Жолды үнемделген қаржыға жөндейді

19989

Теңгенің құлдырауы Бүкіләлемдік банктің Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолын салуға берген қарызының төрттен бір бөлігін үнемдеуге мүмкіндік берді.  

Жолды үнемделген қаржыға жөндейді

Бүкіләлемдік банк (ББ) Қазақстан үкіметімен бірлесіп несие ресурстарының 800 млн доллар көлеміндегі бөлігін ұзындығы 553 шақырым болатын бірнеше көлік жолдарының құрылысына қайта бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы abctv.kz-ке халықаралық қаржы ұйымының Қазақстандағы өкілдігі хабарлады.

Бүкіләлемдік банктің түсіндіруінше, қаржы "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" жобасының жекелеген учаскелерін салу мен қайта құру қаржысын үнемдеу нәтижесінде пайда болған. Еске салар болсақ, 2009 жылы берілген несиенің көлемі 3,1 млрд доллар болған. Демек үнемдеу 25%-дан астам қаржыны құрады. Үнемдеуге 2015 жылы теңгенің құлдырауы себеп болды деп атап кетті Бүкіләлемдік банк.

Бастапқыда алынған қарыздың жартысына, яғни 2,1 млрд долларға Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының аумағы бойынша өтетін, ұзындығы 1230 шақырымдық "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" учаскесін салу жоспарланған болатын. Құрылыс 2009 жылы басталып, 2017 жылы аяқталды.

Жоба Қызылорда облысының аумағы бойынша өтетін солтүстік бөліктегі 788 шақырымдық екіжолақты, Қызылордадан оңтүстікке қарай төртжолақты, ОҚО арқылы өтетін 273 шақырымдық төртжолақты, сондай-ақ Алматы облысындағы 80 шақырымдық төртжолақты жолды, Шымкенттен шығысқа қарай Темірлан кентін айналып өтетін ұзындығы  80 шақырымдық төртжолақты магистралді және Қызылордадағы 50 шақырым учаскені қайта жаңғыртуды қарастырды.

ББ тағы 1 млрд долларды Алматы мен Қорғас арасындағы (Қазақстан мен Қытай арасындағы басты көлік жолының шекаралық бекеті) ұзындығы 305 шақырымдық жолды жаңғыртуға бөлді. Жобаны іске асыру "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" транзиттік дәлізінің басты учаскесін аяқтап, тауар айналымының ағынын арттырды.

Үнемделген несие ресурсын Балқаш – Бурылбайтал (297 шақырым төртжолақты учаске), Тоғыз – Құрты (80 шақырым), Отар –Ұзынағаш (96 шақырым) учаскелерін салуға жоспарланып отыр деп мәлім етті Бүкіләлемдік банк abctv.kz-ке.

17 сәуір күні "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ (республикалық маңызы бар автожолдардың ұлттық операторы) Қытайдың Эксимбанкінен ұзындығы 680 шақырымнан астам автожолды салу мен қайта жаңартуға 687 млн доллар көлемінде қарыз алғаны туралы мәліметті abctv.kz қаржы министрлігінің қаржылық есеп депозиториясы сайтынан тапты. Келтірілген есепте бір шақырымның орташа құны 377 млн теңге екені көрсетілген.

Бұл ақша Мерке – Бурылбайтал (266 шақырым, 253 млн доллар) және Қалбатау – Майқапшағай (415 шақырым, 343 млн доллар) жолын қайта жаңартуға жұмсалады деп түсіндірді abctv.kz-ке  ұлттық компания.

Қарыз шартына сәйкес, "ҚазАвтоЖол" Қытайдың Эксимбанкінен Мерке – Бурылбайтал республикалық маңызы бар көлік жолын қайта жаңартуға 20% немес 50,6 млн доллар және Қалбатау – Майқапшағай жол учаскесін жаңартуға  86,8 млн доллар мөлшерде аванс алды. Ресми құжаттан көріп отырғанымыздай, қарызға Қазақстан үкіметі кепіл болған.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының abctv.kz-ке берген ақпаратынан әр учаскеде Қазақстан  және Қытай  тарапынан екі мердігерден болатынын білдік. Атап айтқанда, Мерке – Бурылбайтал аралығы бойынша салынатын 266 шақырымның 146 шақырымын қазақстандық компания салады, ал қалғанын бөлігіне (120 шақырым) Қытай тарапы жауап береді.

Учаскеде жұмыс істейтін мердігерлер – "АБК-Автодор НС" ЖШС және қытайлық "Синь Синь" компаниясы.

Қалбатау – Майқапшағай учаскесіндегі ұзындығы 415 және 231 шақырым жолды қытайлық "Синь Синь" компаниясы, ал қалғанын "ҚазГерСтрой" БК салады.

Бір қызығы, "ҚазАвтоЖол" мәліметі бойынша, екі учаскенің құрылысына 101,8 млрд (Мерке – Бурылбайтал) және 159 млрд теңге (Қалбатау – Майқапшағай) ғана кетеді. Алайда ұлттық компанияның қаржылық ұйым депозиториясына ұсынған мәліметінде, қарыз доллармен ұсынылған, ал айырбас бағамы құрылыстың бюджетінде теңге 402,3 және 366,4 KZT/USD.

Осы арада отандық компаниялардың келісімшартты шетелдік валютада жасау мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Бұл шетелдік бәсекелестерге басымдық беріп, валюталық тәуекелден сақтануға мүмкіндік ұсынатынын abctv.kz бұған дейін де жазған болатын.

"ҚазАвтоЖол" тарапынан қарыз алу мен жол салу "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында іске асып жатыр. Қытайдың Эксимбанкінің қарыз ақшасы есебінен республикалық маңызы бар Талдықорған – Қалбатау – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Қалбатау – Майқапшағай сонымен қатар Алматы қаласының  Оңтүстік-Батыс айналма жолдарын қайта жаңарту мен салу бойынша төрт жобаны іске асыру көзделіп отыр.

Трассалардың жалпы ұзындығы 1445 шақырым  деп атап кетті ұлттық компания. Мердігерлік жұмысты іске асыру үшін екі қытайлық және төрт қазақстандық компания тартылған. Олар:"К-Дорстрой", СП "КазГерСтрой", ТОО Todini Central Asia, "АБК-Автодор НС".

Тап қазіргі уақытта мердігерлік ұйымдар мобилизациялық жұмыстар мен өндірістік база салып жатыр. Құрылысты аяқтау 2020-2022 жылдарға жоспарланған. Бұл жобалардағы Қазақстанның үлесі кем дегенде 95%-ды құрайды.

Гүлназ Ермағанбетова, Майра Медеубаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу