Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ширек финалда Жібек Құламбаева нидерландтық Изабель Хаверлагпен бірге турнирдің бірінші нөмірлі жұбы – Мария Козырева мен Ұлыбритания өкілі Майя Ламсденге қарсы ойнады.
1 сағат 23 минутқа созылған кездесу қазақстандық-нидерландтық жұптың 3:6, 6:3, 10:8 есебімен жеңісімен аяқталды. Шешуші чемпиондық тай-брейкте Құламбаева мен Хаверлаг қарсыластарынан басым түсті.
Бұл жеңіс Жібек Құламбаеваға әлемдік рейтингтің үздік 100 теннисшісінің қатарына алғаш рет енуге мүмкіндік берді. Жаңартылған рейтингте қазақстандық спортшы жұптық сында 95-орынға көтеріліп, жеке рекордын жаңартты.
Енді Құламбаева мен Хаверлаг Гуанчжоудағы турнирдің финалына шығу үшін бақ сынайды.