Жүк кемесі круиздік кемеге соғылып, 129 адамды ажал құштыра жаздады

257

АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласында ірі жүк кемесі жолаушылар мінген круиздік кемеге соғылды.

Жүк кемесі круиздік кемеге соғылып, 129 адамды ажал құштыра жаздады Фото: apnews.com

Соққыдан кейін жолаушылар кемесі аударылып, адамдар суға құлаған. 32 адам ауруханаға жеткізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты Reuters басылымына сілтеме жасап.

Оқиға 13 қарашада жергілікті уақытпен сағат 12:30 шамасында Миссисипи өзенінде болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Atlantic Asphalt танкері өзен жағасында тоқтап тұрған American Heritage круиздік кемесіне соғылған. Сол кезде кемеде 129 жолаушы және экипаж мүшелері болған.

Қатты соққыдан кейін жолаушылар кемесіне су кіріп, ол бір жағына қисая бастаған. Адамдар кемеден шығуға асыққанымен, көп ұзамай кеме аударылып кеткен. Бірнеше жолаушы өзенге құлаған.

Оқиға орнына құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен АҚШ жағалау күзеті жеткен. Суға құлаған адамдарды құтқаруға жақын маңдағы кемелердің экипаждары да көмектескен.

Жаңа Орлеан мэрі Хелена Мореноның мәліметінше, апат салдарынан 32 адам ауруханаға жеткізілген. Олардың ешқайсысының жағдайы аса ауыр емес.

Ең бастысы, апаттан ешкім қаза таппаған. Кемедегі жолаушылар мен экипаж мүшелерінің барлығы түгел екені анықталған.

"Бұл – Миссисипидегі нағыз ғажайып", – деді қала мэрі құтқарушылардың жедел әрекетіне ризашылығын білдіріп.

Алдын ала болжам бойынша, жүк кемесі басқарудан шығып, тоқтап тұрған круиздік кемеге соғылған. Апаттың нақты себебін мамандар анықтап жатыр.

Оқиғадан кейін Миссисипи өзенінің апат болған бөлігінде кеме қозғалысы уақытша тоқтатылған.

АҚШ-тың Көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық кеңесі оқиғаны тергеуге кірісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу