Жыл сайын елімізге 300 мың шетел азаматы жұмыс істеуге келеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы еңбек нарығындағы жағдай қалай болып жатыр? Қанша вакансия бар? Қандай тенденциялар байқалады?", – деп сұрады Премьер-министр Олжас Бектенов.
Министрдің сөзінше, жыл басынан бері жұмыс берушілер электрондық биржа порталында 845 мың бос жұмыс орындарын жариялады.
"Оның 432 мыңы – жұмысшы мамандықтар. Жалпы азаматтарымыз 60-70 пайызға дейін портал арқылы жұмыс табады, бірақ 30-40 пайыздай жұмыс орнына адам табылмайды. Сол себептен жұмыс берушілер уақытылы толтыру үшін шетелдік жұмысшыларды тартады. Жыл сайын біздің елімізге 300 мыңдай шетел азаматы жұмыс істеуге келеді", – деді Асқарбек Ертаев.
"Бір миллионға жуық жұмыс орны бар. Яғни, жұмыс істеймін деп жүрген адамға жұмыс әрдайым табылады", – деді Премьер-министр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі елде жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар екенін айтты.
"Жұмыс тоқтап қалмасын деп мыңдаған мамандарды шетелден алып келуге мәжбүрміз, солай ма? Оны дұрыстап халыққа түсіндіру керек. Елімізде "жұмыс жоқ" деген сөз болмауы керек", – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.