Жібек Құламбаева Мысырда өткен турнирде жеңіске жетті

1195

Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Мысыр астанасы Каирда өткен ITF турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Жібек Құламбаева Мысырда өткен турнирде жеңіске жетті

Жібек Құламбаева сонымен қатар жекелей сында финалға дейін жетті. Жібек италиялық Николь Фоссамен бірге ширек финалда жарыстың 3-ракеткалары, германиялық Наталья Седильская – босниялық Анита Хусаричті 6:2, 6:2 есебімен ұтты. Жартылай финалда турнирдің 2-ракеткалары, болгариялықтар Петья Аршинкова – Гергана Топаловадан басым түсті – 6:0, 6:3. Шешуші бәсекеде қазақстандық-италиялық жұпқа доданың 1-ракеткалары, ресейлік Элина Аванесян – румыниялық Оана Гаврила да қарсы тұрып жарытпады – 6:2, 6:3. Осылайша Ж.Құламбаева жұптық сында биылғы екінші, спорттық жолындағы сегізінші табысына қол жеткізді.

Жекелей сында финалда Жібекке сәл ғана сәттілік жетіспеді. Бұл жолы Э.Аванесянға 6:3, 4:6, 4:6 есебімен есе жіберді. Бұдан бұрын Жібек Элинаны өткен жылдың желтоқсанында дәл осы Мысырда ширек финалда ұтқан болатын – 6:3, 6:2.

Сонымен қатар қазақстандық теннисші Александр Бублик Мадридте өтіп жатқан теннис турниріне қатысып жатқан болатын. Ол Мадрид мастерс турнирін жеңіспен бастап, екінші айналымға жолдама алды. Бублик алғашқы айналымда әлемнің 39-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучовичпен кездесті.  Тартысты өрбіген бірінші партия мәселесі тай-брейкте шешіліп, онда Бублик шеберлік танытты – 7:6 (7:5). Екінші сетте қазақстандық спортшы 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры ол осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3. Бәсеке сағат жарымға жуық уақытқа созылды. Бублик екінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, канадалық Денис Шаповаловпен шеберлік байқасады. Ол бастапқы кездесуінде рейтингте 37-орындағы сербиялық Душан Лайовичті 6:1, 6:3 есебімен жеңді. Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин Мадрид жарысының іріктеу сайыстарынан аса алмады.

Мадридте (Испания) өтіп жатқан WTA-1000 турнирін жеңіспен бастаған тағы бір қазақстандық теннисші Елена Рыбакина үшінші айналымға өте алмады. Ол Әлемнің 16-ракеткасы Бельгия өкілі Элис Мертенстпен кездесті. Рыбакина қиынға соққан тартысты жекпе-жекте қарсыласына 6: 7 (4: 7), 5: 7 есебімен жеңіліп қалды.

Қазақстандық теннисші төрт рет қателік жіберіп, 14 брейк пойнттың бесеуін сәтті орындады. Ал қарсыласымен жеке кездесу бойынша есепті теңестірді - 1: 1.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу