде – hagwon орталықтарында дайындалады. Ата-аналар балаларының репетиторлары мен қосымша сабақтарына кейде бар жиған-тергенін жұмсайды.
Сондықтан "Таң самал елінде" емтиханда көшіруді жай ғана тентектік немесе ұсақ тәртіп бұзушылық деп қабылдамайды. Бұл – өзгенің болашағын ұрлаумен тең.
Бір талапкер жасырын камера және ЖИ көмегімен жоғары балл жинап, университетке түсіп кетсе, онда жылдар бойы ұйқысыз дайындалып, әрбір ұпайын адал еңбегімен жиған басқа талапкер құрбан болады.
Сондықтан Оңтүстік Корея билігі бұрынғы жылдардағы емтихан мұрағаттарын қайта қопаруға, интернет арқылы жасырын бақылау құрылғыларын сататындарды анықтауға және бүкіл елдегі білім беру жүйесіне деген сенімді сақтап қалуға жанталасуда.
Оңтүстік Кореядағы соңғы оқиғалар технология дамыған сайын оны бақылауда ұстау мен әділдік қағидаларын қорғаудың да маңызы арта түсетінін тағы бір мәрте паш етті.