Жиналған қаражат Каспийде қаза болған сарбаздардың отбасылары мен зардап шеккендерге бөлінеді

332

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов арнайы қорға қаражат жинау ресми түрде аяқталғанын мәлімдеді.

Жиналған қаражат Каспийде қаза болған сарбаздардың отбасылары мен зардап шеккендерге бөлінеді Фото: Бейнежазбадан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккен әскери қызметшілерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар келіп жатқан қаражатты жинақтау мақсатында арнайы қор құрылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Осы қордың қызметін бақылау жөніндегі комиссияға жетекшілік етуді Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіповке сеніп тапсырылды.

Қазіргі уақытта қорда қаражат жинақталды. Бұл Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері, Құрылтай депутаттары, саяси партиялар, кәсіпкерлер, демеушілер және басқа да жанашыр азаматтарымыздың арқасында мүмкін болып отыр. Осыған байланысты, қаражат жинақтау ресми түрде аяқталды.

"Арнайы комиссияның жетекшісі ретінде жақын арада осы жиналған қаражат қаза болғандардың отбасылары мен зардап шеккендерге әділетті түрде және біркелкі бөлінетінін сеніммен айтамын. Оның ашықтығын Комиссия құрамына кірген мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері де қадағалайды", – деді ол.

Бекмұрат Жүсіпов атқарылып жатқан жұмыстың барысы туралы сіздерге тұрақты түрде хабарлап отыратынын айтты.

"Қаржылай көмек қайғының орнын толтыра алмайтынын түсінеміз. Дегенмен осындай ауыр жағдайда отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету – біздің парызымыз деп білеміз. Сіздер бұл ауыртпалықпен жалғыз қалмайсыздар. Сенім білдіріп, қайғыға ортақтасқан барша қазақстандықтарға алғыс айтамыз," – деп түйіндеді Жүсіпов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу