"Жол ашамын": Балгер, көріпкелдерге неге халық сенгіш келеді?

1156

Көріпкел, бақсы-балгерлердің қызметін реттейтін заңнама қажет.

"Жол ашамын": Балгер, көріпкелдерге неге халық сенгіш келеді? Фото: qaragandyhabary.kz

Қазақстанда емші, көріпкел, балгерлердің қызметін реттейтін арнайы заң жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Балгер де, көріпкел де, бақсы да тылсым күштермен байланысымыз бар деп адамдарды сендіріп жатады. Өткені мен болашағын білгісі келетіндер бал аштыртып, көріпкелдерге жүгінуге құмар. Бүгінде бұл қызмет түрлеріне сұраныс артпаса, кеміген жоқ. Психолог шенеуніктер арасында көріпкелдерге жүгінетіндері барын жиі еститінін айтқан болатын.

Қазіргі таңда балгер мен көріпкелдер өз қызметін онлайнға сәтті ауыстырған. Экранның ар жағынан болашақ туралы айтып, болжам жасай береді. Интернеттегі жарнамалардан бөлек, әлеуметтік желіде парақшалар ашып, кәсібін "дөңгелетіп жатқандары" баршылық. Материалды жазу барысында осындай парақшалардың бірнешеуін қарап шықтық. Бір байқағанымыз отандық балгерлер мен көріпкелдер қызмет көрсету құнын көрсеткісі келмейді. Дені "болжам жасаймын", "сүйгеніңді қайтарамын", "үй сатуға көмектесемін", "түс жоримын", "жол ашамын" деп жазған. Осындай парақшалардың біріндегі жазылушылар саны 124 мың адам болса, көріпкелдікпен қатар емшілікті қатар алып жүретінін көрсеткен парақшаға 101 мың адам тіркелген.

Балгер, емші, көріпкелдерге неге халық сенгіш келеді?

Психолог Жанар Сейітмағанбет адамдар қай уақытта да жылы сөзге зәру деген пікірде.

"Дін болсын, психология болсын, барлығына ортақ нәрсе – адамның сенімі. Адамдар жаны қысылып, қиналғанда жылы сөз естігісі келеді. Жалпы адамзат баласы қай уақытта да жылы сөзге зәру. Сондықтан да адамдар емші, көріпкел, балгерге тегін бармайды. Қаражатпен барған соң оларға жаман сөз айтпайды. Яғни адамның жүрегіне бір сенім ұялатады, жанын жадыратады. Кез келген адамның ішінде бір сенім болады. Жаратушыға, не болмаса балгер, көріпкел, астрологқа сеніп жүрсе де, адам бұл сенімді тірегі ретінде ұстап жүреді", - деді маман.

Шариғат не дейді?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және Пәтуа бөлімі маманы Елбек Тасболатұлының сөзінше, бақсы-балгер деп сиқырмен айналысатын адамдарды айтады.

"Дініміз мұндай адамдардан өте қатты сақтандырады. Себебі бұл ауыр күнә", - деді спикер.

Қазір медицина дамыған заманда емші, көріпкелдерді жағалап кететіндер азаймай тұрғаны да белгілі. Ислам дінінде бақсы-балгер, көріпкелге бару күнә деп саналады.  

"Тәуіп, емші, көріпкел дегенді 2 түрге бөліп қарастыруға болады. Тәуіп араб тіліндегі "тобиб" – дәрігер деген сөзден шыққан. Емші де дәрігердің баламасы. Тәуіп пен емші емдеу саласында шариғатқа қайшы емес емдеу тәсілін қолдануы мүмкін. Яғни, адамның денсаулығына зиян емес, дұрыс емдік тәсілдерді қолданады. Мұндай тәуіп, емшілер "халық емшісі" деп аталынады. Жалпы айтқанда, бір адам таза медицинамен айналыспаса, шариғат тұрғысынан күмәнді нәрселермен айналысса, одан сақ болу керек. Мысалы, тамыр ұстап, инемен емдейтіндер көбінесе жоғары білімді шығыс медицинасының тәсілін қолданады. Егер де шариғатқа сай болса, адамға зияны болмаса, оны біз құптаймыз. Дін жағынан келетін болсақ, бұл медицина шариғатқа қайшы ма, қайшы емес пе, емші-тәуіптердің адамдарға емі пайдалы ма, зиян ба – сол жағынан үкім айтамыз", - деді ҚМДБ өкілі.

Көріпкел, бақсы-балгерлердің қызметін реттейтін заңнама қажет

Заңгер Бағдат Амандосұлының пікірінше, кез келген қоғамдық қатынастар ережемен реттелуі тиіс, сол кезде тәртіп болады. Қазір елімізде емші, көріпкел, балгерлердің қызметіне қатысты арнайы заң жоқ, сол үшін мемлекет тарапынан бақылау да әлсіз екенін айтады.

Емшіге барып, арты қайғылы жағдайға немесе адам денсаулығының нашарлауына әкелетін болса, жауапқа кім тартылады?

"Егер мұнда салдармен көрсетілген қызметтің арасында себепті байланыс болса, онда міндетті түрде емді көрсеткен тұлға жауапкершілікке тартылады, бұл фактіні қозғалған іс аясында сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен анықтайды", - деп атап өтті сарапшы.

Заңгер өз тәжірибесінде кездескен жағдаймен бөлісті.

"Өзін емші ретінде таныстырған азамат ешқандай медициналық білімі мен рұқсаты болмай тұра науқастың жағдайы туралы медициналық құжаттарын сұратпай, оны қабылдап, баланың анасына баласы тез арада сауығып кетеді деп сендіріп, өзінің қолымен белгіссіз заттардан жасалған дәрілерді науқас бірнеше күн бойы қабылдауы қажет деп айтып, аталған дәрілерді сатады. Нәтижесінде тікелей емшінің нұсқауымен ем-дом жасалған ана көп ұзамай баласынан айырылып қалады. Қылмыстық іс аясында емшінің жасаған әрекеті мен өлімнің арасында себепті байланыс болғаны анықталған соң, емші қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айырылған еді", - деді сарапшы.

Бұдан өзге бақсы-балгер, көріпкелге барып, сан соғып қалатындар да кездесіп жатады.

"Бұл жерде нақты сол көріпкелдің айтқан сөзін дәлелдеу үшін алдын-ала аудио немесе бейнежазбамен барлық қатынасты жазып алу керек. Адамның сеніміне кіріп, оның қаражатына қиянат жасаған болса, бұл алаяқтық дерегімен қылмыс болып сараланады. Себебі бұндай қызмет түрін ұсынып жатқандар өте көп. Алыс кетпей-ақ қояйық, жақында болған Астанадағы процесте (ред. – бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты) айыпталушы көріпкелге хабарласқаны, оның берген кеңесін, яғни жауабын бәріміз білеміз. Қазіргі кезде Қазақстанда көзі ашық азаматтар бар. Көріпкелдер сіз мен біз сияқты азаматтар ғой. Ешкім ертең не болатынын біле алмайды, біз тек болжай аламыз, сондықтан да ондай жерлерге барудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Егер осындай әрекеттердің салдарынан адамдар жаппай алданып жатса, "Алаяқтық" дерегі бойынша полицияға арыздануға жазбаша түрде дәлелдердің бәрін тіркеп жүгінуге толық негіз бар. Дәл осы кезде көріпкелмен сөйлескен аудиожазбалар оның кінәсін дәлелдеуге керек болады. Сонда ғана көріпкелмін деп таныстырған тұлға жауапкершіліктен құтылып кете алмайды. Себебі сіздің қолыңызда нақты дәлел бар. Егер аудиожазбалар болмаса, көріпкелдің айтқан сөзін дәлелдеу өте қиынға соғады", - дейді Бағдат Амандосұлы.

Қазір өзін көріпкелмін деп таныстырып, әлеуметтік желілер арқылы парақшаларын ашып жатқандар жеткілікті. Халық солардың қызметіне жүгініп жатады. Сарапшыдан олардың қызметіне бақылау жүргізу керек пе деп сұрадық.

"Әрине, мемлекетте тарапынан бақылау болу керек. Бұл үшін алдымен олардың қызметін айқындайтын мәліметтермен танысу үшін арнайы реестр болу қажет және ол ашық болуы тиіс. Қазіргі кезде көріпкелдердің арнайы электронды рестрі жоқ, бұл факт қоғам үшін өте қауіпті және мемлекет үшін маңызды мәселелердің бірі болу керек. Бір сөзбен айтқанда, сіз бір нәрсені түсінуіңіз керек. Мемлекет тарапынан бақылау неғұрлым қатаң болса, онда соғұрлым сол салада тәртіп болады, қарапайым азаматтар зардап шекпейді. Осы орайда бұл қоғамдық қатынастар заңмен реттелетін болса, онда мемлекет тарапынан бақылау бар деген сөз", - деп түсіндірді заңгер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу