Жібек Құлымбетова грэплингтен әлем чемпионы атанды

1475

15 жасар қазақстандық Жібек Құлымбетова Мәскеуде GI санаты бойынша грэпплингтен өткен әлем чемпионатында жеңіске жетті.

Жібек Құлымбетова грэплингтен әлем чемпионы атанды

World championship grappling/grappling GI Moscow 2021 турнирінің финалында 44 келіге дейінгі салмақта Жібек ресейлік спортшымен кездесті. Тартысқа толы бәсекеде ол қарсыласынан ұпай айырмашылығы бойынша басым түсті. Қорытынды есеп 8:4. Қазақстандық спортшы қыз бұл турнирде жалпы саны үш кездесу өткізді.

Жекпе-жек аяқталғаннан кейін Жібек турнирге қатысты өз пікірін білдірді.

"Барлық қарсыластар мықты екен. Әсіресе финалда тартысты күрес болды. Жекпе-жек барысында қарсыласымды тұншықтыра жаздадым. Бірақ ол қолымнан сытылып шықты. Мен бар күшіммен күресіп, оны жеңдім. Бұл өте тамаша. Турнирге тыңғылықты дайындалғанымды, салмағымды ретке келтіргенімді айта кеткім келеді. Енді қайта бабыма келіп, жаттығуды одан әрі жалғастыруым керек", – деді Жібек Құлымбетова.

Сондай-ақ спортшы қыз қолдау көрсеткен бапкері Нұрсұлтан Орынбасаровқа, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевқа, ата-анасына және барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.

Айта кетейік, турнирге әлемнің тоғыз елінен балалар, жасөспірімдер және ардагер спортшылар қатысуда. Бұған дейін жастар мен ересектер арасындағы чемпионат өткен болатын.

Жібек Құлымбетова Сағадат Нұрмағамбетов атындағы "Sagadat batyr-QTT" клубының тәрбиеленушісі және Алматы облысы Іле ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің атынан өнер көрсетеді. Сонымен қатар таяуда Жібек Абу-Дабиде джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы атанды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу