Жібек жолындағы тарихи нысандар мен мәдени мұраларды сақтап қалу – маңызды миссия

6184

Ұлы Жібек жолы. Біздің дәуірімізден бұрынғы II ғасырдан басталып, Еуропа мен Азияның, Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған бұл жол болмағанда бүгінгідей өркениеттің қалыптасуы екіталай еді. Тарихшылардың денінің пікірі осыған саяды. 

Жібек жолындағы тарихи нысандар мен мәдени мұраларды сақтап қалу – маңызды миссия

Ежелгі сауда керуендері тоқтаусыз жүрген дәліздің бойында әлемге аты мәшһүр шаһарлар бой көтеріп, сауда-саттық дамыды, талай тарихи және мәдени ескерткіштер салынып, өнеркәсіп өркендеді, коммуникация қанат жайды. Жібек жолы көптеген халықтың мәдениетін бір арнаға тоғыстырып қана қоймады, сонымен бірге олардың өздеріне ғана тән табиғи ерекшеліктерін анықтауда да маңызды қызмет атқарды. Бұл белдеу Еуразия кіндігінде орналасқан Ұлы даланың да адамзат өркениетіне зор үлес қосуына ықпал етті. Қазақстан жерін мекендеген халықтар киіз үйді, ат әбзелдерін жасау өнерін, кілем тоқуды, күмістен көздің жауын алатын түрлі бұйымдарды соғуды, бай ауыз әдебиетін мұра етіп қалдырды. Осылайша, ұзындығы 7 000 шақырымға созылған Жібек жолы тек сауда-саттық жолы болып қана қалмады, жер шарының әр қиырындағы халықтарды бір-бірімен жақындастырып, өркениеттер арасында дәнекер болды, адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосты. 

Дегенмен өмір бір орында тұрмайды. Содан бері талай қилы заман өтті. Бір кездерде Жібек жолында қасқайып тұрған тарихи және мәдени нысандардың көбі тоналды, қирады, бүлінді, мүжілді. Осы күнге жеткендері көздің қарашығындай сақтайтын дүниеге айналды. Қазіргі қоғамның негізгі міндетінің бірі – адамзатқа ортақ осы тарихи мұраларды дәріптеп, ұрпаққа аманат етіп қалдыру болса керек. 

Ол үшін көптеген жоба қолға алынуда. Солардың  бірі – "Ауғанстан, Орталық Азия және Ирандағы Жібек жолы мұраларының дәліздері – Еуропалық мәдени мұра жылының халықаралық аспектілері" деп аталады. Еуропалық Одақ пен ЮНЕСКО бірігіп қолға алған жоба 2018 жылдың қазанында басталып, 2021 жылдың қыркүйегінде аяқталды. Оған 3,4 млн еуро жұмсалған. 

Жоба көптеген мақсатты көздейді. Соның негізгілері материалдық және метериалдық емес мәдени мұраларды сақтап қалуға күш салу, Жібек жолының ортақ мәдени мұраларын дәріптеу, мәдени мұраны орнықты дамудың өзегіне айналдыру, ол үшін  мәдени мұра нысандары орналасқан аумақтарда туризмнің кең қанат жаюына жағдай жасау. 

Осы істің басы-қасында жүргендердің айтуынша, жобаны іске асыруға туризм мен мәдени-ағартушылық жұмыстарға жауапты жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ қолөнершілер мен туристік қауымдастықтар, гидтер көп көмектескен. Үш жылда қыруар шаруа тындырылған. Мәселен, Бүкіләлемдік мұраларға жататын нысандар мен мәдени нысандарды қалпына келтіру ісінде айтарықтай прогресс болған. Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміндегі нысандарды басқаруға арналған 8 жоспар түзіліп, кей жобалар қайта қаралған. Материалдық емес мәдени мұра саласында тер төгіп жүрген 220 адамның шығармашылық, қолөнер және кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға көмек көрсетілген. Жас шеберлерге, Бүкіләлемдік мұра және мәдени туризм нысандарын басқару саласында істейтін 130 адамға қамқорлық жасалған. Материалдық емес мәдени мұраны дәріптейтін 137 маманның техникалық білімі жетілдірілген. Материалдық емес мәдени мұра саналатын 12 жаңа элемент құжатталған. Бүкіләлемдік мұра санатына жататын нысандарда еңбек ететін менеджерлер мен туризм бойынша сарапшылардың, Орталық Азия  елдеріндегі туристік бағыттарды басқаратын жергілікті билік өкілдерінің, жалпы саны – 57 адамның біліктілігі арттырылған. Жоба аясында бірнеше елде  "Жібек жолының ортақ мәдени мұрасы" атты жылжымалы көрме ұйымдастырылған, Қазақстанда ол Ұлттық музейде өтті. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Орталық Азия халықтарының, әсіресе, жастардың материалдық және материалдық емес мәдени мұралар жайлы таным-түсініктері кеңейген. Бұған жүзбе-жүз кездесулер мен онлайн өткізілген шаралар септігін тигізіпті. 

Жоба авторларының пайымынша, түптеп келгендегі мұрат біреу, ол ежелгі Жібек жолының бойындағы тарихи нысандар мен мәдени мұраларды сақтап қалу. Мұның өзі өркениетке қосқан зор үлес әрі бүкіл әлемге, соның ішінде Орталық Азия мен Еуропа елдеріне жақсы үлгі болар еді. Мамандар үш жылдық жобаның жемісі келешекте анық білінеді дейді. Олар, мәдениеттің орнықты дамуға қосатын үлесінің күшейетініне, мәдени мұра нысандары орналасқан жерлерде туризм қарыштап дамып, экономикаға зор пайда әкелетініне нық сенімді. 

Ұлы Жібек жолы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне 2014 жылдың маусым айында енгізілген болатын. Қазақстан, Қытай, Қырғызстанның бірігіп берген өтінімдері Катар астанасы Дохада өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитетінің 38-сессиясында бекітілді. Осылайша, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан 33 тарихи ескерткіш ЮНЕСКО-ның қамқорлығына алынды. Оның 22-сі Қытай, 8-і Қазақстан және 3-еуі Қырғызстан аумағында орналасқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу