"Жұмыс істейтін қарттар зейнетақы алмай тұрады": Асхат Аймағамбетов министрді ойланып сөйлеуге шақырды

28593

Өткен аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зейнетке кімдер ерте шыға алатынын түсіндіріп берген.

"Жұмыс істейтін қарттар зейнетақы алмай тұрады": Асхат Аймағамбетов министрді ойланып сөйлеуге шақырды Фото: Асхат Аймағамбетов / inbusiness

Алайда ол белгілі бір санаттағы азаматтарға ғана. Оның үстіне еңбек өтілі 25 жылдан кем болмауы керек. Бұл қазірге тек талқыланып жатқан дүние, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Мысалы, менен зейнет жасына жеткен соң "жұмыс істейсіз бе" деп сұрайды. Мен жұмыс істейтінімді айттым. Менің ғылыммен айналысуға немесе сабақ беруге мүмкіндігім бар. Тиісінше, мен осы салаларда жұмыс істей аламын. Егер солай жасасам, онда зейнетақысыз, тек жалақыға өмір сүремін", – деп түсіндірді министр.

Осылайша, Светлана Жақыпова қоғамның талабын ескеруге болатынын айтады.

"Ал кім ертерек зейнетке шыққысы келеді? Бұл мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар, көп балалы аналар, қауіпті және қиын еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндер. Олардың бірнеше санаттары бар. Сондықтан мұндай таңдау құқығын қоғамға беру керек және оны қоғам өзі талқылауға тиіс", – деп сөзін түйіндеді ол.

Асхат Аймағамбетов бұл ұсыныс қоғамда алаңдаушылық туғызғанын жазды.

"Бұл идея мемлекеттік шығындарды халықтың ең осал топтарының бірі есебінен шешуге тырысу секілді көрінеді. Мұның орнына бюджетті оңтайландырудың әділ әдістерін іздестіру керек. Көптеген зейнеткердің әзірше минималды төлемдер алатынын және олар өмір сүру үшін жеткіліксіз екенін түсіну маңызды. Енді олардың алып жүрген қарапайым табысы, әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы туралы Конституцияның 28-бабымен кепілдендірілген заң көңілге күдік ұялатты. Адамдардың ең аз қарсылық білдіруге қабілетті жерінен үнемдеу жолдарын іздеп жатқандай әсер қалдырады. Алғашында онкологиялық науқастардың емдеу қаржысын қысқарту ұсыныстары, кейін хоспистар мен ауыр науқастарды қолдауға бағытталған қаржыны қысқарту, ал енді – жұмыс істеп жүрген зейнеткерлердің зейнетақысын қысқарту туралы ұсыныс жасалды", – дейді ол.

Мәжіліс депутаты бюджетті үнемдеу керегін, бірақ білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы, жәрдемақы мен азаматтарымыздың жалақыларына қол сұғуға болмайтынын жеткізді.

"Форумдар, мерекелік безендірулер, жаңа әкімшілік ғимараттарды салу, мағынасыз үлкен стадиондардың құрылысы, шетелдік легионерлерге жалақы төлеу және осындай басқа бағыттар тапшылықты жабуға мүмкіндік берер еді. Қуанышқа орай, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүлдем мұндай бастамалардың жоқ екенін түсіндірді. Заңнамада өзгерістер енгізілмейді. Олардың айтуынша, бұл тек талқылауға ұсынылған пікір ғана, министрліктің алдағы уақытқа жоспары емес. Дегенмен, менің ойымша, бұл идеяның өзі конституциялық және әділдік принциптеріне қайшы келеді. Сондықтан әріптестерімнің қоғамда түсініспеушілік пен артық алаңдаушылықты болдырмау үшін мұндай терең мәселелер бойынша ойланып барып, сөйлеуін қалаймын", – деп қорытындылады депутат.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу