Жоғарғы сот үлкен бір құзырынан айрылады

3193

Ол енді кассациялық инстанция болудан қалады.

Жоғарғы сот үлкен бір құзырынан айрылады Фото: gov.kz

Бұған дейін inbusiness.kz Парламенттің қос палатасы өзінің бірлескен отырысында "ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдағанын жазды.

Бұл жоба Парламенттің қос палатасы депутаттарының бастамашылығымен жазылып, мүдделі меморгандардың, ғылыми және заң қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен пысықталып, 2023 жылғы 28 желтоқсанда Мәжіліс қарауына алынған болатын. Ендеше төменгі палатада кейбір заңжобалардың жылдап жататынын ескерсек, мұнысы біршама жылдам қабылданып отыр.

Конституциялық заң жобасының мақсаты – сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру, сол арқылы сот жүйесін одан әрі дамыту.

Құжат қазақстандық сот саласына іргелі өзгерістер әкеледі. Сарапшылар оны тіпті сот ісіндегі "бетбұрысты тарихи кезең" деп аталады.

Олардың түсіндіруінше, заң өмірге жолдама алса, мүйізі қарағайдай Жоғарғы сот салмақты құзырынан айрылып, кассациялық инстанция болудан қалмақ. Өйткені құжатта республикада арнайы кассациялық соттар құрып, бұл өкілеттікті соларға беру қарастырылған.

Республика бойынша осындай 3 түрлі сот құру жоспарланған. Олар тиісінше, әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер бойынша кассациялық шағымдарды қарайды. Бұл үшеуі мәртебесі бойынша облыстық соттардан бір саты жоғары тұрады.

"Істер, әрине, алдын ала қаралады. Бірақ қандай да бір шектеулер немесе алдында ала іріктеп алу деген болмайды. Бұл азаматтардың соттарға деген сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді", – деді Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов.

Өзге де жаңашылдықтар бар. Мысалы, ары таза емес бір сотты екіншісі қорғап шығатын теріс тәжірибеге, сыбайластық схемаларға тосқауыл қоюға қадам жасалыпты.

"Заң жобасы жаңа тетікті енгізеді. Оған сәйкес, заңдылықты өрескел бұзу фактілері бойынша судьяларға қатысты істер бойынша материалдарды Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот жюриі міндетті түрде тексеретін болады. Бұл судьялар тарапынан жасалатын бұзушылықтарға барынша тиімді ден қоюға мүмкіндік береді", – деп сендірді Нұрсерік Шәріпов.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, бұл бағыт – Сот жюриінің жұмысын жетілдіруге бағытталған.

"Судьяға қатысты сот ісін қарау кезінде заңдылықтың өрескел бұзылуының әрбір фактісі бойынша тәртіптік іс материалдарын Сот жюриінің тексеруінің жаңа тетігі енгізіледі. Бұл судьялар тарапынан жасалатын заң бұзушылықтардың алдын алуға оң әсерін тигізеді. Егер жоғары тұрған сот төменгі тұрған судьяның ісін қарау барысында заңдылықтың өрескел бұзылу фактісін анықтаса, онда облыстық немесе Жоғарғы соттың төрағасы тиісті пленарлық отырыс шақырып, судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту немесе тартпау туралы мәселені талқылау жөнінде Сот жюриіне ұсыныстар береді", – деді Бекназаров.

Қолданыстағы тәжірибе бойынша егер пленарлық отырыс судьяны ақтап алса, іс сонымен доғарылатын. Енді пленарлық отырыс оң немесе теріс – қандай шешім шығарса да, судьяның заңдылықты өрескел бұзу фактілері бойынша барлық материалдар тексеруі үшін бәрібір Сот жюриіне жіберілетін болады.

Бұл ретте Мәжілістің түсіндіруінше, "облыстық соттардың және Жоғарғы соттың пленарлық отырыстарында лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сот төрағасына немесе сот алқасы төрағасына қатысты материалдарды Сот жюриіне жіберу не жіберуден бас тарту туралы мәселені шешу жөніндегі құзырет сақталады".

Салыстырсақ, қазіргі уақытта тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы шешімдерді Жоғарғы соттың және облыстық соттардың пленарлық отырыстары қабылдайды. Олар өз әріптесін ақтауға бейім тұрады.

Салдарынан, іс жүзінде осындай бұзушылықтардың азғантай ғана бөлігі – 26%-ы ғана Сот жюриінің қарауына түседі.

Енді бұл көлем 100 пайызға жуықтайды деп күтілуде. Тиісінше, заманауи билер қатарын ары мен қолы арамдардан тазарту ісіне де серпін берілуі мүмкін.

Жоғары сот кеңесінің ақпаратынша, Сот жюриінің құрамына бүгінде небары 7 судья және адвокатура мен заң консультанттарының бір-бір өкілі, яғни 9 адам ғана кіреді. Егер оларға жүктеме бірден төрт еседей өссе, істері тым қауырт болып, материалдарды қарау сапасы құлдырамай ма?

"Тәртіптік істер бойынша жүктеме ұлғаюы мүмкін деген болжамға келсек, қаралып отырған конституциялық заң жобасында алда Сот жюриінің құрамын 9-дан 15 мүшеге дейін ұлғайту қарастырылған. Оған бұдан былай 13 судья, сондай-ақ кеңесші дауыс беру құқығы бар заңгерлер қауымының 2 өкілі енеді", – деді Нұрлан Бекназаров.

Заңнамалық түзетулер сондай-ақ Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияға қатысты реформаларды қарастырады. Оны ұйымдастыру және қызметін жүргізу тәртібін де өзгертеді.

Мәселен, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл комиссия әрбір судьяның кәсіби қызметін, соған лайықтылығын бағалайды. Бағалауда бірнеше өлшемшарт-критерийлерді басшылыққа алады. Соның ішінен бірнеше талаптар алып тасталмақ. Мысалы, комиссия енді судьялардың "адамгершілік қасиеттерін" бағаламайды.

Өйткені, заң авторы саналатын депутаттардың түсіндіруінше, "билердің" адамгершілігін бағалауды Сот жюриі, Судьяның әдебі жөніндегі комиссия және пленарлық отырыстар жүзеге асырады. Депутаттар "ар-ожданды, адамгершілікті бағалаудан судьялар қайта-қайта өте бермесін" деп жұмсақтық танытты.

Судьяларға басқа да жеңілдік берілмек: енді олар бағалау сынағынан алғашқы жылдан соң емес, тек үш жылдан соң өтетін болады.

"Конституциялық заң жобасы бойынша судьяның кәсіби қызметін бағалауды бұрынғыдай 1 жылдық қызметінің нәтижелері бойынша емес, алғашқы 3 жылдық нәтижесі бойынша жүргізу ұсынылды. Өйткені олардың кәсіби біліктіліктілігін толыққанды бағалау үшін судьялар 1 жыл ішінде жеткілікті көлемде істерді қарап, тиісті тәжірибе жинақтап үлгермейді", – деді сенатор Н.Бекназаров.

Шетелдік тәжірибе әртүрлі: Нидерландта – 1 жыл, Франция мен Түркияда – 2 жыл, Румынияда, Словенияда және Литвада – 3 жыл, Италия мен Польшада – 4 жыл.

Басқа жаңашылдықтарына тоқталсақ, Сот төрелігі академиясының рөлін күшейту үшін, сондай-ақ оның түлектерінің әлеуетін тиімді пайдалану үшін оларды бірден сот қызметіне алу тетігі енгізіледі. Бірақ олар қияндағы аудан-қалаларға жіберіледі.

Бұл тетікке сәйкес, аталған академияда оқудан өткен және біліктілік емтиханын тапсырған адамдар Жоғарғы сот кеңесінің ұсынуымен, шалғай елді мекенде орналасқан соттағы бос қызметке жолданатын болады. Олар сондай-ақ қызметкерлерінің штаттық саны 3 адамнан аспайтын және бос орын үшін конкурс өтпеді деп танылған аз құрамды соттарға да аттанады.

Сенатор Нұрлан Бекназаровтың дерегінше, елімізде әртүрлі деңгейдегі 300-ден астам судьялардың орны бос тұр. Соның ішінде 20-ға жуығы шалғай аудандар мен аз қамтылған соттарға тиесілі. Тұрмысты қиынсынып, орталықтандырылған сумен, жылумен қамтылмаған ондай аудандарға бірде бір судья барғысы келмейді.

Айта кететін жайт, шалғайдағы және аз құрамды аудандық соттарды кадрмен толықтырып, ахуалды жақсарту үшін академия түлектерінің әлеуетін пайдалану туралы ұсынысты Президенті Әкімшілігі мақұлдады. Бірақ түлектерді жаппай ауыл-аймаққа жолдамай, "әрқайсысының оқу үлгерімін ескеріп, оларды саралау, бөлу орынды" деген ескерту жіберген екен. Заң жобасы ол ескертпеге сәйкестендіріліп, қайта жазылды.

Бұдан былай соттың оқуын оқымаған адамдардың да "биге шығуына" жол ашылады. Мемлекеттік қызметші болып табылмайтын тұлғаларға да мемлекеттік тапсырыс аясында Сот төрелігі академиясында магистратурада оқу мүмкіндігі енгізіледі. Бұл "сот жүйесіне арналған кадрларды даярлау кезінде өзге адамдар үшін қолжетімділікті кеңейту үшін" жасалыпты.

Қазіргі уақытта академияның магистратурасында мемлекеттік тапсырыс негізінде тек мемлекеттік қызметкерлер ғана тегін оқи алады. Ал, адвокаттар, заң консультанттары, нотаруистар және басқа да заң мамандары мұндай мүмкіндіктен қағылып келді. Әділеттілік қалпына келтірілгелі тұрғандай. Осы арқылы корпоративтік құқық және құқықтың басқа да салаларынан кәсіби мамандарды сот төрелігі саласына тарту мәселесі шешімін табуы ықтимал.

Жоғарғы сот кеңесі аудандық соттардағы бос тұрған сот лауазымдарын ескере отырып, өңірлерден академияға түсетіндер үшін квота бекіту құзырына ие болады.

Айтқандай, судьяларға Президенттікке, Парламент Мәжілісі депутатына немесе мәслихат депутаттығына үміткер болуға рұқсат етілмек. Мұндай жағдайда кандидат болып тіркелген судьяның лауазымы да, отставкасы да уақытша тоқтатылады.

Парламентшілер бұл конституциялық заң жобасын ағымдағы екінші сессия аяқталып, депутаттар каникулға кеткенше, тездетіп қабылдауға ниетті. Сондықтан құжатты екінші оқылымға дайындау үшін Парламент палаталарының бірлескен комиссиясын құру туралы шешім қабылдады.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева басқаратын комиссияның құрамына сенаторлар Нұрлан Бекназаров, Андрей Лукин, Айнұр Арғынбекова, сондай-ақ мәжілісмендер Абзал Құспан мен Үнзила Шапақ енді.

Комиссия қос палата депутаттарынан келіп түсетін ұсыныс-түзетулерді қарап, қайсысын қабылдауға болатынын іріктеп, солардың тізімімен келесі бірлескен отырысқа шығуға тиіс. Комиссия 21 маусымға дейін жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу