Жүкті аналар мемлекеттен көмек сұрайды

3922

Жүкті әйел мен оның бойына біткен баланың қандарының резус-факторлары әртүрлі болса, олардың арасында "резус-конфликт", яғни иммунологиялық үйлесімсіздік туындауы мүмкін. 

Жүкті аналар мемлекеттен көмек сұрайды

"Резус-фактор дегеніміз – әрбір адамның қанындағы эритроциттерде болатын айрықша ақуыз-белок. Әлемдегі адамдардың басым көпшілігінде ол бар, тиісінше, олардың резус-факторы оң саналады. Егер бұл ақуыз болмаса, онда адамның резус-факторы теріс деген сөз. Мұндай адамдардың үлесі планетамызда небәрі 15% ғана. Егер осы екі топтың өкілдері ортақ перзентті өмірге әкелуге ұйғарса, алдымен осы мәселеге назар аударғаны жөн. Өйткені теріс резусы бар әйелдің бойына ақуызды эритроциттер еніп кетсе, оның ағзасы мұны бөтен нәрсе деп танып, оны жою үшін антидене түзе бастайды. Осыдан резус-конфликт туындайды", – дейді әйелдер денсаулығы клиникалары желісінің негізін қалаушы, репродуктивті медицина өкілі Лариса Пекурова.

Әрине, мұндай шиеленіс болмауы да мүмкін. Теріс резусты аналар бұрыннан тәуекелге барып, көбіне аман-сау туып келді.

Бірақ кейбір жағдайда ананың ағзасы ақуызды эритроциттері бар ұрықты жат көріп, оған қарсы антидене түзеді, антиденелер ұрықжолдас, яғни плацента арқылы баланың бойына еніп, эритроциттеріне шабуыл жасайды. Эритроциттердің ыдырауы нәтижесінде ерекше зат – билирубин бөлінеді. Соның кесірінен ұрықтың ағзалары, тіндері оттегі тапшылығына тап болады. Оның терісі сары түске боялады (желтуха). Бауыры, жүрегі, жүйке жүйесіне нұқсан келуі мүмкін. Мұндай жағдайда уақытылы көмек көрсетілмесе, сәби қатты зардап шегуі, тіпті шетінеп кетуі ықтимал көрінеді.

Мамандардың мәліметінше, заманауи медицина мұны емдеп қана қоймай, сонымен бірге ондай ушығудың алдын ала алады. Осы мақсатта теріс резус-факторы бар болашақ аналар біріншіден, жүктілік кезінде бірнеше рет антиденеге анализ тапсырып, оның деңгейін үнемі қадағалап отырғаны жөн. Екіншіден, жүктіліктің 28-30 апталық мерзімінде оларға анти-D-иммуноглобулин егіледі. Үшіншіден, дәл осындай екпе босанғаннан кейінгі алғашқы 72 сағат ішінде салынады. Бұл келесі жүктіліктің күрделенуінің алдын алу үшін қажет көрінеді. Иммуноглобулин егу әрбір бала туылған сайын жүргізілуге тиіс екен.

Дегенмен, мамандар "Резонативпен" өз бетінше емделудің зиянды екенін, жүктілер міндетті түрде дәрігермен ақылдасуға тиістігін ескертеді.

Қоғам белсендісі Татьяна Төлеуғалиева резусы теріс аналарға дәрімен көмектесу мәселесін көптен көтеріп келеді. 

"Теріс резус-факторы бар жүкті әйелдерге 2 рет "Резонатив" иммуноглобулині егіледі. Үшіншісі босанғаннан кейін салынады. Бұл екпе арзан емес, әрқайсысының бағасы 50 мың теңге және одан жоғары. Емханалар бермеген соң, аналардың көбі оны өз бетінше сатып алады. Бірақ бұл препаратты саудадан табу да күрделі. Әрі аналардың бәрінде бірдей сонша сомаға дәрі сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Неге Үкімет осы дәріні амбулаториялық жағдайда тегін алуға мүмкіндік жасамайды? Халқымыздың санын өсіргіміз келсе, мұндай аналарды да айрықша бақылауға алып, перзент сүюіне барынша көмектескеніміз жөн. Олардың саны сонша көп те емес, бай мемлекетіміздің бюджетіне көп ауыртпалық салмайды", – деді ол.

Т.Төлеуғалиева дәл осы мәселені көтеріп, ДСМ-нің бұрынғы басшылары Елжан Біртановқа, Алексей Цойға жүгініпті. Іс ілгері жылжымаған, еркек министрлерден жалтарма жауаптар келген. Енді әйел-ана, әрі педиатр ғой деп, жаңа министр Ажар Ғиниятқа ұсынысын жолдапты.

Билік не дейді?

Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің мәліметінше, ДСМ-нің денсаулық сақтауды дамыту мәселелері жөніндегі эксперттік комиссиясы 2014 жылғы 4 шілдеде "Ана мен ұрық қанының изосерологиялық сәйкессіздігі" атты №10 диагностика және емдеу протоколын бекітті. Протоколдағы емдеу және алдын алу үшін қолданылатын препараттар тізіміне "Резонатив" енгізілген.

"Онда теріс резусы бар әйелдерге спецификалық профилактика жүргізілетін, яғни иммуноглобулин енгізілетін барлық жай-күйлер көрсетілген. Бұл ретте медициналық көрсетілімдеріне қарай, сырқаттар стационарлық деңгейде ғана ТМККК аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрімен тегін қамтамасыз етіледі", – деп түсіндірді департамент.

Бірақ аналардың шағымдануынша, бұл екпе көбіне перзентханалардың өзінде де жоқ болып шығады екен.

Өз кезегінде ДСМ Денсаулық кодексінің 12-бабына сәйкес, бұл мәселелер жергілікті атқарушы органдардың құзырына кіретінін, сондықтан жүкті әйелдер бұл мәселемен өз өңіріндегі денсаулық сақтау басқармасына жүгінуі керектігін жеткізді.

Өкінішке қарай, "Резонативті" емханалардың басым көпшілігі бермейді. Дегенмен, шу көтерсе, емхана сатып ала алатын көрінеді.  

ДСМ-нің Дәрі-дәрмек саясаты департаменті қазақстандық теріс резусы бар аналарды "Резонативпен" (МНН–Анти–Д иммуноглобулинмен) емханалардың бәрі бірмей қамтымауының себебін атады.

"Себебі, ол препарат амбулаториялық жағдайда тегін қамтамасыз етуге арналған дәрілік құралдар тізбесіне қосылмаған. Тиісінше, "СҚ-Фармация" бірыңғай дистрибьюторы сатып алатын дәрілік құралдар тізіміне де кірмейді. Ал стационарлық деңгейде ТМККК аясында тегін қамтамасыз етілетін дәрілер медұйымның дәрілік формуляры аясында беріледі. Медұйымдардың формуляры 2021 жылғы 18 мамырда бекітілген Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр негізінде қалыптастырылады. Онда "Резонатив" бар. Тиісінше, аталған препарат медұйымның дәрілік формулярына қосылуы мүмкін. Яғни, онымен жүкті аналар стационар жағдайында емделе алады", – деп түсіндірді министрліктің Дәрі-дәрмек саясаты департаменті.

Бірақ осы препаратты емханалар сатып алғысы келсе, тосқауыл жоқ көрінеді. Демартаменттің мәліметінше, Денсаулық кодексінің 12-бабының 1-бөлімінің 5-тармақшасына сәйкес, жергілікті денсаулық сақтау басқармалары жергілікті тұрғындарға осы және басқа препараттарды амбулаториялық деңгейге де тегін ұсыну туралы қосымша шешім қабылдай алады.  

Ендеше халқымыздың санын арттыратын аналарға қамқорлық Үкіметке ғана емес, әрбір өңірдегі жергілікті әкімдіктерге де байланысты болып тұр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу